Жаңалықтар

01.07.2021

ЕАЭО-да «Шекарасыз жұмыс» жобасы бастау алды

2021 жылғы 1 шілдеде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде Еуразиялық кеңістіктегі тұңғыш бірлескен цифрлық жоба - «Шекарасыз жұмыс» біріздендірілген іздеу жүйесі» өнеркәсіптік пайдалануға енгізіледі.

Бұл халықаралық іздеу жүйесі жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту саласында  мүше мемлекеттердің  ақпараттық жүйелерінде қамтылатын бос жұмыс орындары мен вакансияларды іздеушілер туралы ақпаратқа қол жеткізуді ұсынады.

Жоба цифрлық құралдардың көмегімен  Одақ шеңберінде еңбек нарықтарының өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге, ЕАЭО-ның барлық елі бойынша түйіндеме мен вакансиялар іздеу үшін мүмкіндіктер қосу есебінен ұлттық ақпараттық жүйелердің функционалын кеңейтуге бағытталған.

«Шекарасыз жұмыс» жобасына ЕАЭО-ға қатысушы бес елдің қолданыстағы жүйелері қатысады: «Горц»  жұмыс іздеу және персоналын іріктеу жөніндегі ақпараттық жүйесі  http://workforall.am (Армения Республикасы), Мемлекеттік жұмыспен қамту қызметінің ақпараттық порталы http://gsz.gov.by (Беларусь Республикасы), «Жұмыс» ақпараттық порталы – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің электрондық еңбек биржасы https://www.enbek., Қырғыз Республикасы Еңбек және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек нарығы ақпараттық жүйесінің «Жұмыспен қамту» ақпараттық порталы http://www.zanyatost.kg, ақпараттық талдау жүйесі – «Ресейдегі жұмыс» бүкілресейлік вакансиялар базасы https://trudvsem.ru  (Ресей Федерациясы).

Жобаға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық жүйелері бір-бірімен үлгілік бағдарламалық қамтамасыз ету (ұлттық ақпараттық жүйелерге интеграцияланған), бірегей біріздендірілген интерфейс және API әдістері арқылы өзара іс-қимыл жасайды .

«Шекарасыз жұмыс» біріздендірілген іздеу жүйесін осы ұлттық ақпараттық жүйелерде авторландырғаннан кейін пайдалануға болады.

Жүйені пайдаланушыларға (вакансияларды іздеушілерге және жұмыс берушілерге) жұмыс іздеуді немесе персоналды іріктеуді жүзеге асыру, ұлттық ақпараттық жүйелердегі вакансиялар мен жұмыс іздеушілер туралы ақпаратқа қол жеткізу, сондай-ақ жұмыс іздеушімен және жұмыс берушімен интерактивті өзара іс-қимыл жасау талап етілетін Одақтың бір немесе бірнеше мемлекетін таңдау мүмкіндігі берілетін болады. 

«Шекарасыз жұмыс» біріздендірілген іздестіру жүйесін іске қосу - бұл Еуразиялық кеңістікте цифрландырудың белсенді дамуын ғана емес, сондай-ақ ЕАЭО азаматтарын жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту саласында толық мәнді цифрлық экожүйені қалыптастырудың басталғанын да білдіретін маңызды оқиға»,- деп атап көрсетті Еуразиялық экономикалық комиссияның Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, АКТ жөніндегі министрі Гегам Варданян.

 

«Шекарасыз жұмыс» біздің ортақ нарығымызды коронавирус пандемиясының салдарынан қалпына келтірудің бір құралы болады деп үміттенемін. Шын мәнінде, бұл ЕАЭО азаматтарын жұмыспен қамту саласында  толық мәнді цифрлық экожүйе құруға қарай жасалған бірінші қадам»,- деп мәлімдеді РФ  Экономикалық даму министрі  Максим Решетников.

Жобаны ойдағыдай іске асыру - бұл Комиссияның, Одақ елдерінің уәкілетті мемлекеттік органдарының, сондай-ақ ұлттық құрауыштар операторларының табанды жұмысы мен мақсатты ынтымақтастығының нәтижесі.

Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында Одақ мемлекеттерінің азаматтарын жұмысқа орналастыруды және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін «Еуразиялық электрондық еңбек биржасы» цифрлық экожүйесі сервистерін құру жөніндегі іс-шаралар көзделген.

ЕЭК министрі атап өткендей, жобаның мұнымен тоқтап қалмауы маңызды. Қазірдің өзінде цифрлық экожүйені дамыту жоспарларын талқылау және ізденушілер мен жұмыс берушілерді ақпараттық қолдау, электрондық еңбек шарты, кәсіптік бағдарлау диагностикасы, оқыту курстарының маркетплейсі және басқа да ілеспе қызметтер көрсету, мобильді қосымшаны ендіру және басқа да сервистер сияқты сервистерді іске асыру басталды.