Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 14 қарашадағы отырысында Еуразиялық экономикалық одақта жасыл экономика қағидаттарын ендіру тұжырымдамасы туралы ұсынымды қабылдады.
ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев атап көрсеткендей, құжат 2025-Стратегиясының 8.3.7-тармағын іске асыру мақсатында әзірленген.
Құжатта ЕАЭО-дағы жасыл экономиканың төрт қағидаты айқындалған, олар: жасыл жобаларды іске асыру кезіндегі транспаренттілік және кооперациялық тартымдылық, мүше мемлекеттер арасындағы климаттық реттеудің ұлттық жүйелерінің тәжірибесі және атқарымды практикасымен алмасу, экономикалық тиімділік, экономикалық өсу мен қоршаған ортаға антропогендік әсер ету арасындағы алшақтықты ұлғайту.
"Дайындалған тұжырымдамада алғаш рет ЕАЭО деңгейінде жобаларды жасылға жатқызудың халықаралық танылған критерийлерінің жиымы айқындалды. Бұл критерийлерді пайдалану Одақтың әрбір мемлекетіне бір жағынан экология мен климатты қорғау, екінші жағынан орнықты әлеуметтік-экономикалық дамудың ұлттық мақсаттарына қол жеткізу арасындағы қажетті теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті Сергей Глазьев.Жалпыеуразиялық тәсілдемелерді жасыл экономиканы дамытуға қолдану экологиялық реттеудің ұлттық жүйелерін өзара тануға және ЕАЭО мемлекеттері арасында ғана емес, Одақтың осы қағидаттарды қолдайтын сыртқы әріптестерімен де климаттық тосқауылдарды қолданбауға жағдай жасайды.
"Жасыл трансформацияға орайлас келісілген тәсілдемелер маңызды, бірақ сонымен бірге алдағы жұмыстың бірінші кезеңі ғана", - деп қорытындылады Сергей Глазьев.ЕАЭО елдеріне жасыл экономикаға көшу жөніндегі шараларды әзірлеу кезінде тұжырымдаманы назарға алу ұсынылды. Құжат ЕЭК сайтында жарияланды.