Жаңылыктар

14.09.2021 (Обновлено: 12.01.2022 17:30)

ЕЭК Кеңесі Бәсекелестік қағидаларын бұзушылық туралы істерді қарау тәртібіне өзгеріс енгізді

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 14 қыркүйекте Еуразиялық экономикалық одақтың трансшекаралық нарықтарындағы Бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзушылық туралы істерді қарау тәртібіне өзгеріс енгізді.

Мұның мақсаты – Комиссияның бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзушылық туралы істер бойынша шешімдерін ЕАЭО мемлекеттерінің мәжбүрлі атқару органдарының орындауы. Қатысушы елдердің атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасында атқарушылық құжаттарда қамтылуға тиіс ақпаратқа қойылатын талаптар айқындалуына байланысты (өзіне қатысты атқарушылық іс қозғау қажет болатын тұлғаны міндетті сәйкестендіру) бұларға бастамашылық жасалған.

Енді Комиссия Алқасы шешімінің өкім ету бөлігінде айыппұлды аударуға болатын банк деректемелері, сондай-ақ өтініш беруші мен жауапкер туралы қажетті мәліметтер (мысалы, жеке тұлғалардың паспорттық деректері мен тұрғылықты жері, заңды тұлғалар үшін тіркеу нөмірі мен мемлекеттік тіркеу күні) көрсетіледі.

Бұдан басқа, өзгерістерге сәйкес мәжбүрлі орындауға Комиссия Алқасы шешімінің көшірмесі емес, бұзушылар санына сәйкес келетін бір данасының міндетті жіберілуі белгіленген. Мұндай даналарды растау және істі қарауға қатысқан тұлғаларға жіберу, таратылуы шектеулі ақпаратты (құпиялы ақпаратты) алып тастай отырып шешім даналарын жолдау тәртібі де айқындалады.

Комиссия қабылдаған шешімдерді іске асыруды бақылау енді ЕЭК-тің бәсекелестіктің жалпы қағидаларын сақтауды бақылау саласында уәкілеттік берілген құрылымдық бөлімшесіне жүктеледі.