тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 6852

19 тамыздың 2025 Экспресс-жүктерге арналған декларацияны толтыру қағидалары қарқынды түрде біріздендірілуде Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 19 тамызда мәліметтерді мәлімдеу тәртібін одан әрі біріздендіруге бағытталған экспресс-жүктер үшін декларацияны толтыру тәртібіне өзгерістер енгізді. Тауарларды уақытша сақтауға орналастыру туралы мәліметтерді ЕАЭО-ның барлық мемлекетінде көрсету қажет болады, ал қазір мұндай ақпарат Одақтың үш елінде ұсынылады. Бұл уақытша сақтауға және декларациялауға байланысты кедендік операцияларды автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бекітілген өзгерістер декларацияда ЕАЭО елдерінің валюталық заңнамасының сақталуына байланысты мәліметтерді мәлімдеуге мүмкіндік береді, бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың оларды жеке ұсынуы қажеттігін болдырмайды және кедендік операцияларды жасау уақытына оң әсер етуі мүмкін. ЕЭК Алқасының 2018 жылғы 28 тамыздағы № 142 шешімімен экспресс-тасымалдаушылар өткізетін сауда айналымы шеңберінде тауарларды кедендік декларациялау кезінде қолданылатын экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияны толтыру нысаны мен тәртібі бекітілді.  
18 тамыздың 2025 ЕАЭО-да үшінші елдермен саудада техникалық тосқауылдарды жою үшін құқықтық база дамытылады Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаменті директорының орынбасары Максим Ким Минскідегі "Қазіргі заманғы сыни шақырыстар жағдайындағы аккредиттеудің жаңа көкжиектері" халықаралық форумында Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші елдер арасындағы өзара саудадағы техникалық тосқауылдарды жою жайында айтып берді. Атап айтқанда, ол техникалық тосқауылдарды жою мәселелерін нысаналы талқылауды бастаудың негізі ЕАЭО туралы шартты дайындау кезінде-ақ қаланғанын атап өтті. 2021 жылы мүше мемлекеттер Үшінші елдермен өзара саудада техникалық тосқауылдарды жою тәртібі мен жағдайлары туралы келісімге қол қойды. Оның негізіне ЕАЭО мен үшінші елдің осындай тосқауылдарды жоюға әкелетін міндеттемелерінің тепе-теңдік қағидаты алынған, ал практикалық уағдаластықтарды іске асыру ЕАЭО мен оған мүше бес мемлекеттің үшінші елмен халықаралық шарты форматында бағамдалады. Одақтың үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялық бірлестіктермен халықаралық шарттары туралы 2018 жылғы келісімде халықаралық шарттар жасасудың экономикалық орындылығына, соның ішінде саудадағы техникалық тосқауылдарды жою мәселелері бойынша бағалау жүргізу көзделген. "Халықаралық шарт жасасудың экономикалық орындылығын бағалау қажеттігіндегі негізгі қиындық – нақты үшінші елмен саудадағы техникалық тосқауылдарды жою туралы болашақ уағдаластықтар қолданылатын өнімдер тізбесін айқындау", – деп атап көрсетті Максим Ким. Комиссия өкілінің сөзінше, ЕАЭО мен үшінші елдің міндетті талаптарының салғастырмалығын айқындау рәсімдері, сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тану жөніндегі жұмыстарға қатысатын сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды тағайындау тәртібі, шетелдік органдарда алынған сәйкестікті бағалау жөніндегі жұмыстардың нәтижелерін тану негізінде ЕАЭО мемлекеттерінде айналысқа түсетін өнімнің қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз ету бұдан арғы талқылаудың нысанасы бола алады. Максим Ким мүше мемлекеттердің, үшінші елдердің, Комиссияның, барлық мүдделі органдардың және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің бірлескен жұмысы осы мәселелерді шешуге көмектеседі және ЕАЭО-ның үшінші елдермен сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге жәрдемдеседі деп үміт білдірді. Форум шеңберінде ЕЭК өкілі Беларусь Республикасы Өнеркәсіп министрлігінің, Мемлекеттік стандарттау комитетінің және Беларусь мемлекеттік стандарттау және сертификаттау институтының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Беларусьтің электрондық паспорттар жүйесінің ұлттық операторы мен "Электрондық паспорт" АҚ электрондық паспорттар жүйесінің әкімшісі арасындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ көлік құралы типіндегі берілген мақұлдаудың, көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктің бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу мәселелері талқыланды.
15 тамыздың 2025 Бақытжан Сағынтаев ЕҮАК отырысы делегациялары басшыларының Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесуіне қатысты Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 14-15 тамызда Шолпан-Атада өтіп жатқан Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының делегациялары басшыларының Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесуіне қатысты. Іс-шара ЕҮАК отырысы қарсаңында кеңейтілген құрамда өтті. Кездесу барысында Еуразиялық кеңістіктегі экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша тыңғылықты пікір алысу болып өтті. Қырғызстан басшысы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық ынтымақтастықты күшейтуге қатысты мәселелердің кең ауқымы қаралатынын атап көрсетті. Атап айтқанда, Тауарлардың ортақ биржалық нарығында биржалық сауда-саттықты дамыту бағдарламасын бекіту; трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйі және бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзушылықтың жолын кесу бойынша қабылданатын шаралар туралы Комиссияның 2024 жылғы есебін талқылау; газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру барысын қарау; Одақ елдерінің 2024-2026 жылдарға арналған үйлестірілген көлік саясатының негізгі бағыттары мен кезеңдерін іске асыру жоспарына өзгерістер енгізу жоспарлануда. Отырысқа қатысушылар теміржол жүк тасымалын цифрландыру, климаттық күн тәртібі, Одақтың еңбек нарығында неғұрлым сұранысты кәсіптер бойынша біліктілік талаптарын жақындастырудың орындылығы және кәсіптік біліктілікті растау тәртібі мәселелерін қарайды. Бұдан басқа, дәрілер мен медициналық бұйымдардың ортақ нарықтарын дамыту тұжырымдамаларын талқылау жоспарланған. Кездесуге Еуразиялық үкіметаралық кеңестің Төрағасы, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Александр Турчин, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов, Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің Төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, сондай-ақ Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Мохаммад-Реза Ареф және Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов қатысты.
15 тамыздың 2025 Андрей Слепнев Иранның Өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Мохаммад Атабакпен еркін сауда туралы келісімді іске асырудың барысын талқылады Еуразиялық үкіметаралық кеңестің алаңында Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев пен Иранның Өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Мохаммад Атабактың жұмыс кездесуі болып өтті. Тараптар ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда туралы 2025 жылғы 15 мамырда күшіне енген келісімді іске асырудың алғашқы қорытындыларын шығарды және ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жөніндегі жоспарларын белгіледі. Осы жылдың күзіне жоспарланған Бірлескен комитеттің бірінші отырысын өткізуге жоғары дайындық атап өтілді, соның шеңберінде Келісімді іске асырудың нақты механизмдерін бекіту жоспарлануда. ЕАЭО мен Иран арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі тиісті жол картасының жобасы келісудің қорытындылаушы сатысында тұр. "Бұл еркін сауда туралы жай ғана келісім емес. Бұл өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейі. Біз түйінді секторлардағы ынтымақтастықты кеңейту мен өзара сауда көлемін ұлғайтудың келешегін көріп отырмыз", – деп атап өтті Андрей Слепнев.
15 тамыздың 2025 ЕАЭО шеңберінде дәрілік заттардың ортақ нарығын дамыту тұжырымдамасы қабылданды 15 тамызда Қырғыз Республикасындағы Шолпан-Атада өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттардың ортақ нарығын дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Құжаттың мақсаты – дәрілердің қауіпсіздігіне, тиімділігі мен сапасына қойылатын міндетті талаптар қағидаттарында осы нарықтың орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Тұжырымдама ЕАЭО-дағы дәрілік заттар нарығының қазіргі жай-күйіне қысқаша шолуды қамтиды. Мұның іс жүзінде 2019 жылы Одақ қағидалары бойынша дәрілік препараттарды тіркеу басталған кезде және ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесі шеңберінде Одақтың GMP қағидаларына сәйкестігін тіркеу, сараптау және инспекциялау саласындағы уәкілетті органдардың ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін жалпы процестер қолданысқа енгізілгенде бастау алғаны атап өтілді. Тұжырымдама нарықты одан әрі дамытудың негізгі бағыттары деп тіркеу рәсімдерін жетілдіру мен оңтайландыруды және дәрі айналысын реттеуді, ақпараттық жүйелер жұмысының тиімділігін арттыруды, Одақ елдерінде инфрақұрылым мен құзыреттерді, олардың фармацевтика өнімі өндірісі кезіндегі ынтымақтастығын дамытуды, халықаралық тәжірибені ескере отырып, дәрі айналысын реттеуді айқындайды. Дәрілік препараттардың ұлттық қағидалар бойынша берілген тіркеу куәліктері 2026 жылға дейін өз күшін сақтайды. ЕАЭО кедендік аумағындағы бұдан арғы айналыс мүмкіндігі үшін мұндай дәрілер тіркеу дерекнамасын Одақ актілеріне сәйкес келтіру рәсімінен өтуге және ЕАЭО-ның тіркелген дәрілік заттарының бірыңғай тізіліміне енгізілуге тиіс. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мүше мемлекеттерде ЕАЭО-ның тіркеу куәліктері бар дәрілік препараттар ғана айналыста болуға тиіс. Үкіметаралық кеңес қабылдаған құжатты іске асыру, сайып келгенде, Одақ елдерінің азаматтары үшін қауіпсіз әрі сапалы дәріге қол жеткізуді арттыруға тиіс.
15 тамыздың 2025 ЕАЭО-да тауарлардың ортақ биржалық нарығында сауда-саттықты дамыту бағдарламасы бекітілді Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Үкімет басшылары Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарына сәйкес әзірленген тауарлардың ортақ биржалық нарығында сауда-саттықты дамыту бағдарламасын бекітті. Құжат төрт бөлімнен тұрады және жалпы ережелерді, іс-шаралар жүйесін, іске асыруды қамтамасыз ету механизмдерін және ресурстармен қамтамасыз етуді кірістіреді. Бағдарлама үш кезеңнен тұрады: ортақ биржалық нарықты қалыптастыру үшін құжаттарды әзірлеу, пилоттық жобаларды іске асыру және имитациялық сауда-саттықты өткізу, сондай-ақ 2029 жылға қарай биржалық нарықтың толық жұмыс істеуін бастау. Бағдарламада 14 іс-шара, соның ішінде Тауарлардың ортақ биржалық нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шартты, Сауда-саттықты ұйымдастырушылар мен инфрақұрылымдық ұйымдар арасындағы келісімді, Одақ органдарының актілерін және сауда-саттықты ұйымдастырушылар арасындағы хаттамаларды әзірлеу және қабылдау бар.
15 тамыздың 2025 Үкімет басшылары ЕАЭО-да климаттық күн тәртібі мәселелерін реттеу жөніндегі тәсілдемелерді іске асыру жоспарын мақұлдады 15 тамызда Шолпан-Атада өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Үкімет басшылары ЕАЭО шеңберінде климаттық күн тәртібі мәселелерін реттеу жөніндегі тәсілдемелерді дамыту бойынша бес жылдық іс-шаралар жоспарын мақұлдады. Келісілген іс-шаралар Тәсілдемелерде көзделген механизмдерді іске асыруға бағытталған. Солардың арасында – Еуразиялық экономикалық комиссия мен мүше мемлекеттердің Одақ шеңберінде ЕАЭО елдерінің климаттық реттелу тудырған тосқауылдарды болдырмау жөніндегі бірлескен жұмысы, сондай-ақ саудаға байланысты климаттық шаралар бойынша халықаралық өзара іс-қимыл бар. Мақұлданған іс-шаралар тізбесі мүше мемлекеттердің климаттық күн тәртібі саласындағы ынтымақтастығы бөлігінде Одақ шеңберінде экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған "Еуразиялық экономикалық жол" декларацияларын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпы жоспарына енгізіледі.
Тағы да көрсету