Жаңалықтар

21.03.2024

ЕЭК-те Наурыз мейрамы атап өтілді

Бүгін Еуразиялық экономикалық комиссияда адамзат тарихындағы ең байырғы мейрамдардың бірі – Наурыз мерекесі аталып өтті.

Бұл күні Еуразиялық экономикалық комиссияның департаменттері мен бөлімдерінің үйреншікті жұмыс ахуалын ұлттық әндер мен билер көркейтті.

Әдетте іскерлік кездесулер өткізілетін мерекелеу орнында киіз үй тігіліп тұрды, шығыстың әдемі кілемдері жайылып, Еуразия халықтарының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары көрсетілді. Мерекеге қатысушылардың көпшілігі сән-салтанатты ұлттық киімдер киіп жүрді.

Іс-шарада сондай-ақ тағамдардан дәм тату рәсімі өтті.

Комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев қонақтарға арнап: "Наурыз мерекесіне орай менің шын жүректен шыққан құттықтауымды қабыл алыңыздар. Бүгін біз теңдіктің, достықтың қағидаттарына, бес мемлекеттің экономикалық пайдасына негізделген интеграциялық бірлестікті бәріміз бірге құрудамыз. Біздің барлық бастамамыз әрдайым табысқа жеткізе берсін!" – деп тілек білдірді. 

2010 жылғы 23 ақпанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні ретінде таныды. ЮНЕСКО-ның 2009 жылғы 30 қыркүйектегі шешімімен бұл мереке адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне кіргізілді.

Мерекенің атауы әр елде әртүрлі – Нооруз, Наурыз, Новруз, Науруз, Ноуруз.