Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің Төрағасы, Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Алексей Оверчук 2023 жылғы 18 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауы аясында өткен Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммит барысында Еуразиялық экономикалық интеграцияның БҰҰ шеңберіндегі Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпалы тақырыбы бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бірлескен мәлімдемесін ұсынды.
Құрметті Төраға мырза!
Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің – Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы атынан, сондай-ақ ЕАЭО органдарында 2023 жылы төрағалық етуші мемлекеттің өкілі ретінде ЕАЭО шеңберінде экономикалық интеграция процестерін дамыту ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізуіне қалай жәрдемдесетіні туралы хабардар еткім келеді.
Бүгінгі таңда ЕАЭО дамыған интеграциялық өңірлік бірлестіктердің бірі болып табылады, оның шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігі қамтамасыз етіледі. ЕАЭО-ның негізгі міндеті — мүше мемлекеттер азаматтарының әл-ауқатын арттыру болып табылады. Осы мақсатқа орай ынтымақтастықтың жекелеген салаларында ЕАЭО-ның ортақ нарықтарын қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінде ЕАЭО — 184,3 миллионнан астам тұтынушы. Мүше мемлекеттердің жиынтық ЖІӨ 2 триллион АҚШ долларынан асады.
Еуразиялық интеграцияның негізіне оның барлық қатысушысының тең құқықтығы, өзара құрмет және мүдделердің ескерілуі, сондай-ақ кеден одағының алып қоюсыз және шектеусіз жұмыс істеуі қағидаттары салынған. Қалыптасқан тығыз ынтымақтастық оған қатысушы елдердің экономикасын дамытудың қайнар көзі болып табылады.
ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет ұлттық бағдарламалық құжаттарға, даму стратегиялары мен тұжырымдамаларына сүйене отырып, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша нақты қадамдар жасайды.
Сонымен қатар, ЕАЭО шеңберіндегі экономикалық интеграция ОДМ-ға қол жеткізуге ықпал ететін қосымша фактор болып табылады.
ЕАЭО интеграцияның тереңдігі мен ОДМ-ды іске асырудағы прогресс арасындағы өзара байланысты талдаған өңірлік экономикалық интеграция ұйымдары арасындағы алғашқы бірлестік болды. Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) дайындаған және 2017 жылы БҰҰ ЭкӘК Жоғары деңгейдегі саяси форумы барысында таныстырылған "ЕАЭО өңіріндегі ОДМ-ға қолжеткізу көрсеткіштері" баяндамасы 2030-Күн тәртібіне қол жеткізудегі жолымызды одан әрі бағалаудың бастапқы нүктесі болды.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер ЕАЭО құзыреті саласына жатқызылған салаларда ОДМ-ға қолжеткізудің оң қарқынын қанағаттанушылықпен атап өтуде.
ЕАЭО шеңберіндегі статистика саласындағы жатық жұмыс ОДМ-ға қолжеткізудегі прогресті бағалау үшін интеграциялық бірлестік шеңберінде есептелуі мүмкін көрсеткіштер санын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Осы мақсатқа орай мүше мемлекеттер ЕАЭО дамуының басымдықтарын ескеретін ОДМ-ға қолжеткізу көрсеткіштерінің тізбесін айқындады.
Мәселен, ОДМ көрсеткіштеріне ЕАЭО шеңберінде кепілдік берілген тауарлар қозғалысының еркіндігі айтарлықтай әсер етеді.
Біздің мемлекеттеріміздің азаматтары ЕАЭО-да іске асырылған жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігінің практикалық артықшылықтарын сезінеді. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері үшін жұмысқа рұқсат алу, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде берілген білім туралы құжаттарды растау қажет емес.
Біздің елдеріміздің және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде жұмыс істейтін әріптестеріміздің бизнесі бірыңғай көрсетілетін қызметтер нарығының бенефициары болып табылады. ЕАЭО шеңберінде көрсетілетін қызметтердің жалпы көлемінің шамамен 50%-ға жуығы бірыңғай қағидалар бойынша жүзеге асырылады. Бірыңғай құқықтық реттеу режимі қолданылатын қызмет көрсету секторларының саны үнемі артып келеді.
Капитал қозғалысының еркіндігін қамтамасыз ету үшін мүше мемлекеттер 2025 жылға дейін қаржы нарықтарын реттеу саласындағы ұлттық заңнаманы кезең-кезеңімен үндестіру туралы келісті. Бұл жұмыстың нәтижесі ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын және ЕАЭО шеңберінде қаржы нарықтарын реттеу жөніндегі органды құру болады.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ОДМ-ға қолжеткізуіне ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі қомақты үлес қосты. Атап айтқанда, "Шекарасыз жұмыс" бірыңғай іздеу жүйесі жұмыс іздеуді едәуір жеңілдетеді, ал ЕАЭО Цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесі мен Еуразиялық өнеркәсіптік кооперация желісі нарыққа жаңа өнімді шығару және үшінші елдермен кооперацияны күшейту процесін жеделдетеді.
ОДМ-ға қолжеткізу көбінесе климаттық күн тәртібін іске асырудың тиімділігіне байланысты. Біздің бес еліміз тұрақты және қазіргі заманғы энергия көздеріне жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етудің және климаттың өзгеруіне қарсы шаралар қабылдаудың маңыздылығын түсінеді. Климаттық технологиялар және цифрлық бастамалар банкі, соның ішінде көміртек ізін есепке алуға қатысты құрылды, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің жасыл жобалар критерийлерінің тізбесі бекітілді.
ОДМ-ға қол жеткізуде халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор. ЕАЭО интеграциялық құрылымдардың тең құқықты диалогын жақтайды және мұны әлемдік экономикалық архитектураның неғұрлым тиімді жұмыс істеуінің кепілі деп санайды.
Мұндай тәсілдемені әлемнің басқа өңірлеріндегі әріптестеріміз де бөлісетінін қанағаттанушылықпен атап өтеміз.
БҰҰ, оның өңірлік комиссиялары мен БҰҰ жүйесінің ұйымдары тарапынан өңірлік ынтымақтастық мәселелеріне назар аударылып отырғанын да жоғары бағалаймыз.
ОДМ-ға қол жеткізуге бағытталған экономика салаларын реформалау бойынша үздік әлемдік тәжірибені зерделеуге қызығушылық білдіреміз, бұл ЕАЭО-ның одан әрі даму стратегиясын алда тұрған айқындау тұрғысынан аса маңызды болып табылады.
ОДМ-ға қол жеткізу — халықаралық қатынастардың барлық қатысушысына күш-жігерді біріктіру және қолда бар ресурстарды жұмылдыру қажет болатын ортақ іс.
Анықтама
2017 жылы ЕЭК БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ЭкӘК) қолдауы аясында Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форум шеңберінде "ЕАЭО өңірінде БҰҰ ОДМ жетістігі"атты алғашқы баяндамасын ұсынды. Құжатта интеграция тереңдігі мен ОДМды іске асырудағы прогресс арасындағы байланысқа талдау жасалады.
ЕЭК Еуразиялық интеграцияның ЕАЭО шеңберінде ОДМ-ға қол жеткізуге әсері туралы ақпаратты ЭкӘК қолдауы аясында ОДСФ алаңында тұрақты түрде ұсынады және тиісті сайд-ивенттер өткізеді.
Комиссия ТДМ саласындағы, соның ішінде БҰҰ өңірлік комиссияларының алаңдарында өз атқарымдарын ұсынады. 2023 жылғы наурызда ЕЭК БҰҰ ЭСКАТО қолдауы аясында Орнықты даму жөніндегі 10-шы Азия-Тынық мұхиты форумы шеңберінде сайд-ивент ұйымдастырды.
2022 жылдың соңында Еуразиялық экономикалық комиссия «Еуразиялық экономикалық одақ өңірінде Орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу» жинағын жариялады. Жинақта 2017-2021 жылдар ішінде Еуразиялық экономикалық одақта ОДМ-ның өңірлік тізбесінің көрсеткіштеріне қол жеткізу жөніндегі статистикалық деректер бірінші рет берілген. Өңірлік тізбеге 130 индикатор, соның ішінде жаһандық деңгейде мониторинг жүргізу үшін ұсынылған 63 индикатор, сондай-ақ ЕАЭО-дағы даму басымдықтарын көрсететін 67 индикатор кірді.