тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 6960

18 қыркүйектің 2025 ЕАЭО-да еңбекшілерге арналған әлеуметтік кепілдіктер күшейтілуде 18 қыркүйекте Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтановтың төрағалық етуімен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін әлеуметтік қамсыздандыру, зейнетақы құқықтарын сақтау, медициналық көмек көрсету және кәсіби қызметі мәселелері жөніндегі консультативтік комитеттің VIII отырысы болып өтті. Іс-шараға ДДҰ, Халықаралық көші-қон ұйымын, Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығын және Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясын қоса, бейінді мемлекеттік органдар мен жетекші халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Талқылаудың негізгі тақырыбы — ЕАЭО-ның ортақ еңбек нарығы шеңберінде азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыру және медициналық көмекке қол жеткізу құқықтарын практикалық іске асыру жайы болды. Отырысқа қатысушылар 2019 жылғы ЕАЭО мемлекеттерінің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді іске асырудың аралық қорытындыларын шығарды. 2021 жылғы қаңтардан бастап Одақ шеңберінде азаматтарға зейнетақы тағайындалады және төленеді. Еңбек өтілін растауға байланысты практикалық мәселелерді шешу үшін тараптар бірыңғай формулярды қолдану бойынша ымыраға келді. Уәкілетті органдар арасындағы барлық құжат айналымын электрондық форматқа көшіру жұмысы маңызды қадам болды, бұл рәсімдерді едәуір жеделдетеді және олардың ашықтығын арттырады. Отырыста ЕЭК Алқасының денсаулық сақтау саласындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ұсынымдарын іске асыру мониторингінің нәтижелері ұсынылды. Құжат үш түйінді бағытты: телемедицинаны дамыту, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету және медициналық технологияларды стандарттау бойынша бірлескен жұмысты көздейді. "Ұсыным Одақ елдерінің денсаулық сақтау саласындағы экономикалық ынтымақтастық сияқты сезілгіш әрі маңызды саладағы практикалық өзара іс-қимылының айқын векторларын белгілейді. Бұл ретте сөз қазіргі заманғы медициналық жетістіктерді ЕАЭО-ның барлық мемлекетінің азаматтары үшін барынша қолжетімді ету жайында болып отыр", — деп түсіндірді құжатты ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов. ДДҰ-ның Ресей Федерациясындағы басшысы Батыр Бердыклычевтің ЕЭК пен ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының "ЕАЭО-дағы еңбек көші-қоны тұрғысындағы денсаулық мәселелері" атты бірлескен талдамалық баяндамасының таныстырылымы күн тәртібіндегі дербес тармақ болды. Зерттеу еңбек мигранттарының сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізу проблемасының өзектілігін растайды және оларды шешу жолдарын ұсынады. "БҰҰ жүйесіндегі жетекші құрылым – ДДҰ-мен ынтымақтастық өте пайдалы болып табылады және еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулық сақтау қызметтеріне қол жеткізуін жақсартудың мүмкіндіктерін іздеуге ықпал етеді. Өскелең көші-қон ағыны жағдайында бұл мәселелер өз өзектілігін сақтайды", — деп атап өтті ЕЭК министрі. Отырыс қорытындысы қатысушы елдердің әлеуметтік саладағы бұдан арғы интеграцияға және ЕАЭО шеңберінде еңбек ұтқырлығы үшін қолайлы жағдайлар жасауға деген ортақ дайындығын растады.
18 қыркүйектің 2025 ЕАЭО-дағы мемлекеттік сатыпалымға қол жеткізу механизмдері Беларусьтағы семинарда талқыланды Минскіде Беларусь Сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырған "ЕАЭО нарықтарына шығу, Беларусь Республикасындағы мемлекеттік сатыпалымдағы преференциялар" семинарында Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі сатыпалым рәсімдеріне қатысу тәртібі, Еуразиялық өнеркәсіптік тауарлар тізіліміне енгізу ерекшеліктері Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік саясат және мемлекеттік сатыпалым саласындағы саясат департаменті директорының орынбасары Алина Казаченоктың қатысуымен қаралды. ЕЭК өкілі мемлекеттік (муниципалдық) сатыпалым мақсаты үшін тауарлардың жекелеген түрлерінің шығарылған елін айқындау қағидаларымен реттелетін өнеркәсіптік тауарларды тізілімге енгізу алгоритмдерін атап өтіп, Комиссияның Еуразиялық тізілімді жүргізу жөніндегі жұмысы туралы хабардар етті. "Комиссия Кеңесінің 2020 жылғы шешімімен бекітілген қағидалар Одақ мемлекеттерінде Еуразиялық тауарлар мен үшінші елдердің тауарларына қатысты преференциялар, шектеулер мен тыйымдар белгіленген жағдайда қолданылады және мұндай жағдайлар үшін ЕАЭО шеңберінде мемлекеттік сатыпалымның ұлттық режимін қамтамасыз етудің пәрменді құралы болып табылады", – деп атап көрсетті Алина Казаченок. Семинарға Беларусь Республикасының Экономика министрлігі мен Монополияға қарсы реттеу және сауда министрлігінің өкілдері қатысты. 
Тағы да көрсету