Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 25 қыркүйекте Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асырудың бірінші жылы ішінде қол жеткізілген жұмыс нәтижелерін мақұлдады.
"Бағдарлама - бұл ЕАЭО-ның осы салада келісілген саясат жүргізу бойынша елдердің кешенді жұмысын ұйымдастыруға бағытталған алғашқы құжаты. Бағдарламаны орындау жөніндегі жұмысқа Одақтың барлық елдері бірдей тартылған. Олардың бірлескен күш-жігері ЕАЭО ішкі нарығының орнықтылығын сақтау мақсатында тұтынушының игілігі мен қауіпсіздігін қолдауға бағытталған",- деп атап өтті ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы 2022 жылғы маусымда қабылданды және 2025 жылға дейін қолданылады. Бағдарлама іс-шараларын іске асыруға мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен іскер топтар қатысады.
Бағдарлама шеңберінде мүше мемлекеттердің бірлескен жұмысының түйінді бағыттары тұтынушылардың мүдделерін есепке алу механизмін қалыптастыру үшін ұйымдастырушылық негіз құру, елдердің осы саладағы жалпы тәсілдемелерін әзірлеу, уәкілетті органдар арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды дамыту, азаматтарды оқу-ағартуға, ұтымды және орнықты тұтыну дағдыларын қалыптастыруға бағытталған бірлескен іс-шаралар жүргізу, сондай-ақ тұтынушылардың қатысуымен трансшекаралық дауларды реттеу механизмдерін құру болып табылады.
Осы мәселе бойынша Комиссия дайындаған баяндамада Одақтағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ағымдағы жағдаят, мемлекеттердің бірлескен жұмысының нәтижелері және Бағдарламаның жекелеген іс-шараларын орындау бойынша ұсыныстар туралы ақпарат берілген.