Жаңалықтар

10 маусымның 2025 ҚХР-дан және Украинадан шыққан мырышталған прокатқа қатысты демпингке қарсы баж бес жылға ұзартылды Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Қытай Халық Республикасынан және Украинадан шыққан мырышталған прокатқа қатысты демпингке қарсы баждың қолданысын қоса алғанда 2030 жылғы 9 маусымға дейін ұзартты. "Шешім Еуразиялық экономикалық одақ елдері прокат өндірушілерінің өтініштері негізінде, қолданыстағы шараның қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты Ішкі нарықты қорғау департаментінің 2024 жылғы 2 қыркүйекте бастаған демпингке қарсы қайталап тергеп-тексеру қорытындылары бойынша қабылданды", — деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев. Өтінішті "Магнитогорск металлургия комбинаты" ЖарАҚ, "Новолипецк металлургия комбинаты" ЖарАҚ және "Северсталь" ЖарАҚ берді. ҚХР-дан және Украинадан шыққан мырышталған прокатқа қатысты демпингке қарсы баж Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2019 жылғы 3 желтоқсандағы № 209 шешіміне сәйкес белгіленген. ҚХР-дан шыққан прокатқа арналған баждың мөлшері өндірушісіне байланысты кедендік құнның 12,69%-ынан 17%-ға дейін, Украинадан шыққан прокатқа арналған баж мөлшері кедендік құнның 23,9%-ын құрайды. № 209 шешіммен сондай-ақ қытайлық бірқатар компанияның баға міндеттемелері мақұлданған. Шараны қолдану қайталап тергеп-тексеру жүргізу кезеңіне орай ұзартылған болатын.
10 маусымның 2025 Максим Ермолович: "ЕЭК ЕАЭО кеңістігінде адал бәсекелестікті қамтамасыз ету механизмдерін дамытады" ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович бастаған Еуразиялық экономикалық комиссияның делегациясы Федералдық монополияға қарсы қызмет пен Монополияға қарсы сарапшылар қауымдастығы ұйымдастырған Мәскеудегі 2025-Монополияға қарсы форумына қатысты. Пленарлық сессияда Максим Ермолович ЕЭК-тің бәсекелестік саласындағы негізгі жетістіктерін, Еуразиялық экономикалық одақтың бәсекелестік құқығына түйінді түзетулерді, Комиссияның нарықтарға секторлық зерттеу жүргізуінің жекелеген аспектілерін ұсынды. Блоктың ұлттық бәсекелестік ведомстволарымен өзара іс-қимылы, ЕЭК-тің бәсекелестік саласындағы жұмысының перспективалық бағыттары қаралды. "Бәсекелестік блогы кәсіби қоғамдастықпен өзара іс-қимылды нығайтуға, тәжірибе ауысуға және бәсекелестік саясаттың өзекті мәселелерін талқылауға үлкен мән береді. Мұның бәрі ЕАЭО кеңістігінде адал бәсекелестікті қамтамасыз етудің тиімді құқықтық және институционалдық механизмдерін қалыптастыруға жәрдемдеседі", — деп атап көрсетті ЕЭК министрі. Максим Ермолович ЕЭК-тің бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бәсекелестік ортаны қолдау үшін қажетті барлық құралға ие екендігіне назар аударды: құқық қолдану практикасы қалыптасты, бәсекелестік құқықты жетілдірудің тұрақты процесі жүріп жатыр. "Біз Комиссияның трансшекаралық нарықтарға қатысуын кеңейту, сондай-ақ шаруашылық жүргізуші субъектілердің бәсекелестік қағидаттары мен қағидалары туралы хабардарлығын арттыру үшін жұмыс істеу үстіндеміз", — деп атап өтті ЕЭК министрі.  
10 маусымның 2025 Ольга Прудникова ЕЭК-тің Энергетика департаментінің директоры болып тағайындалды Ольга Филипповна Прудникова  Могилевте (Беларусь Республикасы) туған. 1989 жылы Белорус-Ресей университетін (инженер-физик) бітірген, бұдан кейін 1999 жылы Белорус заң институтын "Құқықтану" (заңгер) мамандығы бойынша, 2010 жылы Беларусь Республикасы Президентінің жанындағы Басқару академиясын "Өнеркәсіп кәсіпорнындағы экономика және басқару" мамандығы бойынша және 2024 жылы Беларусь Республикасы Президентінің жанындағы Басқару академиясын "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша үздік бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы "Могилевэнерго" РБК-да бастады, онда басшылық лауазымдарды атқара жүріп, 2010 жылға дейін жұмыс істеді. 2010 жылдан 2013 жылға дейін "БДБ" РБК-да еңбек етті. 2013 жылдан 2017 жылға дейін "Белэнерго" мемлекеттік электр энергетикасы өндірістік бірлестігінің өндірістік-техникалық басқармасының бастығы болып істеді. 2017 жылғы қаңтардан 2025 жылғы мамырға дейін Беларусь Республикасы Энергетика министрінің орынбасары болды. 2025 жылғы 2 маусымнан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика департаментінің директоры болып тағайындалды.
06 маусымның 2025 Чинара Мамбеталиева "Реттеушілік практикасы және дәрілік заттарды тіркеу — ДәрТір 2025" конференциясына қатысты Мәскеуде өткен "Реттеушілік практикасы және дәрілік заттарды тіркеу — ДәрТір 2025" ғылыми-практикалық конференциясында Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаменті директорының орынбасары Чинара Мамбеталиева дәрі айналысын реттеуді жетілдірудің, тіркеу тиімділігін арттырудың және пациенттердің сапалы дәрі-дәрмекке қол жеткізуін қамтамасыз етудің түйінді мәселелерін ұсынды. ЕЭК өкілі пленарлық сессияда "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттардың ортақ нарығын дамытудың негізгі бағыттары" тақырыбында баяндама жасады. Атап айтқанда, ол бірыңғай тәсілдемелер негізінде дәрілерді тіркеуге қойылатын талаптарды үндестіру процестерін тереңдету, тіркеу рәсімдері мен сараптама нәтижелерін өзара тану механизмдерін кеңейту, мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының өзара іс-қимылы үшін инфрақұрылымды дамыту, дәрілік заттардың транспаренттілігі мен айналысын қадағалап отыруды қамтамасыз ету туралы айтты.
05 маусымның 2025 Бақытжан Сағынтаев Қытайдың Ресейдегі Елшісі Чжан Ханьхуэймен келіссөздер жүргізді Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 5 маусымда ЕЭК штаб-пәтерінде Қытай Халық Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэймен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен ҚХР-дың Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім шеңберіндегі өзара іс-қимылының перспективалары талқыланды. "Қытай Халық Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің қарымды сыртқы экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. Біздің қарым-қатынасымыз өзара құрмет, ашықтық және стратегиялық өзара іс-қимыл қағидаттарына негізделген", — деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының басшысы. 2019 жылы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім күшіне енген сәттен бастап ЕАЭО мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2024 жылға қарай екі еседен астам ұлғайып, 280 млрд долларға жетті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар экономиканың бірқатар басым саласы бойынша алда да өзара іс-қимылды тереңдетуге бейілділігін растады. ЕЭК Алқасының Төрағасы ҚХР-дың мемлекеттік билік органдары мен бизнес өкілдерін 2025 жылғы 26-27 маусымда Минскіде өтетін Еуразиялық экономикалық форумның жұмысына қатысуға шақырды. Өз кезегінде Чжан Ханьхуэй Бақытжан Сағынтаевты Бейжіңге Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс парадына шақырды. Бір жағынан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші жағынан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге Астанада 2018 жылы қол қойылды.
05 маусымның 2025 ЕЭК ЕАЭО елдерінің өнеркәсіптік ынтымақтастығын кеңейту перспективаларын Еуразиялық металлургиялық құзырет орталығын құрудан көріп отыр Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Николай Кушнарев И.П. Бардин атындағы Орталық қара металл ғылыми-зерттеу институты басшылығымен Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде металлургия саласындағы кооперациялық ынтымақтастықты дамытуды талқылады. Әңгімелесушілер қара металлургияны технологиялық дамыту саласындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын, өндірісті игеруді және өнеркәсіптің әртүрлі саласы үшін тозуға төзімді болаттың жаңа түрін қолдануды (ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, автомобиль жасау, теміржол машиналарын жасау, көмірсутек шикізатын, құбырларды, ресурсы көтеріңкі мойынтіректерді тасымалдау), ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекеттермен салалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды. "ЕЭК-тің ЕАЭО өнеркәсібіндегі кооперацияны қаржылай қолдау жөніндегі жаңа механизмі жаңа металлургиялық өндірістерді құру және Одақ елдеріндегі қазіргі бар қуаттарды жаңғырту кезінде тиімді пайдаланылуы мүмкін", — деп атап өтті Николай Кушнарев. И.П. Бардин атындағы Орталық қара металл ғылыми-зерттеу институты — металтану, металлургиялық технология және металдар физикасы саласындағы әзірлемелермен айналысатын ғылыми-зерттеу институты.
Тағы да көрсету