Жаңалықтар

16.05.2022

ЕЭК Қырғызстан экономикасының қалпына келтіру кезеңіне көшкенін атап өтті

Бішкектегі консультацияларда Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Хатшылығының басшысы Владимир Зиновский, ЕЭК Статистика департаментінің директоры Азамат Оросбаев, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Статистика комитеті төрағасының орынбасары Андрей Косарев және Қырғыз Республикасы Ұлттық статистика комитетінің төрағасы Бактыбек Кудайбергенов Қырғыз Республикасының мемлекеттік бюджетіне салықтар түсімін және олардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне ықпалын бағалау, сондай-ақ 2008 жылғы Ұлттық шоттар жүйесін (2008-ҰШЖ) құру қағидаттарына сәйкес негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді есептеу мәселелерін талқылады.

Консультацияларға қатысушылар БҰҰ Статистикалық комиссиясы ұсынған 2008-ҰШЖ стандарттарын ендіру перспективаларын қарады. Бактыбек Кудайбергеновтің сөзінше, бұл жұмыс Қырғызстанда 2017 жылдың ортасынан бері жүргізіліп келеді, қазірдің өзінде әдіснамалық ережелер әзірленді және ЖІӨ көлеміне, өсу қарқыны мен құрылымына ықпал ететін көрсеткіштерді бағалау жүргізілді.   

Өз кезегінде Владимир Зиновский ұлттық шоттар жүйесін құру және ЖІӨ есептеулері жөніндегі жұмыс жалпыға бірдей қабылданған халықаралық әдіснамаларға сәйкес орындалып жатқанын және Қырғызстанның 2008-ҰШЖ-ға көшуі — айтарлықтай ресурстарды талап ететін ауқымды, ұзақ мерзімді жұмыс екенін атап өтті. Бұдан басқа, ұлттық шоттар жүйесін дамыту статистиканың басқа жүйелерін (Қырғыз Республикасының төлем балансы статистикасын, мемлекеттік қаржы статистикасын) келісілген түрде және өзара байланысты дамытуды жүзеге асырмай мүмкін болмайтыны атап өтілді.

Тараптар Қырғызстанның экономикасы пандемиялық 2020 жылғы елеулі экономикалық құлдыраудан кейін біртіндеп қалпына келу кезеңіне өтті, мұны макроэкономикалық деректер серпіні растайды деген тұжырымға келді. Бүгінгі таңдағы басымдық 2008-ҰШЖ қағидаттарына сәйкес ұлттық шоттар құруға көшуді аяқтау болып табылады.

Консультациялар қорытындысы бойынша оған қатысушылар Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті Төрағасының бірінші орынбасары Арзыбек Кожошевпен кездесті. ЕЭК және ТМД өкілдері Қырғыз Республикасы ұлттық шоттарының жақсы деңгейін, жүргізілетін есептеулер сапасын атап өтті, сондай-ақ одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстарды талқылады.

Анықтама

 2008-Ұлттық шоттар жүйесі (2008-ҰШЖ) — БҰҰ Статистикалық комиссиясы ұлттық шоттар үшін халықаралық статистикалық стандарт ретінде қабылдаған статистикалық база. Ол саясатты әзірлеу, талдау және ғылыми зерттеулер үшін пайдаланылатын макроэкономикалық шоттардың жан-жақты, жүйеленген және икемді кешенін қамтиды. 2008-ҰШЖ барлық мемлекеттердің пайдалануына арналған және экономикалық дамудың әртүрлі сатыларындағы елдердің қажеттіліктерін ескере отырып әзірленген.

ЕЭК Хаттама және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі