Жаңалықтар

28.02.2023

ЕЭК пен ЭЫДҰ қазіргі заманғы жағдайлардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады

Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов пен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бәсекелестік комитетінің төрағасы Фредерик Женни ынтымақтастықтың түйінді мәселелері мен алдағы бағыттарын талқылады. Кездесу Парижде «Бәсекелестік бойынша ашық күн» шеңберінде болып өтті.

«Комиссия ЭЫДҰ-ның іс-шараларына — Будапешттегі ЭЫДҰ-ның өңірлік бәсекелестік орталығының семинарларына, «Бәсекелестік бойынша ашық күнге», «Жаһандық форумға» белсене қатысады. Мысал үшін, Мажар бәсекелестік орталығының семинарларына ЕЭК бәсекелестік блогының 50-ден астам қызметкері қатысты және енді алған білімдерін практикада қолдануда. Бұдан басқа, олар шетелдік әріптестерімен біздің тәжірибелерімізді бөлісті, мұның да маңызы кем емес», — деп атап өтті Бақыт Сұлтанов Бәсекелестік комитетінің төрағасымен әңгімелесу барысында.

Ол ЕЭК-тің Еуразиялық экономикалық одақтағы бәсекелестік саласындағы құқықтық реттеу мен саясатты сарапшылық шолу шеңберінде алынған ЭЫДҰ-ның ұсынымдарын қалай іске асыратыны туралы әңгімеледі. Шолуда халықаралық ұйымның сарапшылары ЕАЭО-ның заңнамалық базасы мен бәсекелестік саласындағы құқық қолдануды ізеуіртті талдаған.

«Өңірлік заңнаманы өзгерту — оңай міндет емес. Барлық Еуразиялық «бестік» елдерінің мақұлдауы алынуы қажет. Бұл орайда ЭЫДҰ сияқты беделді ұйымның тәжірибесі біз үшін сүйеніш болып табылады», — деді ЕЭК министрі.

Тараптар бәсекелестік бойынша ынтымақтастықты басқа алаңдарда да жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, кездесу қорытындысы бойынша ЭЫДҰ тарапының Комиссияға Халықаралық бәсекелестік желісі (ICN) алаңында жәрдем көрсетуі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

 Анықтама

«Бәсекелестік бойынша ашық күн» — ЭЫДҰ іс-шарасы, ол 2019 жылдан бастап бейінді әлемдік сарапшылық қоғамдастықты тұрақты жинап келеді.