27 қарашада Куала-Лумпурде ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Эльдар Алишеров пен Малайзияның Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігі бас хатшысының орынбасары Мастура Ахмад Мұстафа Еуразиялық экономикалық комиссия мен Малайзия Үкіметі ынтымақтастығының перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында ЕЭК министрі әріптестерді Еуразиялық экономикалық одақ дамуының өзекті аспектілері туралы, сондай-ақ үшінші елдермен және интеграциялық бірлестіктермен ынтымақтастық туралы хабардар етті.
"Оңтүстік Шығыс Азиядағы әріптестермен диалог – ЕАЭО халықаралық қызметі басымдықтарының бірі. Мұндай вектор Одақты стратегиялық жоспарлаудың негізгі құжаттарында бекітілген. Жыл сайын ЕАЭО-ның барлық елі үшін өңірдің сауда-экономикалық қатынастардағы рөлі артып келеді", – деп атап көрсетті Эльдар Алишеров.
ЕЭК министрі диалог құрудың алғашқы қадамы ретінде Мәскеуде ЕЭК, ЕАЭО елдері және Малайзия өкілдерінің қатысуымен бірлескен семинар ұйымдастыруды ұсынды. "Іс-шара аясында Малайзияның мемлекеттік органдарының өкілдері үшін Одақтың таныстырылымын өткізуге және өзара қызығушылық тудыратын бұдан арғы өзара іс-қимыл салаларын бірлесіп айқындауға дайынбыз", – деп атап өтті ЕЭК интеграция блогының басшысы.
Эльдар Алишеров ЕЭК пен Малайзия диалогын ЕАЭО-АСЕАН алаңында, соның ішінде 2025 жылы Малайзияның АСЕАН-ға төрағалығы шеңберінде тереңдетудің жоғары әлеуетін атап өтті.