Еуразиялық экономикалық комиссияның Бейінді консультативтік комитетінің отырысында 2024 жылы басымдықты болатын, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асыруға байланысты жұмыс бағыттары айқындалды. Одақ елдеріне арналған тиісті ұсыным алдағы жылдың бірінші тоқсанында Комиссия Алқасының отырысында ұсынылады.
Аталған Бағдарламаға сәйкес 2024 жылдың тақырыбы: "Тұтынушы мен кәсіпкер: даму жолындағы сенім" болады.
Консультативтік комитет төрағасы - ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко: "Одақ тұтынушыларының құқықтарын қорғау саласындағы мемлекетаралық бағдарлама елдердің бірлескен жұмысын жүйелі жоспарлық деңгейге шығарды. Мұндай жұмыстың нәтижелері биліктің, қоғамның және бизнес мүдделерінің үйлесімді теңгеріміне негізделген Еуразиялық "бестік" елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қолайлы жағдайларды үдемелі қалыптастыруға негіз болады", – деп атап өтті.
ЕЭК министрі Виктор Назаренко мүше мемлекеттер деңгейінде тұтынушы мен кәсіпкердің өзара іс-қимылы проблемаларын ашық әрі жан-жақты талқылау Одақтың айқын да әділ тұтыну нарығын дамытуға бағытталған тиімді Одақтық шешімдерді әзірлеу үшін іргетас қалайтынын атап өтті.
Отырысқа қатысушылар Комиссия дайындаған шолуда ұсынылған ЕАЭО-дағы қоғамдық тұтынушылар ұйымдарының қызметін құқықтық реттеу мәселенамасын қарады.
Консультативтік комитеттің Беларусь Республикасындағы мүшелерінің бастамасы бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің қызметін қолдау мақсатында дайындалған ЕЭК Алқасы ұсынымының жобасы мақұлданды.
Қаржылық және заңгерлік кеңес беру, сондай-ақ сатудан кейінгі қызмет көрсету және техникалық күрделі тауарларды жөндеу қызметтерін көрсету кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша алға қойылған міндеттерді шешуге және Одақ елдері тұтынушыларының құқықтарын қорғау саласында келісілген саясатты іске асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған бұдан арғы жұмыстың жоспары белгіленді.
Анықтама
Жыл тақырыбы ЕАЭО елдерінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасына сәйкес жыл сайын айқындалады. 2023 жылы елдердің бірлескен жұмысы "Сауатты тұтынушы – жауапты бизнес" ұранымен жүргізілуде.