Жаңалықтар

04.07.2023

ЕАЭО елдерінің өндірушілерін мемлекеттік сатып алуларға қатыстыру мүмкіндіктері кеңейтілді


Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 4 шілдеде Мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін жекелеген тауарлардың шығарылған елін айқындау (ТШЕ) қағидаларының № 1 қосымшасының жаңа тауар позицияларына арналған өндіру талаптарын айқындады.

Комиссия ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдарымен және бизнес өкілдерімен бірлесіп бес тауар позициясы бойынша өндіріс талаптарын келісті. Олардың ішінде - «Станок жасау» саласынан өлшеу аспаптарының екі түрі және «Энергетикалық машина жасау, электротехника және кабель өнеркәсібі» саласынан оқшаулағыштардың үш түрі.

ЕЭК бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, жаңа тауар позициялары бойынша өндіріс талаптарын келісу Одақ елдері өндірушілерінің мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді, өндірушілер арасында жаңа кооперациялық тізбектер құруды қамтамасыз етеді.

«Бүгін қабылданған шешімді ескере отырып, ТШЕ қағидаларының № 1 қосымшасына 455 тауар позициясы бойынша өндіріс талаптары енгізілген. Жаңа талаптарды келісу бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі. ТШЕ ережелеріне сәйкес өндірілген тауарлардың көбі мемлекеттік сатып алуларға кедергісіз қол жеткізе алады», - деп атап өтті ЕЭК министрі.

Сондай-ақ Ережеге оларды ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасына сәйкес келтіру мақсатында «Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі» саласының жекелеген тауар позицияларының атауларына техникалық түзетулер енгізілді.

Бұдан басқа, ЕЭК Кеңесі Беларусьтің «Талшықты-оптикалық кабельдер» тауар позициясы бойынша өндіріс ережелеріне бұрын енгізілген талаптарды түзету туралы ұсынысты қолдады, бұл өндірушілерге өндірістің технологиялық процесінде бар операцияларды ғана орындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, вице-премьерлер Еуразиялық тізілімге енгізу үшін жүк автомобильдерінің номенклатурасын кеңейтетін «жүк автомобильдері» позициясына ЕАЭО СЭҚ ТН қосымша кодын қосуға келісті.