Жаңылыктар

26.11.2021

Арман Шаққалиев: «ЕЭК-тің түйінді міндеті — бизнеспен сенімді диалог құру»

26 қарашада Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Арман Шаққалиев Мәскеуде Еуропалық бизнес өкілдерімен кездесті. Қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі трансшекаралық реттеу, трансшекаралық интернет-сауда мәселелерін талқылады. Бұдан өзге, бизнесті нарықты аумақтық белгілері бойынша бөлу критерийлері, қатарлас импорт пен контрафакті, сондай-ақ жекелеген тауарларды мемлекеттік реттеу және басқа мәселелер қызықтырды. Кездесуді Еуропалық бизнес қауымдастығы ұйымдастырды.

Арман Шаққалиев өз сөзінде ЕЭК үшін бизнес ортамен өзара іс-қимыл жұмыстың стратегиялық бағыттарының бірі болып табылатынын, мұның мақсаты — ЕАЭО нарықтарында адал бәсекелестікті дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау екенін атап өтті.

«Ұлтүсті монополияға қарсы орган ретінде біздің блоктың міндеті, бір жағынан, бәсекелестікті дамыту, екінші жағынан — адал ойыншыларды басқалардың бәсекелестікке қарсы тәртібінен қорғау. Бизнеспен тығыз өзара іс-қимыл бізге тыныс-тіршілікті сезіп отыруға және іскер қоғамдастық үшін өзекті мәселелер мен проблемаларға уақытында ден қоюға көмектеседі», — деп атап өтті министр.

Арман Шаққалиев өз баяндамасында Комиссияның бәсекелестік блогының мемлекеттік сатып алу саласын цифрландыру үшін жүргізетін жұмысына айрықша назар аударды. Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін электрондық форматта жүргізу нәтижелері бойынша үнемділік тауардың бастапқы бағасының шамамен 10–15%-ын құрайды.

Кездесу қорытындысы бойынша ЕЭК бәсекелестік блогы мен ЕБҚ-ның бұдан да тығыз ынтымақтастығы туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.