Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 22 тамызда сүтті бағыттағы ірі қара малдың асыл тұқымдық құндылығын бағалау әдістемесіне өзгерістер енгізді.
Нормативтік-құқықтық акт Ресей Федерациясы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен және Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленді.
Шешім өнімділіктің сүт бағытындағы ірі қара малдың селекцияланатын белгілерінің тізбесін, сондай-ақ Жануарларды есепке алу жөніндегі халықаралық комитеттің (ICAR) ұсынымдарын ескере отырып, оларды өлшеу және асыл тұқымдық құндылығын бағалау процесін егжей-тегжейлі көрсету тәртібін толықтырады. Әдістемеге бұрын енгізілген сүт өнімділігінің селекцияланатын белгілеріне (сауын, сүт майы және сүт ақуызы) селекцияланатын сыртқы белгілері (18 белгі), көбею қабілеті (6 белгі), желін денсаулығы (соматикалық жасушалардың құрамы) қосылды.
Бұдан басқа, әдістеме төлдер мен қысыр малдардың асыл тұқымдық құндылығын айқындау тәртібімен, жеке индекстер және олардың салмақтық коэффициенттерін есептеу тәртібімен, сондай-ақ сауын малдың асыл тұқымдық құндылығының кешенді индексімен толықтырылды.
«Өзгерістер сүт өнімдерін өндірудің экономикалық тиімділігіне барынша әсер ететін белгілер бойынша жануарлардың асыл тұқымдық құндылығын жан-жақты және толық көлемде айқындауға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда ЕАЭО мал шаруашылығында асыл тұқымды құндылықты бағалау мен болжаудың қазіргі заманғы әдістерін пайдалану жануарлардың генетикалық әлеуетін арттырады, бәсекеге қабілетті асыл тұқымды өнім өндірісін ұлғайтады, импортқа тәуелділікті азайтады және өзара жеткізілімдерді ұлғайтады», — деп атап өтті ЕЭК агроөнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Армен Арутюнян.
Асыл тұқымды өнім өндіру процестеріне жаңа әдістерді енгізу үшін қажетті өтпелі кезең осы жылдың наурыз айында 2024 жылдың соңына дейін ұзартылды. Осыдан кейін ЕАЭО мемлекеттерінің асыл тұқымды жануарларды есепке алу тізіліміне (деректер базасына), жануарлардың асыл тұқымдық куәліктеріне (паспорттарына, сертификаттарына) жаңа әдістемелерге сәйкес айқындалған асыл тұқымдық құндылықты бағалау нәтижелері енгізілетін болады.
Сарапшылардың пікірі бойынша Алқаның шешімі Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуы мен тиімділігіне оң әсер етеді.