Жаңалықтар

12.12.2023

Май-тоңмай техникалық регламентіне өзгерістер енгізілді, соның ішінде тамақ өніміндегі глицидил эфирлерін нормалауда алғашқы қадам жасалды.

12 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысында Кеден одағының "Май-тоңмай өніміне арналған техникалық регламент" техникалық регламентіне өзгерістер қабылданды. Өзгерістерді Ресей тарапы - Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген.

Көрсетілген техникалық регламенттің тағамдық май-тоңмай өнімдерін айқындау, таңбалауға қойылатын талаптар, оны өндіру мен тасымалдау процестері бөлігіндегі жекелеген ережелері нақтыланды, сондай-ақ техникалық регламент нормаларын беймәнді түсіндіру жойылды. 

Атап айтқанда, тағамдық май-тоңмай өнімдерінің тасу (тасымалдау) процесі мен жағдайларына, соның ішінде май-тоңмай өнімдерін құйып тасуға арналған көлік құралдарын пайдалануға қойылатын талаптар көзделген. Тағамдық май-тоңмай өнімдерін көліктің судағы түрлерімен құю арқылы тасу кезінде рұқсат етілген және тыйым салынған бұдан бұрынғы жүктердің тізбелері белгіленген.

Сондай-ақ, өсімдік майларын судағы көлікпен тасымалдағаннан кейін оларды міндетті түрде қайта өңдеуге қойылатын талаптар анықталды, бұл тағамдық май-тоңмай өнімдерінің барлық түрінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Бұдан басқа, тағамдық май-тоңмай өнімдерінің қауіпсіздігін арттыру мақсатында "глицидолға қайта есептегендегі май қышқылдарының глицидил эфирлері" контаминанты құрамының рұқсат етілген деңгейін нормалау енгізіледі. Бұл мәселенің әлеуметтік маңызы зор, өйткені соңғы жылдары өсімдік майлары мен өнімдерінде май қышқылдарының глицидил эфирлерінің болуы және олардың денсаулыққа кері әсері туралы мәліметтер жинақталған. Бұл заттар технологиялық контаминант болып табылады және жоғары температурада өңдеу кезінде барлық өсімдік майында түзілуі мүмкін. Бұл ретте глицидил эфирлерінің түзілуін болдырмауға немесе олардың өсімдік майларындағы құрамын төмендетуге мүмкіндік беретін технологиялық шешімдер әзірленіп, ендірілуде.

Глицидолды, глицидил эфирлерінің гидролизатын Қатерлі ісіктерді зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік (IARC) ықтимал гендік-уытты канцероген ретінде сыныптаған (2А тобы). Оған сондай-ақ нейроуыттылық пен канцерогендік те тән, ал канцерогендердің қатерлі ісік тудыратыны белгілі.

Осы уақытқа дейін ЕАЭО мемлекеттерінің заңнамасында, сондай-ақ Одақтың техникалық регламенттерінде тамақ өніміндегі глицидил эфирлерінің құрамы бойынша міндетті талаптар белгіленген жоқ.

2019 жылы Бірыңғай санитариялық талаптар Еуропалық нормалау практикасымен үндестіру мақсатында май-тоңмай өнімдерінде және балалар тағамының жекелеген түрлерінде май қышқылдарының глицидил эфирлерінің құрамы жөніндегі нормалармен толықтырылды (Комиссия Алқасының 2019 жылғы 6 тамыздағы № 132 шешімі). Бұл нормалар Одақтың тамақ өнімдері саласындағы техникалық регламенттеріне тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін күшіне енеді.

ЕЭК Кеңесі қабылдаған өзгерістер тамақ өніміндегі глицидил эфирлерін нормалаудың алғашқы қадамы болып табылады.

Май-тоңмай өнімдеріне арналған техникалық регламентке өзгерістер ЕЭК Кеңесінің өзгерістер енгізу туралы шешімі ресми жарияланған күннен бастап бір жыл өткен соң күшіне енеді.

Анықтама

Кеден одағының "Май-тоңмай өніміне арналған техникалық регламент" техникалық регламенті (КО ТР 024/2011) КОК-тың 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 883 шешімімен қабылданды және 2013 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді.