Жаңылыктар

28.09.2021

Михаил Мясникович: «Ғылыми-техникалық ынтымақтастық экономикалық дамудың және біздің елдеріміздің азаматтарының өмір сапасын арттырудың локомотиві болады»

Еуразиялық экономикалық комиссия Одақтағы да, одан тыс жерлердегі де ғылыми қоғамдастықпен өзара іс-қимылға көп көңіл бөледі. ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович 27-29 қыркүйекте Минскіде өтетін «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына 30 жыл: қорытындылар, перспективалар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының қатысушылары мен ұйымдастырушыларына арнаған бейнеүндеуінде осылай деп мәлімдеді.

«Ғылыми-техникалық салада ТМД Атқарушы комитетімен тиімді өзара іс-қимыл жолға қойылған. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инновациялық ынтымақтастығының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекетаралық бағдарламасында және өткен жылғы желтоқсанда мемлекет басшылары бекіткен Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарында көзделген іс-шараларды үндестіру жұмысы жүргізілуде»,- деді Михаил Мясникович.

ЕЭК Алқасы Төрағасының пікірінше, 2025-Стратегиялары интеграцияны тереңдетудің қағидатты түрдегі жаңа қадамы. Онда ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті ынталандырудың шаралары мен механизмдерінің тұтас кешені айрықша орын алады.

«Перспективалы ғылыми әзірлемелер мен жобалар - біздің экономикамыздың техникалық қайта жарақтануының, инновациялық белсенділікті арттырудың драйвері, Еуразиялық экономикалық одақта және ТМД-да сауда ынтымақтастығынан инвестициялық қызметке қарай сапалы ауысудың базасы болуға тиіс»,- деп сенім білдірді Михаил Мясникович.

Оның сөзінше, Комиссия ғылыми жетістіктерді практикалық қызметке ендіру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға ұмтылады. ЕЭК Алқасы Төрағасының жанында Ғылыми-техникалық кеңес жұмыс істейді, ол Еуразиялық экономикалық интеграция мәселелерінің кең тобын ғылыми және сарапшылық тұрғысында талқылауға арналған ашық пікірсайыс алаңы ретінде құрылған.

«Бүгінде ЕАЭО-ны дамытудың күн тәртібінде өзекті мәселелер тұр, оларды шешуге ЕАЭО мен ТМД елдерінің ғылыми қоғамдастығы елеулі үлес қоса алады. Бұл коронавирус инфекциясы пандемиясының салдарын еңсеру, климаттық күн тәртібін қалыптастыру, азық-түлік қауіпсіздігі, цифрландыру және басқа салаларға қатысты. Біздің бірлескен жұмысымызға сіздер де қатысады деп санаймыз. Ғылыми-техникалық ынтымақтастық экономикалық дамудың және біздің елдеріміздің азаматтарының өмір сапасын арттырудың локомотиві болатынына сенімдімін»,- деп түйіндеген Михаил Мясникович конференцияға қатысушыларға өнімді жұмыс, толымды пікірсайыстар және жарқын ғылыми жаңалықтар ашуды тіледі.

 

Анықтама:

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес 27-29 қыркүйекте Минскіде «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына 30 жыл: қорытындылар, перспективалар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді.

Іс-шараға ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің, мемлекеттік басқару органдарының өкілдері, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Достастықтың жарғылық және басқа органдары жанындағы тұрақты өкілетті өкілдері, ТМД Атқарушы комитетінің басшылығы мен лауазымды адамдары, ТМД салалық ынтымақтастық органдарының және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің базалық ұйымдарының басшылары (өкілдері), Достастық елдері ғылым академияларының басшылары мен көрнекті ғалымдары қатысады.

Конференцияның мақсаты болып ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көп қырлы ынтымақтастығын одан әрі дамыту, өткен 30 жыл ішіндегі ТМД қызметін ғылыми бағалау, Достастықты оңтайлы жаңғырту жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау, оның шеңберінде өзара іс-қимылды ұлғайту, ғылыми-техникалық салада жаңа бірлескен зерттеулерді бастамалау, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инновациялық саясатты дамыту жөніндегі ұсыныстарын тұжырымдау, қазіргі заманғы іргелі ғылымды дамытудың жай-күйі мен перспективаларын талдау, ТМД елдері жастары арасында ғылым мен ғылыми қызметті танымал ету, қоғамның әртүрлі саласына ғылыми білімдерді ендірудің өзектілігі мен қажеттілігін көрсету, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кәсіби қоғамдастығында ғалымдар мен жас мамандардың халықаралық ұтқырлығы жүйесін қалыптастыру айқындалған.

Конференцияның негізгі ұйымдастырушысы - Беларусь Ұлттық ғылым академиясы (ҰҒА), әріптестері – ТМД Атқарушы комитеті, Беларусь Республикасының басқа да ғылыми ұйымдары мен ЖОО болды.