Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 2023 жылғы 25 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран Ислам Республикасы арасындағы Еркін сауда туралы келісімді іске асыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті. Оның ішінде құжатта тараптардың іскерлік қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету көзделген.
«Атап айтқанда, Иранның кезекті Еуразиялық экономикалық форумға серіктес ретінде қатысу мәселесі пысықталатын болады. Кездесу аясында «ЕАЭО – Иран» бизнес – диалогын ұйымдастыру және өткізу көзделіп отыр», — деді ЕЭК сауда министрі Андрей Слепнев.
Тараптардың бизнес-диалог платформасын құру мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың Іскерлік кеңесі мен Сауда, өнеркәсіп, тау-кен ісі және ауыл шаруашылығы жөніндегі Иран палатасы арасындағы қолданыстағы 2019 жылғы 25 қыркүйектегі ынтымақтастық туралы меморандумға өзгертулер енгізу немесе жаңа меморандум жасасу жоспарлануда. Осы платформа аясындағы іс-шаралар көлік саласындағы ынтымақтастық, мультимодальды тасымалдарды дамыту, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер саласындағы бірлескен жобалар, кәсіпорындар арасында кооперациялық байланыстар орнату, отын-энергетикалық кешен жобалары, сондай-ақ энергия тиімділігі, энергия үнемдеу және жаңартылатын энергия көздері, білім беру, медицина, телекоммуникациялар сияқты салалық өзара іс-қимыл бағыттарын ескере отырып жүргізілетін болады.
Іскерлік қоғамдастықтардан келіп түсетін ұсыныстарды Келісімді қолдануға және ЕАЭО мен Иран арасындағы сауда қатынастарын одан әрі дамытуға байланысты мәселелерді талқылау үшін құрылатын орган – Бірлескен комитет пысықтайтын және қарайтын болады.
Қосымша тараптар бизнес-форумдар, көрмелер, бизнес-миссиялар және т. б. өткізуді қамтитын саудаға жәрдемдесу жөніндегі ұйымдардың бірлескен іс-шаралар жоспарын дайындайды.