Жаңалықтар

16 маусымның 2025 Бақытжан Сағынтаев ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюгемен келіссөздер жүргізді Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 16 маусымда ЕЭК штаб-пәтерінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгемен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында ЕЭК және ДДҰ ынтымақтастығының Өзара түсіністік туралы меморандум мен оны іске асыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары шеңберіндегі мәселелері талқыланды. "Еуразиялық экономикалық комиссия мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ортақ құндылықтар мен мақсаттарға негізделген өзара іс-қимылы ЕАЭО кеңістігінде денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы және орнықты архитектурасын қалыптастыру үшін маңызды элемент болып табылады", — деп атап көрсетті Бақытжан Сағынтаев. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты тереңдетуге деген өзара бейілділікті растады. Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық комиссия мен ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы Меморандумды одан әрі іске асырудың 2026-2028 жылдарға арналған жоспарын дайындауда. Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі орнықты және жүйелі шешімдермен тоғыстырыла отырып, ЕАЭО шеңберінде денсаулық сақтау саласындағы бірлескен шараларды практикалық іске асыруға қатысты болады. ЕЭК пен ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға 2021 жылы қол қойылды. ЕАЭО мемлекеттері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шеңберіндегі қызметін ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы үйлестіретін өңірге жатады.
16 маусымның 2025 Ваагн Казарян: "ЕАЭО-дағы процестерді цифрландыру қазіргі заманғы технологиялардың халықаралық саудаға ойдағыдай ықпалдасуының үлгісі бола алады" Бангкоктағы (Таиланд) БҰҰ Азия мен Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) қолдауымен өткен "Еуразиялық экономикалық одақта және әріптес елдерде сауданы цифрландыру жүйесін қалыптастыру" сессиясында "Қағазсыз сауда апталығы — 2025" шеңберінде сөз сөйлеген Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік-тарифтік реттеу және тарифтік емес реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян осылай деп мәлімдеді. "Цифрландыру қазіргі заманғы шындықтың іргелі бөлігі ретінде ЕАЭО экономикасының өсуін қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі болып табылады", – деп атап өтті ЕЭК өкілі. Ваагн Казарянның сөзінше, ЕАЭО шеңберіндегі сауданы цифрландыру процесінің маңызды аспектілерінің қатарына шығарылған елінің электрондық сертификаттар жүйесін енгізу, электрондық сауда, цифрлық таңбалау, интеграцияланған ақпараттық жүйені дамыту, логистиканы цифрландыру жатады. ЕЭК департаментінің директоры қатысқан сессия шеңберінде ЕАЭО мен оның әріптес елдеріндегі сауданы цифрландырудың қазіргі заманғы процесінің жасанды интеллекті қоса, сыртқы сауда және логистикалық рәсімдерді цифрландыру, электрондық құжат айналымын ендіру, сыртқы саудадағы блокчейн және смарт-келісімшарттар, трансшекаралық электрондық сауда туралы заңнама, жаңа цифрлық сауданы реттеу орайлас тәсілдемелер сияқты түйінді аспектілері талқыланды. Сондай-ақ, іс-шара аясында Ваагн Казарян ЭСКАТО сауда, инвестициялар және инновациялар бөлімінің директоры Рупа Чандамен кездесті. Тараптар сауданы цифрландыру саласындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын бағалады, алдағы жұмыстың ықтимал бағыттарын талқылады. Бұдан басқа, "Қағазсыз сауда апталығы – 2025" шеңберінде Азия-Тынық мұхиты өңірінде трансшекаралық қағазсыз сауда рәсімдерін оңайлату туралы негіздемелік келісімді іске асыру бойынша негізгі жұмыс органдарының төртінші сессиясы болып өтті, онда Ваагн Казарян ЭСКАТО-ға мүше мемлекеттерді ЕАЭО-дағы сауданы цифрландыру жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар және ЕЭК пен ЭСКАТО Қағазсыз сауда жөніндегі кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттары бойынша хабардар етті. "Қағазсыз сауда апталығы – 2025" өткізудің негізгі мақсаты жеткізу тізбегін цифрландыру саласындағы мемлекеттік және жеке сектордың ынтымақтастығын ынталандыру, сондай-ақ БҰҰ шартын және Азия-Тынық мұхиты аймағында трансшекаралық қағазсыз саудаға жәрдемдесу жөніндегі негіздемелік келісімді іске асыру бойынша бірлескен жұмыс барысында елдерді негізделген шешімдер қабылдау кезінде қолдау болып табылады.  
16 маусымның 2025 Максим Ермолович: "ЕАЭО шеңберінде тауарлардың жалпы биржалық нарығын құру "бестік" елдеріндегі экономикалық өзара іс-қимыл деңгейін арттырады" Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович Халықаралық биржалар қауымдастығының жалпы жылдық жиналысына қатысты. Биржалық сауданы дамыту мәселелері, сондай-ақ ШЫҰ елдерінің Биржааралық одағын құру бастамасы талқыланды. ЕЭК министрі Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарлардың жалпы биржалық (ұйымдастырылған) нарығында биржалық сауда-саттықты дамыту бағдарламасын дайындау туралы хабарлады. "Бағдарламаны іске асыру мүше мемлекеттердің нормативтік-құқықтық базасын үндестіруді, биржалық сауда ережелерін біріздендіруді, тосқауылдар мен шектеулерді жоюды, сондай-ақ биржалық инфрақұрылымды дамытуды талап етеді", – деп атап өтті Максим Ермолович. Комиссия бәсекелестікті дамыту және баға белгілеу тиімділігін арттыру тұрғысынан Одақ тауарларының ортақ биржалық нарығын құруға үлкен мән береді.  Іс-шараға ТМД, Еуропа, Азия, Латын Америкасы және Африка елдері биржаларының өкілдері қатысты. Халықаралық биржалар қауымдастығы (ХБҚ) 2000 жылы Мәскеуде халықаралық стандарттарға сәйкес ұйымдастырылған қаржы және тауар нарықтарын дамыту бойынша күш-жігерді үйлестіру үшін құрылды. ХБҚ құрамына ЕАЭО мемлекеттерін қоса, ТМД-ның тоғыз елінен 16 жетекші қаржы және тауар биржалары кіреді.
11 маусымның 2025 Валентин Татарицкий: "Комиссияның басымдығы – ЕАЭО елдері халқының денсаулығын сақтау, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығын қамтамасыз ету" Техникалық реттеу жөніндегі министр Валентин Татарицкий Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығы саласындағы уәкілетті органдар басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Кеңес, атап айтқанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының өткен сессиясының қорытындыларын ЕАЭО елдері үшін өзектілігі тұрғысынан талқылады. Одаққа мүше мемлекеттердегі ағымдағы эпидемиологиялық жағдаят және Кеңестің бұдан арғы қызметінің перспективалары қаралды. "Бірлескен жұмыс Одақ мемлекеттерінің санитариялық қызметтерінің әлеуетін күшейтуге және қажетті мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді, бұл біздің елдер халқының денсаулығын сақтауға және санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығын қамтамасыз етуге көмектеседі", – деп атап көрсетті Валентин Татарицкий. Мүше мемлекеттердің өкілдері Комиссияның Санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шаралар департаментінің директоры Владимир Синкевичтің ұлттық уәкілетті органдармен бірлесіп "санитариялық шаралар" бағыты бойынша жұмыс жоспарын дайындау туралы ұсынысын қолдады. Үш жылдық жоспарды әзірлеуге бастамашылық жасалды. Валентин Татарицкийдің Басшылар кеңесінің төрағасы, Федералдық тұтынушылар құқықтарын қорғау және адамның саламаттығы саласындағы қадағалау қызметінің басшысы Анна Поповамен жұмыс кездесуі барысында санитариялық шараларды қолдану мәселелері талқыланды. Соның ішінде Комиссияның аталған салада әзірлеп жатқан актілері, сондай-ақ "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясын іске асыру жоспары жобасының іс-шаралары қаралды. Талқылау нәтижелері бойынша бірқатар басым бағыттағы ынтымақтастық іс-шаралары айқындалды.
11 маусымның 2025 Ереванда ЕАЭО елдерінің кедендік ынтымақтастығы талқыланды Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорянмен кездесті. Еуразиялық экономикалық одақта кедендік реттеудің ЕАЭО кедендік транзитінің бірыңғай жүйесін ендіру, кедендік шекараларды кесіп өтуді оңайлату, сондай-ақ оны жетілдіру перспективалары сияқты өзекті мәселелері талқыланды. Тараптар Одақтың бүкіл аумағында кедендік әкімшілендірудің бірлігін қамтамасыз ету үшін сындарлы өзара іс-қимыл маңызды екенін атап өтті. Жұмыс сапары барысында Руслан Давыдов Республиканың Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Эдуард Акопянмен де жұмыс кездесуін өткізді. Комиссияның кеден блогының басшысы әріптестерімен кеден саласында перспективалы технологияларды пайдалану, кедендік ақпарат алмасу, кедендік құнды бақылау, Кедендік транзиттің бірыңғай жүйесі туралы келісімді іске асыру және тасымалдарды қадағалап отыру үшін навигациялық пломбаларды қолдану, сондай-ақ бұдан арғы жұмыс жоспарларын талқылады.
11 маусымның 2025 Зарема Аскарова ЕЭК-тің Құқықтық департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды Зарема Аликовна Аскарова 1980 жылы Бішкекте туған. 2003 жылы Жүсіп Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша бітірген. 2005-2006 жылдары Қырғыз Республикасы Президенті Іс басқармасының Қырғыз Республикасы Премьер-министрінің аппаратына техникалық қызмет көрсету жөніндегі мамандар тобының ЭЕМ операторы болып жұмыс істеді. 2006-2007 жылдары Қырғыз Республикасы Президенті Іс басқармасының Қырғыз Республикасы Премьер-министрі аппаратының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі мамандар тобының маманы, аға инспекторы болды. 2007-2009 жылдары — Қырғыз Республикасы Премьер-министрі аппаратының құқықтық қамтамасыз ету және кадр қызметі бөлімінің құқықтық талдау және сараптама секторының сарапшысы, реттеушілік әсерді талдау бөлімінің сарапшысы. 2009-2011 жылдары Қырғыз Республикасы Экономикалық реттеу министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту басқармасының, Лицензиялық қызметті реттеу және РӘТ басқармасының реттеушілік әсерді талдау бөлімінің меңгерушісі, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеш аппаратының Адам құқықтары, тең мүмкіндіктер және қоғамдық бірлестіктер комитетінің бөлім меңгерушісі болып істеді. 2011-2012 жылдары Қырғыз Республикасы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері, директорының орынбасары болды. 2012-2014 жылдары — Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясатты зерттеу институтының заңгері, аппарат басшысы, директоры. 2014 жылдан 2019 жылға дейін халықаралық ұйымдарда жұмыс істеді. 2019-2021 жылдары Қырғыз Республикасы Үкіметі аппаратының құқықтық сараптама бөлімінің сарапшысы болды. 2021 жылғы ақпаннан 2025 жылғы мамырға дейін Қырғыз Республикасы Әділет министрінің орынбасары, бірінші орынбасары болып істеді. 2025 жылғы 9 маусымда Еуразиялық экономикалық комиссияның Құқықтық департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды.  
Тағы да көрсету