Жаңалықтар

19.08.2022

ЕЭК Кеңесінің 2022 жылғы 19 тамыздағы отырысының қорытындылары

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 19 тамыздағы отырысында медициналық бұйымдар айналысы саласында инспекциялайтын ұйым болуы мүмкін субъектілер тобын нақтылады, Фармацевтикалық инспекцияларды жүргізу қағидаларының жаңа редакциясын қабылдады.

ЕЭК Кеңесі кедендік әкелу төлемдерін төлеу мерзімін кейінге қалдыруды ұсыну үшін қосымша негізді қолдануды ұзартты.

Құқық қолдану практикасының нәтижелері бойынша ЕЭК Кеңесі Кеңестің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы «Жеке пайдалануға арналған тауарларға байланысты жекелеген мәселелер туралы» № 107 шешіміне түзетулерді қабылдады.

ЕЭК Кеңесі мүше мемлекеттердің ұсыныстары негізінде Бірыңғай нысан бойынша сәйкестік сертификаттарын және сәйкестік туралы декларацияларды бере отырып, сәйкестікті міндетті растауға жататын өнімдердің бірыңғай тізбесін өзектілендірді.

ЕЭК Кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасының ұсынысы бойынша шетелдік дайындаушының кез келген ресми өкіліне ЕАЭО-дағы автомобильдерді сертификаттау кезінде, сондай-ақ сәйкестікті бағалау туралы құжатты қолдану немесе оның қолданысын ұзарту кезінде өтініш беруші болуына мүмкіндік беретін шешім қабылдады.

ЕЭК Кеңесі 2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттама жобасын мақұлдады. Хаттама жобасы хаттамаға қол қою үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді өткізу мақсатында ЕАЭО мемлекеттеріне жіберілді.

ЕЭК Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында уақытша болуының және пайдаланылуының шекті мерзімі 2022 жылғы 21 ақпаннан бастап 31 желтоқсанға дейінгі аралықта өтетін тауарлардың жекелеген санаттарын уақытша әкелудің (рұқсат етудің) кедендік рәсімінің қолданысын 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты.

ЕЭК Кеңесінің келесі отырысы 23 қыркүйекте Мәскеуде көзбе-көз форматта өтеді.