Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің аккредиттеу жөніндегі органдарының басшылары кеңесінің отырысында сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың құзыреттілік деңгейіне қойылатын талаптарды үндестіру мәселелері талқыланды. Іс-шараға Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Валентин Татарицкий қатысты. 
 
	 "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламент негізінде көлік құралдары конструкцияларының қауіпсіздігі туралы куәліктер (КҚКҚК) беретін аккредиттелген зертханалар қызметінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға айрықша назар аударылды.
	 КҚКҚК беруді жүзеге асыратын сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеудің жалпы тәсілдемелері бойынша нақты ұсыныстар қаралды. Бұл тәсілдемелерді мемлекетаралық жұмыс тобы әзірледі.
	
		 "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету — ең маңызды міндет, өйткені адамдардың өмірі мен тасымалдың сенімділігі осыған тікелей байланысты. Сондықтан конструкциялардың қауіпсіздігі туралы құжаттарды беретін зертханалардың жұмысының ашықтығы мен жауапкершілігін қамтамасыз ету өте маңызды. Нарықтың әрбір қатысушысы өз жауапкершілігін түсініп, белгіленген талаптарды орындауға тиіс", — деп атап көрсетті Валентин Татарицкий.
	
 Сондай-ақ, ЕАЭО шеңберінде органикалық өнімді тану тәртібі туралы келісімнің жобасын іске асыру, атап айтқанда өзара салыстырмалы бағалау жүргізу және өндірісті сертификаттау жөніндегі аккредиттелген органдардың тізілімін қалыптастыру қаралды.
	 ЕАЭО мемлекеттерінің бір-бірімен және үшінші елдермен өзара саудасындағы техникалық тосқауылдарды жою бойынша қосымша ұсыныстар талқыланды.
	 Берілген сертификаттар мен тіркелген декларациялардың бірыңғай тізімі негізінде дайындаушылар уәкілеттік берген тұлғалар тізілімін ендіруге бөлекше назар аударылды. Тізілім рұқсат беру қағидаты бойынша қалыптастырылады және сәйкестікті бағалау туралы нақты құжаттарға тіркеулі болады. 
	
		
			 Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары басшыларының кеңесі Одақ туралы шартты іске асыру шеңберінде техникалық реттеу саласындағы аккредиттеуді дамыту мақсатында ЕАЭО-ның қосалқы органы ретінде 2018 жылы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімімен құрылған. 2025 жылы Басшылар кеңесіне Беларусь мемлекеттік аккредиттеу орталығы Беларусь Республикасы атынан төрағалық етеді.