Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің заңнамасында есепке алу үшін ұсынылатын электрондық саудадағы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жалпы тәсілдерін бекітті.
Ұсыным ережелері Комиссия жүргізген Одақ елдері азаматтарының ауқымды сауалнамасының нәтижелеріне негізделген және осы саладағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау ерекшелігін айқындайтын негізгі факторларды ескере отырып әзірленген.
Құжатта тұтынушыға ұсынылуы тиіс тауарларды сатып алу мен қайтарудың бағасы мен шарттары туралы, сондай-ақ жосықсыз іс-әрекеттердің сипаттамалары және электрондық саудада тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілеу ерекшеліктері туралы мәліметтер тізбесі қамтылған.
Жалпы тәсілдердің ішінде электрондық саудада тұтынушы құқықтарын қорғау ЕАЭО елдерінде көзделген стационарлық саудадан кем емес деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс деген ереже бекітілді. Сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын сақтау электронды сауда алаңы мен тауарларды интернет арқылы сататын сатушының міндеті болып табылады. Тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілік интернет-дүкеннің қызметі бағдарланған тұтынушы елдің заңнамасына сәйкес белгіленуге тиіс. Электрондық сауда алаңдары интернет-дүкендердің тұтынушыларының құқықтарын сақтауы бойынша шаралар қабылдауы және олар мен тұтынушылар арасындағы дауларды шешуге жәрдемдесуі тиіс.
Сонымен қатар, құжатта электрондық саудадағы дауларды шешу бойынша ұсынылатын негізгі тәсілдер бар. Осылайша, тұтынушыға электрондық сауда арқылы сатып алынған тауарды бергенге дейін кез келген уақытта, ал тауарды бергеннен кейін он төрт күнтізбелік күннен кем емес мерзімде бас тарту мүмкіндігі берілуге тиіс. Тұтынушы төлеген ақша сомасын қайтару мерзімдері тұтынушы тиісті талап берген күннен бастап жеті күнтізбелік күннен аспауға тиіс. Интернет-дүкен тұтынушының шағымын ол ұсынылған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде қарауы керек.
Комиссияның ұсынымы 2025 жылға дейін Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың стратегиялық бағыттарын, сондай-ақ Одаққа мүше мемлекеттердің тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламаларын орындау мақсатында әзірленді және азаматтардың тұтыну құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттыруға және мүше мемлекеттердің осы саладағы заңнамасын жақындастыруға бағытталған.