Михаил Мясниковичтің сөзінше, ЕАЭО экономикасы теңдесі жоқ санкциялық қысым жағдайында жұмыс істеуде. Осынау жағдаятта ұлттық компаниялар мен ЕАЭО елдерінің мемлекеттік органдары арасында жаңа экономикалық қатынастар қажет.
"Импорт алмастыру мен өнеркәсіптік кооперацияның бұдан да жетілген жүйесі керек. Оның тірегі индустрияландыру картасы болуы мүмкін. Бүгінде ол 273 млрд АҚШ доллары сомасындағы 158 жобаны кірістіреді. Бірінші кезектегі жобалар мен бағдарламаларды айқындау қажет. Кооперациялық құрамдасы, ұлттық құзыреттердің тиісті деңгейі бар бизнес-жобалар басымдықты болуға тиіс",- деді Михаил Мясникович.
"Жоғары экономика мектебі" ҒЗУ проректоры, Мемлекеттік және муниципалдық басқару институтының директоры Андрей Жулин ЕАЭО құқығы шеңберінде Еуразиялық компаниялар құру перспективалары туралы зерттеуді ұсынды. Бұдан бұрын Үкіметаралық кеңес отырысында ЕАЭО Үкіметтерінің басшылары осы мәселені пысықтауды тапсырды.
"Еуразиялық команияларды құрудың негізгі мақсаты - өңдеуші өнеркәсіп салаларында ЕАЭО мемлекеттері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны қолдау. Дұрысында, іс компаниялардың құқықтық мәртебесінде және олар алатын басты нәтиже – кооперациялық жобалар шеңберінде реттеушілік кемсітушілік пен шығындарды жою", - деп атап көрсетті Андрей Жулин.
Шығындарды азайтуды тауарлардың, қызметтер көрсетудің, капитал мен жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігін ЕАЭО-дағы базалық құқықтық режиммен салыстыру бойынша одан әрі кеңейту есебінен қамтамасыз ету бағамдалады. Бұл ретте компанияның трансшекаралық орын ауыстыру мүмкіндігі және тиісінше оның активтері мен өндіріс факторларының орын ауыстыруының бұдан да ырықты режимі, ырықты корпоративтік реттеу, салықтық шектеулерді алып тастау сияқты құралдарды пайдалану ұсынылады.
Кеңеске қатысушылар осы бағыттағы бұдан арғы жұмыс жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының президенті, ЕАЭО Іскерлік кеңесі төралқасының мүшесі Александр Шохин қызметтің салалары мен түрлерін айқындау қажеттігіне назар аударды.
"Сөз компаниялар құру туралы емес, қазірдің өзінде жұмыс істейтін ұлтүсті компанияларына мәртебе беру туралы болуға тиіс",- деп атап өтті Александр Шохин.
ЕЭК Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Николай Кушнарев кеңеске қатысушыларды ЕАЭО-дағы өнеркәсіптік кооперациялық жобаларды қаржыландыру механизмдерін пысықтау туралы хабардар етті.
"Бұл мәселенің бастамашысы өнеркәсіптік кооперация үшін құралдардың құнын төмендету бөлігіндегі жұмысқа мүдделі бизнес болып табылады. Кредиттер бойынша пайыздық ставканы субсидиялауды пайдалану ұсынылады, бұл өнеркәсіпті қолдаудың жалпы әлемдік практикасы болып табылады",- деп атап өтті Николай Кушнарев.
Михаил Мясниковичтің сөзінше, ЕЭК Кеңесі Комиссияның қаржыландыру механизмдері жөніндегі бастамасын қолдады. Ұсыныстарды практикалық іске асыру Комиссияға тиісті өкілеттіктер беруді, сондай-ақ механизмдер мен құралдарды сипаттау бөлігінде қосымша нормативтік актілер әзірлеуді талап етеді.
Консультативтік кеңеске қатысушылар логистикалық тізбектерді қалпына келтірудің перспективаларын талқылады. Кедендік транзиттің бірыңғай жүйесі бұған ықпал ететін болады.
"Комиссия бұл бағытта белсенді жұмыс істеуде. Кедендік транзиттің бірыңғай жүйесі туралы келісімнің жобасы «5+» моделі бойынша дайындалуда. Одан әрі бұл біз Самарқандтағы саммитте ШЫҰ Бас хатшысымен талқылаған көлік-логистика мегажобасының үш компонентінің біреуі болуға тиіс. Ол өзіне нақты халықаралық көлік дәліздерін дамытуды, оларды Комиссия әзірлейтін экожүйе негізінде цифрландыруды және навигациялық пломбалар қолданылатын кедендік транзитті кірістіреді", - деп мәлімдеді Михаил Мясникович.
Қырғыз өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының президенті, ЕАЭО Іскерлік кеңесінің төралқа мүшесі Данил Ибраев өз кезегінде көлік-логистика жобаларының тізілімін қалыптастырудан бөлек, іске асырудың нақты мәселелеріне көшудің қажеттігін атап өтті.
"Бізге оларды кеңейту үшін қандай осал жерлер бар екенін түсіну және көлік дәліздерін барынша тиімді жасау керек",- деді Данил Ибраев. Ол сондай-ақ жүк тасымалдарында электр көлігін пайдалану жөнінде ұсыныс білдірді.
ЕЭК-тің ЕАЭО елдерінің бизнес-қоғамдастығымен өзара іс-қимылын жетілдіруге айрықша назар аударылды. ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақытжан Сағынтаев атап көрсеткендей, осы уақытқа дейін бұл жұмысты Комиссия блоктары едәуір бытыраңқы жүргізді, нәтижесінде айналдырған бір мәселе бірнеше мәрте талқыланып жүрді.
"Бұл жұмысқа жүйелі тәсілдеме, қайта жүктеме қажет. Бүгінгі күннен бастап Комиссияның ЕАЭО Іскерлік кеңесімен өзара іс-қимылының "бірыңғай терезесі" ЕЭК-тің Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаменті болады. Бұдан да басқа, әрбір елге арнаулы қызметкер бекітіледі",- деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Ол сондай-ақ ЕАЭО Іскерлік кеңесін Комиссияның шешімдері жобаларының реттеуші әсерін бағалау рәсімін жүргізу шеңберінде бизнес-қоғамдастықтың шоғырландырылған позицияларын қалыптастыру мен ұсыну және кейіннен Комиссияның қолданыстағы шешімдерінің нақты әсерін бағалау жөніндегі жұмысты жандандыруға шақырды.
Бұдан басқа, отырысқа қатысушылар 2025-Стратегиясын орындау барысын және бизнестің оны іске асыру жөніндегі жоспарға ұсыныстарын, үшінші елдердің іскерлік қоғамдастығымен ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, сондай-ақ Комиссияның ЕАЭО-да тауарлардың ортақ биржалық нарығын қалыптастару жөніндегі атқарымдарын талқылады. ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьевтің сөзінше, қазір ЕАЭО-ның ортақ биржалық кеңістігін құру қажеттігі айрықша айқын көрінуде.
"Белорус тауар биржасында рапс майының алғашқы еліктемелік сауда-саттығы ойдағыдай өтті және бүгінде Ресей тарапы осы жылдың өзінде ортақ биржа нарығында екі тауардың сауда-саттығын іске қосуды ұсынады. Біз мұның толық мүмкіндігі бар деп санаймыз", - деді Сергей Глазьев.
"Белорус әмбебап тауар биржасы" басқармасы төрағасының орынбасары Ирина Наркевич өз сөзін ЕАЭО биржалары өзара тығыз ынтымақтастықта деп толықтырды.
"Біз Ресей тарапының тауарлардың ортақ биржалық нарығын басқару үшін биржалық комитет құру туралы ұсынысын қолдаймыз",- деп атап өтті Ирина Наркевич.
ЕАЭО Іскерлік кеңесінің өкілдері кедендік транзит және Еуразиялық көлік дәліздерін қалыптастыру, ЕАЭО-ның ақпараттық ресурстарын дамыту, жастар бастамаларын іске асыру және басқа мәселелер бойынша көптеген ұсыныс айтты.