тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 6914

23 қыркүйектің 2025 Бақытжан Сағынтаев Абу-Даби Үкіметінің цифрлық кеңсесінің басшысы Мухаммед Абдель Хамид аль-Аскармен келіссөздер жүргізді Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 23 қыркүйекте Біріккен Араб Әмірліктерінде Абу-Даби әмірлігі Үкіметінің цифрлық кеңсесінің басшысы Мухаммед Абдель Хамид аль-Аскармен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері мен БАӘ-нің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығының перспективаларын талқылады. ЕЭК Алқасының басшысы Комиссия ЕАЭО елдерімен бірлесіп, елдердің цифрлық егемендігін сақтайтын және таңдаулы технологиялық шешімдердің қадамдастырылуы мен сыйысымдылығын қамтамасыз ететін Digital Union тұжырымдамасын дамыту бойынша жұмыс істеп жатқанын хабарлады. "Осыған байланысты БАӘ-мен практикалық тәжірибе ауысу, әсіресе экономикалық ынтымақтастықтың жаңа форматы тұрғысында өте мағыналы болып көрінеді", — деп атап көрсетті Бақытжан Сағынтаев.  Кездесу қорытындысы бойынша тараптар цифрлық технологиялар мен ақпараттық-коммуникациялық жүйелер саласындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін пысықтауға келісті.
18 қыркүйектің 2025 ЕАЭО-дағы мемлекеттік сатыпалымға қол жеткізу механизмдері Беларусьтағы семинарда талқыланды Минскіде Беларусь Сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырған "ЕАЭО нарықтарына шығу, Беларусь Республикасындағы мемлекеттік сатыпалымдағы преференциялар" семинарында Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі сатыпалым рәсімдеріне қатысу тәртібі, Еуразиялық өнеркәсіптік тауарлар тізіліміне енгізу ерекшеліктері Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік саясат және мемлекеттік сатыпалым саласындағы саясат департаменті директорының орынбасары Алина Казаченоктың қатысуымен қаралды. ЕЭК өкілі мемлекеттік (муниципалдық) сатыпалым мақсаты үшін тауарлардың жекелеген түрлерінің шығарылған елін айқындау қағидаларымен реттелетін өнеркәсіптік тауарларды тізілімге енгізу алгоритмдерін атап өтіп, Комиссияның Еуразиялық тізілімді жүргізу жөніндегі жұмысы туралы хабардар етті. "Комиссия Кеңесінің 2020 жылғы шешімімен бекітілген қағидалар Одақ мемлекеттерінде Еуразиялық тауарлар мен үшінші елдердің тауарларына қатысты преференциялар, шектеулер мен тыйымдар белгіленген жағдайда қолданылады және мұндай жағдайлар үшін ЕАЭО шеңберінде мемлекеттік сатыпалымның ұлттық режимін қамтамасыз етудің пәрменді құралы болып табылады", – деп атап көрсетті Алина Казаченок. Семинарға Беларусь Республикасының Экономика министрлігі мен Монополияға қарсы реттеу және сауда министрлігінің өкілдері қатысты. 
18 қыркүйектің 2025 Руслан Давыдов: "Бірыңғай транзиттік жүйені және электрондық навигациялық пломбаларды ендіру — ЕАЭО шеңберіндегі цифрландырудың негізгі бағыттары" Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов Беларусь Республикасының Мемлекеттік кеден комитеті ұйымдастырған "Кеден заңнамасын дамыту перспективалары: сенім мен бақылаудың теңгерімі" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Өз сөзінде Руслан Давыдов кеден саласындағы цифрландыру Еуразиялық интеграцияны одан әрі дамытудың тиімді құралы болып табылатынын атап өтті. "Бірыңғай транзиттік жүйені ендіру, электрондық навигациялық пломбаларды қолданып тасымалдарды қадағалап отыру, сондай-ақ серпілісті технологияларды ескере отырып, өткізу пункттерін жайластыру мен жарақтандыру тәсілдемелерін жаңғырту ЕАЭО-да кеден саласын цифрландыру жөніндегі басым бағыттар болып табылады", — деп атап көрсетті ЕЭК министрі.  Минскіге сапары шеңберінде Руслан Давыдов Беларусь Республикасы Мемлекеттік кеден комитетінің төрағасы Владимир Орловскиймен екіжақты кездесу өткізіп, Еуразиялық күн тәртібінің өзекті мәселелерін: 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған Еуразиялық интеграцияны одан әрі дамыту туралы декларацияны кедендік ынтымақтастық бағыты бойынша іске асыруды, сондай-ақ ЕАЭО аумағында тауарлардың заңсыз айналымының жолын кесу құралдарын талқылады. ЕЭК кеден блогының басшысы Беларусь Республикасының Мемлекеттік кеден комитетінің өкілдерін осы жылғы қазан айында өтетін ЕЭК-тің интеллектуалдық өткізу пункттеріне арналған семинарына, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің кеден органдарындағы цифрландыруға белсене қатысуға шақырды. Семинарға мемлекеттік органдардың, іскер қоғамдастықтың және ғылыми топтардың өкілдері қатысады.
Тағы да көрсету