Жаңалықтар

16.11.2023

ЕАЭО-да тамақ өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласы жетілдіріледі

Еуразиялық экономикалық одақта тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы реттеу мәселелері 14 қарашада халықаралық қатысумен XVIII Бүкілресейлік конгресс шеңберіндегі "Ресей халқының денсаулығын сақтау үшін нутрициология және диетология" секциялық отырысында талқыланды. Отырысты Еуразиялық экономикалық комиссия ұйымдастырды, ЕЭК Санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шаралар департаментінің директоры Наталья Жукова сессия модераторы болды.

"Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мәселесі жаһандық мәселелерге жатады және барлық деңгейде - ұлттық, өңірлік, халықаралық деңгейде қаралады, өйткені халықтың жақсы денсаулығының негізінде қауіпсіз әрі сапалы тамақтану жататыны белгілі. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі - тауар өндірушілер нарыққа қолжеткізе алатын және олардың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын аса маңызды факторлардың бірі, бұл, соның ішінде ЕАЭО елдерінің экономикалық дамуына ықпал етеді", - деп атап өтті Наталья Жукова.

Отырысқа қатысушылар ЕАЭО-дағы реттеу шеңберінде тамақ өнімдерінің санитариялық-гигиеналық қауіпсіздігінің, дұрыс тамақтанудың, тағамдық қоспаларды, хош иістендіргіштер мен технологиялық көмекші құралдарды регламенттеудің өзекті мәселелерін талқылады, мамандандырылған тамақ өнімдерін тіркеу тәжірибесімен бөлісті. Пікірсайыс ЕАЭО елдерінің мемлекеттік органдарының, ғылыми ұйымдарының және Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдерін біріктіріп, бұдан арғы бірлескен жұмысқа ынталандырды.

Наталья Жукованың сөзінше, ЕАЭО-ның барлық елі үшін тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тіршілікті қамтамасыз етудің жоғары стандарттарына кепілдік беру арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттырудың қажетті шарттарының бірі болып табылады.

"ЕАЭО-да тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы реттеу шаралары мен келісілген тәсілдемелер ғылымның дамуы, жаңа технологиялардың, жаңа заттар мен тамақ өнімдерінің пайда болуы халықтың өмірі мен денсаулығы үшін тәуекелді бағалау негізінде жаңа ғылыми-әдістемелік тәсілдемелерді қолдануды талап ететінін ескере отырып, перспективаға бағдарлануға тиіс", - деп атап көрсетті ол.