Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 1 қарашада Женевада Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) бас директоры Эми Поуппен жұмыс кездесуін өткізді.
Келіссөз барысында тараптар көші-қон саласындағы, атап айтқанда, Еуразиялық кеңістіктегі еңбек ресурстарының ағынын реттеу жөніндегі ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.
Бақытжан Сағынтаев осы жылы Комиссияның ХКҰ-ның этикалық жалдау саясаты мен стратегияларын әзірлеу жөніндегі Жаһандық желісінің жұмысына қосылғанын хабарлады.
"Еуразиялық өңірдің көші-қон тартымдылығы жоғары. Біз бірқатар өзекті бағыт бойынша Халықаралық көші-қон ұйымымен ынтымақтастыққа мүдделіміз", – деп атап өтті Алқа Төрағасы.
ЕЭК үшін біліктіліктің салғастырмалығына негізделген еңбекші мигранттардың кәсіби дағдыларын тану саласындағы халықаралық тәжірибе қызығушылық тудырады. Комиссия жыл сайын Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде неғұрлым сұранысты лауазымдар мен кәсіптердің тізбесін жасайды. Тізбеге кірістірілген кәсіптерге біліктілік талаптары қабылданады.
Эми Поуп аталған Тізбені зерделеуге қызығушылық білдіріп, жұмыспен қамту саласындағы болашақ өзара іс-қимыл үшін, атап айтқанда, арнайы бірлескен бағдарлама құру үшін ашылатын мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігін атап көрсетті.
ХКҰ-ның өңірлік және жаһандық жобалары шеңберінде, соның ішінде ЕАЭО елдерінде іске асырылатын ынтымақтастық та маңызды бағыт болып табылады.
"Еуразиялық экономикалық одақта еңбекші мигранттардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатына бағытталатын пилоттық жобаны әзірлеу және іске қосу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз", – деді Бақытжан Сағынтаев.
Жұмыс кездесуі барысында тараптар екі халықаралық ұйымның ынтымақтастығын тереңдетудің маңыздылығын атап өтіп, Еуразиялық экономикалық комиссия мен Халықаралық көші-қон ұйымы арасындағы 2013 жылғы Ынтымақтастық туралы меморандумды өзектілендіру туралы уағдаласты.
Келіссөз қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев пен Эми Поуп жұмыс бойынша байланысуды жалғастыруға және практикалық өзара іс-қимылды дамытуға келісті.