Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Үкімет басшылары Электр энергиясының өзара саудасы қағидаларын, сондай-ақ Мемлекетаралық қималардың өткізу қабілетін айқындау және бөлу қағидаларын бекітті. Бұл ортақ электр нарығының сәтті жұмыс істеуі үшін Одақта қабылдануы керек төрт негізгі ереженің екеуі.
Осы құжаттарды қабылдау Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының жұмыс істеуі үшін құқықтық базаны қалыптастырудың кезекті кезеңін аяқтады. Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Қожошевтің айтуынша, осы қағидалар пакетін қабылдау осындай нарықты құру үшін маңызды қадам болып табылады. Қағидалар орталықтандырылған сауда операторлары мен тіркеушіні нарықтың жұмысын қамтамасыз ететін қажетті инфрақұрылымды құруға дайындауды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Комиссия мен Одақ елдері ортақ электр энергетикасы нарығы қызметінің қалған қағидаларын және оның тиісті жұмысын қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық актілерді дайындауды аяқтау бойынша әлі де көптеген іс-шаралар жүргізуі керек.
Анықтама
Электр энергиясымен өзара сауда жасау қағидалары қатысушылардың ортақ нарыққа қол жеткізу, қосылу туралы шарт жасасу тәртібі мен рәсімдерін, саудаға қатысушылардың болашақ нарық инфрақұрылымымен өзара іс-қимыл жасау тетіктерін көздейді. Бұдан басқа, қағидаларда сатып алу-сату шарттарын жасасу, тіркеу, есепке алу, бұзу тәртібі айқындалған, сауда жүзеге асырылатын мемлекетаралық қималардың тізбесі қамтылған.
Өткізу қабілетін айқындау және бөлу қағидаларында ортақ электр энергетикалық нарықтың қызметі үшін қажетті жағдайлар және оның қатысушыларының мемлекетаралық электр беру желілерінің өткізу қабілетін кемсітпей пайдалануы қамтамасыз етіледі. Қағидаларды қабылдау Одақтың жалпы нарығында жасалған мәмілелердің техникалық іске асырылмауына байланысты болуы мүмкін электр энергиясын сатушылар мен сатып алушылардың экономикалық тәуекелдерін азайту үшін қажет.