Жаңалықтар

30.04.2021

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2021 жылғы 29-30 сәуірде өткен отырысының қорытындылары

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үкімет басшылары 29-30 сәуірде Қазанда (Татарстан Республикасы) көзбе көз форматта өткен Үкіметаралық кеңес отырысында 12 мәселені қарады.

·         Үкіметаралық кеңес 2025 жылға дейінгі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын бекітті.

·         ЕАЭО елдері үкіметтерінің басшыларына Жерді қашықтан зондтау деректерінің негізінде ғарыштық және геоақпараттық өнімдер беру саласында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің жаһандық кооперациялық жобасының бірінші кезеңдерін іске асыру туралы баяндама ұсынылды.

·         Еуразиялық үкіметаралық кеңес Беларусь Республикасының ЕАЭО ішкі нарығындағы тосқауылды жою мерзімін 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты. Сөз елдің бөлшек сауда дүкендеріндегі белорус тауарларының міндетті ассортименті туралы талап жайында болып отыр.

·         ЕАЭО елдері үкіметтерінің басшылары Одақ аумағы бойынша үш өсімдік ауруының: томат жемісінің қоңырланып қатпарлануының, пепино мозаикасының және томаттың теңбілденіп солуының еніп кетуінің және таралуының жолын кесу жөнінде үйлестірілген шаралар қолдануға уағдаласты.

·         Еуразиялық үкіметаралық кеңес сериялық өнімнің шыққан жері туралы сертификатты қолдану мерзімін қоса алғанда 2022 жылғы 1 тамызға дейінгі аралыққа ұзартты.

·         ЕАЭО органдарының бұдан бұрын қабылданған актілерін ескере отырып, Комиссияға Одақ елдерінің үкіметтерімен бірлесіп, сыртқы және өзара электрондық сауданы дамыту жөніндегі кешенді ұсыныстарды 2021 жылғы 4-тоқсанда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына енгізу тапсырылды.

·         Экспорттық реттеу шараларын қолдану мәселесін талқылау қорытындысы бойынша тараптар ЕЭК Кеңесінің қатысуымен үкіметтер тауарларды әкету кезінде белгіленетін біржақты тарифтік емес шараларды, сондай-ақ кедендік әкету баждарын жақындастыру жөнінде консультациялар өткізеді және ұлттық деңгейде, соның ішінде экспорттық реттеу шараларын айналып өтуге жол бермеу және ЕАЭО бірыңғай нарығының тиімді жұмыс істеуі мақсатында қажетті шешімдерді келісілген қабылдау туралы мәселені қарайды деп уағдаласты.

·         Одақ елдері үкіметтерінің басшылары мұндай шаралардың экономикаға, өнеркәсіптік кооперацияға және саудаға әсеріне қатысты үшінші елдер тарапынан мүше мемлекеттерге санкциялық қысым жасау мәселесін талқылады. Жағдаятты талдау жалғастырылатын болады, Үшінші елдердің экономикалық қысым шараларымен көрсетілетін теріс әсер анықталған жағдайда ЕҮК хабардар етілетін болады.

·         Тараптар ЕАЭО-ның және үшінші елдердің өндірушілері үшін Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы техникасын және жабдықтарды сатып алу бағдарламасына қатысудың тең жағдайларын қамтамасыз ету мәселесін талқылады. Сөз Одақта және үшінші елдерде өндірілетін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтар үшін бірыңғай құндық лимиттер белгілеу туралы болып отыр.

·         ЕАЭО елдері үкіметтерінің басшылары Қырғыз Республикасынан ЕЭК Алқасы жаңа мүшелерінің – Олег Михайлович Панкратовтың орнына ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі лауазымына Максат Суйуналиевич Мамыткановтың және Эмиль Абдыкалыевич Кайкиевтің орнына ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі лауазымына Темирбек Ишенбаевич Асанбековтың кандидатураларын қолдады. Олардың кандидатуралары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске таныстыруға ұсынылатын болады.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы биылғы жылғы 19-20 тамызда Чолпон-Ата қаласында (Қырғыз Республикасы) болады.

Отырысқа ЕҮК Төрағасы, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин, Армения Республикасы Премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Улукбек Марипов, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович, сондай-ақ Куба Республикасының Премьер-министрі Мануэль Марреро Крус, Молдова Республикасы Премьер-министрінің міндетін атқарушы Аурелиу Чокой, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Тәжікстан Республикасының Премьер-министрі Кохир Расулзода, Туркменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Сердар Бердымухамедов, ТМД Атқарушы комитеті төрағасының — Атқарушы хатшысының орынбасары Денис Трефилов, Еуразиялық даму банкі басқармасының төрағасы Николай Подгузов қатысты.