Жаңалықтар

22.02.2024

ЕЭК ЕАЭО бизнесінің проблемалық мәселелерін тұрақты бақылауға алады

22 ақпанда Астанада «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының алаңында ЕЭК экономика және қаржы саясаты министрі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен Еуразиялық экономикалық комиссия делегациясы қазақстандық бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті.

«Іскер топтардың өкілдерімен, әсіресе тікелей көшпелі форматта кездесулер өткізу Комиссияның бизнеспен өзара іс-әрекетінің өте тиімді нысаны болып табылады және тікелей диалог жүргізу барысында ұсыныстармен бөлісуге және кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.

ЕЭК министрі кәсіпкерлердің проблемаларын шешуге және олардың еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерге тартылу деңгейін арттыруға бағытталған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа енгізілген өзгертулер туралы айтты.

ЕЭК Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры Ернар Бакенов алдыңғы кездесулерде Қазақстанның іскер топтарының өкілдері айтқан проблемалық мәселелерді шешудің барысы мен нәтижелері туралы ақпаратты ұсынды. Комиссия өкілі медициналық бұйымдардың айналымын реттеу, техникалық реттеу, ішкі нарықтардың жұмыс істеуі, өзара тауарларды сату кезіндегі салық салу салаларындағы мәселелерді шешу бойынша қол жеткізілген прогресс туралы айтып берді.

ЕЭК өкілдері кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді және олар айтқан мәселелерді пысықтауға қабылдады, оған Комиссияның салалық департаменттері тартылатын болады.

Кездесу қорытындысы бойынша ұлттықтан жоғары органның тұрақты бейнеконференциялар өткізе отырып, бизнес-қоғамдастық өкілдерінің өзекті мәселелері мен проблемаларына тұрақты мониторинг пен бақылауды жүргізуі туралы келісілді.