Еуразиялық экономикалық одақта өзара саудада жанама салықтар алу тәртібін жетілдірудің практикалық мәселелері, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің салық органдары арасында ақпарат алмасу мәселелері 17 қарашада ЕЭК штаб-пәтерінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Қаржы саясаты департаментінің директоры Арман Хачатрянның төрағалық етуімен Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитеттің отырысында қаралды. Отырысқа ЕАЭО салық саясаты мәселелеріне жетекшілік жасайтын уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары мен сарапшылары қатысты.
Консультативтік комитет мүшелері сондай-ақ ЕАЭО елдерінің өзара саудасына әсер ететін салық заңнамасының негізгі өзгерістеріне шолуды: салықтық әкімшілендіруді, ҚҚС-ты, акциздерді, жеке тұлғалардан табыс салығын алуды, ақпарат алмасуды, халықаралық салық салуды, электрондық сервистерді қоса, салықтық әкімшілендіруді цифрландыруды қарады.
Салық саласындағы халықаралық шарттар (келісімдер) мәртебесінің мониторингі шеңберінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қазірдің өзінде енгізілген немесе ратификациялауда тұрған өзгерістер қаралды. 2022 жылғы 31 наурызда қол қойылған және ратификациялауда тұрған "ІІ Үлкен Хаттамаға" өзгерістерге бөлекше назар аударылды.
Консультативтік комитеттің жауапты хатшысы, ЕЭК Қаржы саясаты департаментінің салық саясаты бөлімінің бастығы Нурматбек Мамбеталиев атап өткендей, отырысқа қатысушылар ЕАЭО-дағы электрондық саудаға салық салу мәселесіне айрықша назар аударды. Комиссия мен Одақ мемлекеттерінің уәкілетті органдары Хаттаманың тиісті жобасын (Жеке тұлғаларға өткізілетін тауарлардың электрондық саудасы кезінде жанама салықтар алу тәртібі бөлігінде ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы) келісу бойынша жұмысты жалғастырады. Бұл мәселені іске асыру барысы туралы Консультативтік комитеттің кезекті отырысында баяндау тапсырылды.
Отырысқа қатысушылар ақпараттық технологияларды қолдана отырып, салық органдары арасында ақпарат алмасуды жетілдіру мәселесін, сондай-ақ ЕАЭО кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру механизмі туралы келісімді іске асыру барысын қарады.
Темекі өнімдеріне қатысты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласында салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісім бойынша жақындастыру көзделген акциздер ставкаларының деңгейі талқыланды. Осы құжатқа сәйкес әрбір бес жыл сайын бірыңғай индикативтік ставка, сондай-ақ Одақ мемлекеттері белгілейтін акциздер ставкаларының одан ауытқуының жол берілетін диапазоны белгіленеді. Тараптар жүргізген консультациялардың қорытындысы бойынша ЕЭК Алқасының отырысында мәселені қарау үшін "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде 2029 жылға арналған темекі өнімдеріне акциздердің бірыңғай индикативтік ставкасын бекіту туралы" материалдар пакеті дайындалды.
Анықтама
Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитет ЕЭК Алқасының 2012 жылғы 15 наурыздағы № 13 шешімімен құрылды. Комитет төрағасы ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев болып табылады. Комитет Комиссияның салық саясаты, өзара саудада салық алу механизмін жетілдіру мәселелері жөніндегі консультативтік органы болып табылады.