Жаңылыктар

28.10.2021

ЕАЭО-да ғылыми-техникалық дамудың басымдықтары айқындалады

Еуразиялық экономикалық одақтағы ғылыми-техникалық дамудың басымдықтары 2022 жылдың бірінші тоқсанында бекітілетін болады. Осыдан кейін Еуразиялық экономикалық интеграцияның жоба-рәміздерінің критерийлері айқындалады. 28 қазанда Мәскеуде ЕЭК штаб-пәтерінде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы жанындағы Ғылыми-техникалық кеңес Төралқасының отырысына қатысушылар осы туралы уағдаласты.

Ғылыми-техникалық кеңестің қатысушылары Комиссия Одақ мемлекеттерімен бірлесіп 2021 жылы іске асыруға кіріскен Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары шеңберінде Одақтың ғылыми-техникалық даму басымдықтары бойынша ұсыныстарды қарады.

 

ЕЭК Алқасының басшысы, Ғылыми-техникалық кеңес Төрағасы Михаил Мясникович атап көрсеткендей, Еуразиялық басымдықтардың әлемдік трендтерден мықты айырмашылығы жоқ. Осыған байланысты салаларды емес, жекелеген бағыттарды бөліп көрсету, оның үстіне 2025 жылға дейінгі орташа мерзімді перспективада іске асырылуы мүмкін бағыттарға айрықша назар аудару ұсынылды.

«Басымдықтарды елдерде жүргізілетін зерттеулердің ұланғайыр жиыны арасынан кристалдап, содан кейін осы басымдықтар бойынша ғылыми тәсілдемелерді әзірлеуді үдету керек. Қолданбалы зерттеулерге айрықша назар аударған орынды. Елдерден қарашада өз ұсыныстарын беруді сұраймын, содан кейін біз олардың сараптамасын ұйымдастырамыз және 2022 жылдың бірінші тоқсанында Комиссия Алқасында ғылыми-техникалық дамудың басымдықтары туралы мәселені қараймыз»,- деп атап өтті Михаил Мясникович.
 

Ресей Ғылым академиясының Халық шаруашылығын болжау институтының директоры Александр Шировтың сөзінше, бүгінде ЕАЭО елдері зерттеулер мен ғылыми әзірлемелерді қаржыландыруда әлемдік трендерден көп артта қалып отыр. Әлемде осы мақсаттарға жыл сайын 1011 млрд АҚШ доллары жұмсалады, бұл ретте ЕАЭО елдерінің қаржыландырудың күллі көзінен жұмсалатын шығындары 2019 жылы барлығы 18,2 млрд АҚШ долл.құрайды, оның 96%-ы Ресейге тура келеді.

«Әлемнің ТОП-3 цифрлық корпорациясының әрқайсысы зерттеулерге бүкіл ЕАЭО елдерін тұтас алғандағыдан көп қаржы жұмсайды. ЕАЭО елдеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалатын шығындардың экспортты кеңейтудегі және экономикалық өсудің трансформациясы тұрғысынан келгендегі тиімділігі деңгейінің төмендігі тән»,- деп хабарлады Александр Широв.
 

Ол фармацевтиканы, металлургия мен құрылыс материалдары өндірісін қоса, машина жасау, химия және мұнай-химия өнеркәсібі сияқты қызмет түрлерін басымдықтарға жатқызуды ұсынды.

 

ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьевтің пікірінше, басымдықтарға биоинженерия, аддитивтік технологиялар және басқалар сияқты жаңа әлемдік шаруашылық салтының түйінді бағыттарын да жатқызған орынды.

 

Одақтың ғылыми-техникалық даму басымдықтарын айқындау бірінші кезектегі шараларды пысықтауға, Одақтың ғылыми-техникалық әлеуетін картағы түсіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты РФ СЭБ бас экономисі Андрей Клепач  Одақта зерттеулер мен жоғары технологиялық жобаларды қаржыландырудың басқа халықаралық ұйымдарда қолданылатындарға ұқсас ғылыми бағдарламасының пайда болатынына үміт білдірді.

Ғылыми-техникалық кеңес интеграцияның рәмізіне айналуға қабілетті бірлескен ауқымды жоғары технологиялық жобаларды іске асыру мәселесін де қарады.

 

Сергей Глазьевтің сөзінше, «Еуразиялық интеграцияның рәмізі» мәртебесін беру үшін жоба сәйкес келуге тиіс критерийлер қабылдануы қажет. Ресей Федерациясында жобаларға қойылатын керитерийлерді негізге алуға болады.

«Жоба сараптамамен расталған жоғары технологиялық шешімдерді пайдалануға негізделуге тиіс. Бұл экономикалық немесе әлеуметтік сипаты бар ауқымды жоба болуға тиіс. Одақ мемлекеттерінің кемінде екеуі, дұрысы - бәрі де қатысушы болуға тиіс. Қайтымдылық – бес жылдан аспайды, қаржыландыру көзінің кем дегенде 20%-ы - меншікті қаражат. Қатысушыларға да критерийлер белгілеу ұсынылады: тәжірибе, қаржылық мүмкіндіктер, салық қарызының болмауы, мүше мемлекеттердің резидентігі»,- деп атап өтті Сергей Глазьев.
 

«Сколково» қорының өңірлік даму және ТМД-мен өзара іс-қимыл жөніндегі вице-президентінің орынбасары Александр Окунев өз кезегінде интеграцияның рәмізі болуға қабілетті нақты жобалар бойынша ұсыныстарын білдірді. Бұл - қазірдің өзінде ЕАЭО-да іске асырылып жатқан және технологияларды беруге, жұмыс орындарын құруға және ұзақ мерзімді кооперациялық байланыстарды қалыптастыруға дайын цифрлық медицина, ауыл шаруашылығы, энергетика және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы жобалар.

 

Отырысқа қатысушылар тауарларды ерікті таңбалау мәселесіне толығырақ тоқталды және осындай таңбалауды енгізген компанияның тәжірибесін қарады. Бұдан басқа Ғылыми-техникалық кеңес ЕАЭО шеңберінде «Жаңа буындағы компьютерлік ұлттық зерттеу желісін» (КҰЗЖ) қалыптастыру тұжырымдамасын және ЕАЭО мемлекеттерінің ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастығы туралы шарт жобасын және басқа тақырыптарды талқылады.


Анықтама:

ЕЭК Алқасының Төрағасы   жанындағы Ғылыми-техникалық кеңес ашық пікірсайыс және кеңесу алаңы ретінде Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі дамыту және Еуразиялық экономикалық интеграция мәселелерін ғылыми және сарапшылық көзқарас тұрғысынан талқылау үшін қалыптастырылған. Кеңес мүшелері экономикалық интеграцияның моделі мен нысанын қарайды, әлемдік экономиканың дамуының өзекті мәселелерін және жаһандық сын-қатерлерді талқылайды, халықаралық интеграциялық бірлестіктердің тиімді реттеушілік практикасын зерделейді, Одақ елдерінің экономикалық интеграцияның перспективалы бағыттары бойынша өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдайды. Кеңестің қызметі Комиссияның ғылыми зерттеулермен және жобалармен байланысты жұмысын жетілдіруге ықпал етеді.

   

Кеңесті ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович басқарады, ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев оның орынбасары болып табылады.

 

Кеңес Төралқасы ЕАЭО елдерінің ғылым және жоғары білім беру саласындағы мемлекеттік органдары басшыларының орынбасарларынан, ұлттық ғылым академияларының басшыларынан, Комиссия министрлерінен құралған.

 

Одақ елдерінің ғылыми және сарапшылық қоғамдастықтарының өкілдері, сондай-ақ ЕЭК-тің лауазымды адамдары мен қызметкерлері Кеңесте сарапшылық топтар шеңберінде бейіні бойынша жұмыс істейді.

 

Кеңес қызметі туралы ақпарат Комиссия сайтында қолжетімді.