Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Армения Республикасына 3 тоннадан аспайтын көлемде және Беларусь Республикасына 6 мың тоннадан аспайтын көлемде әкелінетін кендір талшықтарынан немесе басқа да тоқыма тін талшықтарынан жасалған иірілген жіпке (ЕАЭО СЭҚ ТН 5307 10 000 0 және 5307 20 000 0 кодтары) қатысты кедендік әкелу бажынан босату түрінде тарифтік жеңілдік беру туралы шешім қабылдады.
Көрсетілген тарифтік жеңілдік уәкілетті орган берген растау болған кезде беріледі, оның қолданылу мерзімі 2026 жылғы 28 ақпанмен шектеледі. "Кедендік-тарифтік реттеудің тиісті шарасын енгізу, атап айтқанда, санкциялық қысым жағдайында кілем өндірушілердің тұрақты жұмысын қолдауға, сондай-ақ өнім шығарудың төмендеп кеткен көлемін қалпына келтіруге мүмкіндік береді", — деп атап өтті ЕЭК Кедендік-тарифтік реттеу және тарифтік емес реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян.
Ол мұндай шикізат өндірісі ЕАЭО аумағында жоқ екенін нақтылап айтты. Иірілген кендір жіпті негізгі экспорттаушы ел Бангладеш болып табылады.
Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.
Анықтама
Иірілген кендір жіп тропикалық кендір өсімдігінен алынған табиғи материалды білдіреді. Иірілген кендір жіптің беріктігі мен тозуға төзімділігі жоғары, сонымен қатар ылғал мен ультракүлгін сәулелердің әсеріне жақсы төзеді. Тоқыма өнеркәсібінде қап, кілем, арқан, таспа, сәндік орауыш және т. б. сияқты әртүрлі бұйымдарды өндіру үшін кеңінен қолданылады.
Қаралып отырған тауарларға қатысты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикасын қолдау шаралары шеңберінде 2022 жылғы 28 наурыздан бастап 2023 жылғы 31 наурызға дейін ЕАЭО БКТ-ның кедендік әкелу баждарының уақытша нөлдік ставкалары қолданылды.