тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 7008

12 қарашаның 2025 Бақытжан Сағынтаев Қытай Коммерция министрінің орынбасары Ян Дунмен келіссөздер жүргізді Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 12 қарашада ЕЭК штаб-пәтерінде Қытай Халық Республикасы Коммерция министрінің орынбасары Ян Дунмен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім аясында Еуразиялық экономикалық одақ пен ҚХР елдерінің өзара іс-қимылының нәтижелері мен болашағы талқыланды. "Қытай Халық Республикасы ЕАЭО мемлекеттерінің негізгі сыртқы экономикалық әріптесі болып табылады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 291 млрд АҚШ долларын құрады. ҚХР-дың үлесі Одақтың үшінші елдермен жалпы тауар айналымының 35%-ын құрады", – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев. Бүгін ЕЭК алаңында ЕАЭО – Қытай Бірлескен комиссиясының бесінші отырысы өтті, онда Келісімді іске асыру жоспарының табысты орындалғаны атап өтілді. Тараптар жол картасын жаңарту қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келді. Бұл бағыттағы қызметті жақын күндері бастау көзделіп отыр. "Жол картасын стандарттарды үйлестіру және басым салаларда рәсімдерді жеңілдету жөніндегі нақты шаралармен толықтыру қажет деп санаймын", – деп атап өтті ЕЭК Алқасының Төрағасы. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауданың тұрақты өсуі, экономикалық ынтымақтастықтың дамуы және ЕАЭО мен Қытай кәсіпкерлері үшін қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілетініне сенімді екендіктерін айтты. ЕАЭО – Қытай Бірлескен комиссиясы бір жақтан Еуразиялық экономикалық одақ пен оның мүше мемлекеттері және екінші жақтан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің 12.1-бабына сәйкес 2018 жылы құрылған болатын. Бірлескен комиссияның тең төрағалары – ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев және ҚХР Коммерция министрінің орынбасары Ян Дун.
12 қарашаның 2025 ЕЭК V Спартакиадасының қорытындылары шықты Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде ЕЭК V Спартакиадасының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев чемпиондарды құттықтап, алтын медальдарды табыстады. 2025 жылы спартакиада жарыстарына Еуразиялық экономикалық одақтың бес елінің өкілдері – ЕЭК-тің 300-ден астам қызметкерлері мен лауазымды тұлғалары қатысты. 20-дан 60 жасқа дейінгі 106 қатысушы алтын медальға ие болды.   Спартакиада бағдарламасына шағын футбол, баскетбол, волейбол, үлкен теннис, кросс, арқан тарту, шахмат, дойбы, кеудені жерден көтеру, тартылу, армрестлинг, гір көтеру және басқа да 26 спорт түрі кірді. ЕЭК-тің энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Кожошев 100 метрге жүгіруде және блок командасы сапында шағын футбол турнирінде жеңіске жетіп, екі алтын медаль алды, ал тартылудан үшінші орын үшін қола медальға ие болды. ЕЭК-тің экономика және қаржы саясаты министрі Бахыт Сұлтанов бильярдтан алтын медальға, ал шағын футболдан қола медальға ие болды. ЕЭК Сауда министрі Андрей Слепнев тартылудан өткен жарыста бірінші орын алды. 3 км кросс жарысында күміс медальды ЕЭК-тің кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов жеңіп алды. ЕЭК-тің бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович үлкен теннис жарысында үшінші орын алды. ЕЭК қызметкері Дмитрий Белов әртүрлі спорттық жарыстарға қатысып төрт алтын медальмен көш бастады. Алина Каримованың, Дарья Мельниктің, Нұртай Мусуралиевтің, Максим Натальченконың, Сергей Панковтың және Улан Чолпонбаевтың есебінде үш алтыннан бар. Жалпыкомандалық жарыста энергетика және инфрақұрылым министрінің блогы 44 медаль (оның 20-сы алтын) алып, үздік нәтиже көрсетті. Бақытжан Сағынтаев ЕЭК министрі Арзыбек Қожошевқа V Спартакиаданың жеңімпаз кубогын салтанатты түрде табыстады.
11 қарашаның 2025 ЕЭК халықаралық сауда жөніндегі конференцияда цифрлық трансформация бойынша атқарылып жатқан қызметін таныстырды Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда саясаты департаменті директорының орынбасары Константин Бегиджанов жыл сайынғы "Халықаралық сауда XXI ғасырда: ДКҰ ережелерінен цифрлық экожүйелерге" конференциясында өткен "Халықаралық сауданың болашағы: жаһандық ережелер мен цифрлық платформалар өзгерісі жағдайындағы Ресей" атты пленарлық сессияға қатысты. Өз сөзінде ол Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық трансформациядағы негізгі басымдықтарын таныстырды, ЕАЭО-ның үшінші елдермен жасалған преференциялық келісімдері туралы және Мысыр, Үндістан, Индонезия сияқты әлеуетті серіктестермен жүргізіліп жатқан жұмыс жөнінде хабарлады. Аталған мемлекеттермен келіссөздердің сәтті аяқталуы сыртқы сауда қызметіндегі преференциялық тауар айналымының үлесін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. "ЕАЭО жасасып жатқан келісімдер аясында сауда рәсімдерін жеңілдету мен автоматтандыру мәселесіне ерекше назар аударылады, бұл өз кезегінде бизнестің шығындарын тікелей азайтып, жеткізілімдердің болжамдылығын арттырады. Жұмыс тарифтік келісімдер бойынша да, тарифтік емес өзара іс-қимыл, кедендік рәсімдер, фитосанитарлық және ветеринарлық шаралар, деректердің электрондық айналымы бағытында да жүргізілуде", – деп атап өтті Константин Бегиджанов. Стратегиялық тұрғыда Одақ халықаралық жеткізу тізбектеріне біріктірілген сауда мен көлікке арналған бірыңғай цифрлық платформаны қалыптастырады. Бұл өзара сауданың ашықтығын арттырумен қатар, негізгі сауда серіктестерімен үйлесімділікті қамтамасыз етеді.  
11 қарашаның 2025 ЕЭК-те фармацевтика саласының инновациялық дамуы талқыланды Еуразиялық экономикалық одақта фармацевтикалық субстанциялар өндірісі, цифрлық трансформация және жалпы фармацевтика саласының инновациялық даму мәселесі Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде өткен "ЕАЭО фармацевтикалық саласын дамыту жолдары" семинарында негізгі талқылау тақырыптары болды. Іс-шараға ЕЭК-тің өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегян төрағалық етті. "Ұзақ мерзімді табысқа жету үшін ЕАЭО елдерінің фармацевтика саласын жетілдіру бойынша келесі қадамдарды тұжырымдамалық тұрғыда түсінуіміз қажет. Даму векторы тек белгілі бір өнімді қысқа мерзімде алмастыруға ғана емес, технологиялық серпіліске және Одақта жаңа құзыреттерді қалыптастыруға жағдай жасауға бағытталуы тиіс", – деп атап өтті Гоар Барсегян. ЕАЭО фармацевтика өндірушілері қауымдастығының басқарма төрағасы Алексей Кедрин индустрияны жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Бұл сала кейде оның бәсекеге қабілеттілігін төмендететін бірқатар шектеулерге тап болады. Семинарда бизнес өкілдері көтерген негізгі мәселелердің қатарында фармацевтикадағы цифрлық инжиниринг, субстанциялар өндірісін жергілікті деңгейде ұйымдастыру перспективалары, сондай-ақ ЕАЭО кеңістігінде халықаралық кооперацияны дамытуға кедергілерді жою болды. Семинар барысында айтылған негізгі тұжырымдар мен ұсыныстар Комиссияның өнеркәсіптік блогының алдағы жұмысында ескерілетін болады. Іс-шараға дәрі-дәрмек өндіретін ірі кәсіпорындардың басшылары, салалық кластерлер мен қауымдастықтар, инновациялық компаниялар, Одақ елдерінің ұлттық реттеуші органдары, сондай-ақ Куба фармацевтикасының өкілдері қатысты.
Тағы да көрсету