Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің аумағында халықаралық роумингте ұялы байланыс қызметтеріне әділ тарифтерді пайдалану қағидаларын 2024 жылдың соңына дейін бекіту жоспарлануда. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және байланыс саласындағы тосқауылдарды жою мәселелері жөніндегі жұмыс тобының 28 наурызда өткен отырысында айтылды, ол ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдары мен ұялы байланыс операторларының қатысуымен бейнеконференция форматында өтті.
Кеңеске қатысушылар Комиссия әзірлеген қағидалардың жобасын талқылады. ЕЭК Монополияға қарсы реттеу департаментінің директоры Алексей Сушкевич атап көрсеткендей, әділ деп үйдегі тарифке жақындатылған тариф ұғынылады.
Қазіргі сәтте роуминг трафигін есептеуге қатысты бірнеше айырық қалып отыр. Бәрінен бұрын, мұндай трафиктің көлемін немесе әділ тарифтер қолданылатын кезеңді белгілеу қажет. Бұдан басқа, мобильді операторларда жеңілдетілген тарифті реттеудің әртүрлі техникалық мүмкіндігі бар екенін ескеру қажет.
Техникалық мәселелер келісілгеннен кейін тараптар роуминг қоңыраулары мен оператораралық роуминг тарифтері үшін халықаралық интерконнект ставкаларын төмендету деңгейін бекітеді деп жоспарлануда.
"Біз ЕАЭО мемлекеттерінің азаматтары Одақтың кез келген елінде үй тарифтері бойынша байланысты пайдалануы үшін осындай жағдайлар жасауға тырысамыз. Компанияның үй тарифтерінің деңгейі ұялы байланыс операторлары мен тұтынушылар мүддесінің теңгерімін ескере отырып, дербес анықталады", – деп Алексей Сушкевич отырыс қорытындысы бойынша атап өтті.
Анықтама
2021 жылы Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі ЕАЭО мемлекеттерінің аумағында халықаралық роумингте ұялы байланыс қызметтеріне әділ тарифтерді белгілеу үшін қажетті жағдайларды қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. 2025 жылдың бірінші тоқсанына қарай барлық іс-шараны іске асыру көзделді.
Жоспарға алаяқтыққа қарсы күрес, халықаралық роуминг трафигін өткізу кезінде байланыс операторларының тікелей өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, роумингте әділ тарифтер бойынша көрсетілетін байланыс қызметтерінің ең жоғары көлемін (кезеңін) айқындау жөніндегі шаралар кешені және басқалар кірістірілген.