тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Выберите язык
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 6845

17 қыркүйектің 2025 Бақытжан Сағынтаев Кубаның Ресейдегі Елшісі Хулио Антонио Гармендия Пеньямен жұмыс кездесуін өткізді Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы Куба Республикасының тұрақты өкілі – Куба Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хулио Антонио Гармендия Пеньяның дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты онымен жұмыс кездесуін өткізді. Бақытжан Сағынтаев ЕАЭО елдерінің Кубамен сындарлы диалогы және ынтымақтастығына елеулі жәрдем көрсеткені үшін Хулио Антонио Гармендия Пеньяға алғыс айтып, оған Еуразиялық экономикалық комиссияның "Еуразиялық интеграцияны дамытуға қосқан үлесі үшін" төсбелгісін табыс етті. Тараптар ЕЭК пен Куба Үкіметі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум шеңберіндегі көптеген мәселені талқылады. Бірлескен іс-шаралар жоспары сауданы, банк қызметін, қаржыны, биотехнологияны, ауыл шаруашылығын, ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қоса, ынтымақтастықтың 34 бағытын қамтиды. "Біз ЕАЭО мемлекеттері мен Кубаның тауар айналымындағы ілгерілеушілікті көріп отырмыз. 2024 жылы ол 2015 жылмен салыстырғанда 13,9% өсіп, шамамен 241 млн долларды құрады", — деп мәлімдеді Бақытжан Сағынтаев. Одақ мемлекеттері Кубаға, атап айтқанда, мұнай мен мұнай өнімдерін, бидайды, автомобильдер мен автомобильдің қосалқы бөлшектерін, түрлі аспаптарды экспорттайды. Өз кезегінде ЕАЭО-да Кубаның кофесі, темекі өнімдері сұранысқа ие. ЕАЭО елдерінің азаматтарын Куба туризм тұрғысынан да қызықтырады. 2024 жылы Еуразиялық "бестік" мемлекеттерінен 185 мыңнан астам турист аралға саяхаттап келді, бұл рекордтық көрсеткіш болып табылады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық диалогты жалғастыруға және арттыра түсуге деген өзара мүдделілікті атап көрсетті. 
16 қыркүйектің 2025 Андрей Слепнев Үндістанның Сауда және өнеркәсіп министрі Пиюш Гоялмен келіссөз жүргізді Нью-Делиде (Үндістан) болып өткен кездесуде Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев пен Үндістан Республикасының Сауда және өнеркәсіп министрі Пиюш Гоял Еуразиялық экономикалық одақ пен Үндістан арасында жедел форматта еркін сауда туралы тиімді келіссөздер жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған жол картасы келісілгенін атап өтті. Тараптар сондай-ақ келіссөздердің осы жылдың қараша айының басында Үндістанда өтетін бірінші раундына және болашақ мәміленің түйінді мәселелерін қарастыруға арналған тәсілдемені келісті. Бұл ретте одан бұрын Комиссияның үнділік әріптестермен және ЕАЭО мемлекеттерімен белсенді консультациялары өтетін болады. Министрлер келіссөздерге жан-жақты қолдау көрсету үшін тұрақты байланысу туралы уағдаласты.
16 қыркүйектің 2025 Дәрілерді тіркеу және сараптау қағидалары өзгертілді Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Медициналық қолдануға арналған дәрілік заттарды тіркеу және сараптау қағидаларына өзгерістерді қабылдады. Өзгерістер ЕЭК Кеңесінің 2025 жылғы 22 мамырдағы № 34 шешімімен оңтайландырылған тіркеу дерекнамасын ЕАЭО талаптарына сәйкестендіру рәсімінің ережелерін 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін бұрын мәлімделмеген тану мемлекеттерін қосу бөлігінде өзгерістер енгізу рәсіміне өтініш берген өндірушілер үшін қолдануға мүмкіндік береді. Сөйтіп, осы елдерде ұлттық тіркеу куәліктерінің қолданысын рәсімдерді жүргізу мерзіміне, бірақ 2027 жылғы 31 желтоқсаннан асырмай ұзартумен қамтамасыз етіледі. "Бұл өзгерістер ЕАЭО талаптарына сәйкес келтіру рәсімін жүргізу мерзімдерін Одақтың ортақ дәрі нарығына орайлас өтпелі кезең шеңберінде оңтайландыруға арналған", — деп атап өтті ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Валентин Татарицкий. 
16 қыркүйектің 2025 Людмила Мудрова ЕЭК-тің Қаржы департаментінің директоры болып тағайындалды Людмила Ивановна Мудрова 1980 жылы 21 қыркүйекте Могилев облысының (Беларусь Республикасы) Хотимск қала типтес кентінде туған. 2002 жылы Могилев мемлекеттік техникалық университетін, 2021 жылы Белорус мемлекеттік экономика университетінің аспирантурасын бітірген. 2003 жылғы наурыздан бастап 2007 жылғы наурызға дейінгі аралықта Беларусь Республикасы Салықтар мен алымдар министрлігінің Хотимск ауданы бойынша инспекциясының мемлекеттік салық инспекторынан инспекция бастығының орынбасарына дейінгі лауазымда болды. 2007 жылғы наурыздан тамызға дейін — Беларусь Республикасы Салықтар мен алымдар министрлігінің Могилев облысы бойынша инспекциясының бас мемлекеттік салық инспекторы. 2007 жылғы қыркүйектен 2009 жылғы қазанға дейін Беларусь Республикасы Салықтар мен алымдар министрлігінің бас мемлекеттік салық инспекторы болды. 2009 жылғы қазаннан бастап 2023 жылғы қаңтарға дейін Беларусь Республикасы Мемлекеттік бақылау комитетінің бас маманынан басқарма бастығына дейінгі лауазымды атқарды. 2023 жылғы ақпаннан бастап 2025 жылғы қыркүйекке дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік-тарифтік реттеу және тарифтік емес реттеу департаменті директорының орынбасары болды. 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның Қаржы департаментінің директоры лауазымына тағайындалды.
11 қыркүйектің 2025 ЕЭК және ЕАЭО елдері УЭО институтын жетілдіру жөнінде жұмыс жүргізуде Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеден заңнамасы және құқық қолдану практикасы департаментінің директоры Қуат Рахимовтың басшылығымен 10 қыркүйекте Кедендік реттеу жөніндегі консультативтік комитет жанындағы бейінді жұмыс тобының отырысында Еуразиялық экономикалық одақтағы уәкілетті экономикалық оператор институтын (УЭО) жетілдіру талқыланды. Ресей Федерациясының тәуекел деңгейі төмен адамдардың санаты үшін алдын ала кедендік декларациялауды қолдануды жеңілдету жөніндегі бастамасы қаралды. Декларациялаудың осы ерекшелігін пайдалану кезінде бірқатар кедендік операцияны оңайлату және кеденнің артық хабарламаларынан бас тарту ұсынылады. Бұл өткізу пункттерінде кедендік бақылаудан өтуді жеделдетуге және бизнес шығындарын азайтуға көмектеседі. Резиденттің арнайы экономикалық аймақ шеңберінде УЭО мәртебесін қолдануы бойынша Қазақстан Республикасының ұсынысын қарау жалғастырылды. Бұл арада сөз екі мәртебенің болуы артықшылық әкелуі және резиденттерді УЭО бағдарламасына қосу туралы болып отыр. Сондай-ақ, операторларға кедендік әкелу бажын төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді қамтамасыз етусіз пайдалануға мүмкіндік беретін Армения Республикасының бастамасын іске асыру жөніндегі бұдан арғы қадамдар талқыланды. Бұл өнеркәсіптік өңдеу үшін және ауыл шаруашылығы қызметінде қолданылатын тауарлардың жекелеген санатына қатысты. Уәкілетті экономикалық оператор институты — әріптестік бағдарламасының халықаралық танылған стандарты, ал УЭО — белгілі бір талаптарға сай келетін тұлғалар ретінде кедендік операциялар мен кедендік бақылау жүргізу кезінде оңайлату ұсынылатын тұлғалардың айрықша санаты. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде УЭО институтын дамыту жөніндегі жұмыс тобы 2014 жылы құрылды. Ол Одақта уәкілетті экономикалық операторлар институтын жетілдіру және дамыту жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдайды.
11 қыркүйектің 2025 ЕЭК пен ШЫҰ энергетика және көлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді 9 қыркүйекте Бейжіңде (ҚХР) Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошевтің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) бас хатшысының орынбасары Т.Р. Мидхунмен жұмыс кездесуі болып өтті. Кездесу барысында Арзыбек Кожошев Еуразиялық интеграцияның ЕАЭО және басқа да халықаралық бірлестіктер шеңберінде серпінді дамып келе жатқан процестеріндегі энергетиканың түйінді рөлін атап өтті. Министр сондай-ақ әңгімелесушіні ЕАЭО энергетикалық ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. 2021 жылғы 17 қыркүйектегі ЕЭК пен ШЫҰ Хатшылығы арасындағы Өзара іс-қимыл туралы меморандумға сәйкес бірлескен іс-шаралар жоспарының жобасы тараптардың келісуі сатысында, ол бекітілгеннен кейін бірлестіктердің жұмысы неғұрлым тығыз форматта жалғастырылатын болады. "Комиссия ШЫҰ Энергетикалық клубының қызметін мұқият қадағалайды. Жұмыстарыңыздың маңызды бағыты өзара байланысты энергетикалық және көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту мен салуды қоса, энергетикалық жобаларды дамыту болып табылады. Газ бен мұнайды тасымалдау, сондай-ақ энергетикалық ресурстарға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету мәселелері де ШЫҰ басымдықтарының қатарына кіреді. Бұл, шын мәнінде, ЕАЭО энергия ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыру шеңберінде біз айналысатын нәрсеге өте жақын", – деп атап көрсетті Арзыбек Кожошев.  Тараптар ЕАЭО мен ШЫҰ-ның энергия үнемдеуге және энергия тиімділігін арттыруға орайлас жаңа тәсілдемелерді әзірлеудегі, сондай-ақ жаңғыртылатын энергетиканы дамыту саласындағы өзара іс-қимылын ұйымдастыру перспективаларын талқылады. Бұдан басқа, ЕАЭО мен ШЫҰ-да көлік дәліздерін дамытуға айрықша мән берілетіні атап өтілді. Ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі өзара байланыстылықты дамыту және тиімді көлік дәліздерін құру болып табылады.  "2024 жылдан бастап ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Комиссия Еуразиялық көлік дәліздерін дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға кірісті. Сараптамалық бағалау бойынша, ЕАЭО-дағы транзиттік тасымалдар көлемінің шамамен 70%-ы Еуразиялық көлік дәліздерінің үлесіне тиеді", — деп атап өтті Арзыбек Кожошев.  ЕЭК тиісті халықаралық ұйымдармен және бірлестіктермен, сондай-ақ халықаралық және өңірлік қаржы институттарымен көлік және инфрақұрылым, мультимодальды тасымалдау және жүктерді контейнерлеу салаларын дамыту жөніндегі күш-жігерді үйлестіру тиімділігін арттыруды маңызды деп санайды. Кездесуде ЕАЭО – ШЫҰ форматында көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі іс-шараларға, форумдарға, конференцияларға, ШЫҰ мен Еуразиялық экономикалық комиссияның бейінді жұмыс органдарының отырыстарына өзара қатысу туралы ұсыныстар айтылды. 
Тағы да көрсету