Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің бастамашыл ұсыныстарының кешенін қарастырып, ЕАЭО мемлекеттерінде дәрілік препараттарды, алкогольсіз сусындарды, шырындарды, сондай-ақ телефондар мен ноутбуктерді таңбалаудың бірыңғай қағидаларын белгілеу туралы шешім қабылдады.
Қабылданған құжатқа сәйкес мүше мемлекеттер бұл туралы осы іс-шаралар басталғанға дейін алты айдан кешіктірмей ЕЭК-ке хабарлама жасай отырып, өз аумағында сәйкестендіру құралдарымен өнімдерді таңбалауды енгізу күні мен тәртібін дербес айқындайтын болады.
Сөйтіп, барлық жағдайда ЕАЭО-ның әрбір елінде сәйкестендіру талаптарына сәйкес қалыптастырылған басқа мемлекеттердің сәйкестендіру құралдарын тану кепілдігі болады. Бұл ретте Қырғыз Республикасында дәрілік препараттарды таңбалау жүйесінің ерекшеліктеріне байланысты Комиссия Кеңесі қабылданған шешімнен өзгеше сәйкестендіру құралына қойылатын талаптарды қолдануға мүмкіндік беретін алып қоюды көздеді.
Бұдан басқа, Одаққа мүше мемлекеттердің позицияларына байланысты шешімдерде бірқатар елдің ағымдағы кезеңде таңбалауды енгізу ниетінің жоқ екендігі жеке атап өтілді. Мәселен, бұл дәрілерге қатысты – Армения Республикасы, алкогольсіз сусындар мен шырындарға қатысты – Қазақстан Республикасы, ал ноутбуктер мен телефондарға қатысты - Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы.
"Комиссия ЕАЭО-ның базалық еркіндіктерінің бірін қамтамасыз етуге бағытталған қағидатты шешімдер қабылдады. Қол жеткізілген уағдаластықтардың арқасында Одақ аумағы бойынша тауарлардың кедергісіз қозғалысына жағдай жасауға және ішкі нарықта тосқауылдардың туындауына жол бермеуге болады",- деп атап көрсетті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.