Жаңалықтар

26 Sep 2022 Сыни импорт тауарларының жекелеген түрлеріне қатысты баждың нөлдік ставкалары мен тарифтік жеңілдіктер 2023 жылғы наурыздың соңына дейін ұзартылатын болады Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі тараптардың сыни импорт тауарларының жекелеген түрлеріне қатысты кедендік әкелу бажының нөлдік ставкалары мен тарифтік жеңілдіктерді 2023 жылғы наурыздың соңына дейін ұзарту туралы ұсынысын мақұлдады. Бұл ретте ЕЭК Алқасының құзыретіне жататын бірқатар тауар позициясы бойынша Комиссия Кеңесінің тапсырмасы жөніндегі шешім таяу уақытта қабылданады. «Көктемде қабылданған кедендік-тарифтік реттеу шараларының оң әсеріне қарамастан, олар бойынша баждарды нөлге түсіру немесе тарифтік жеңілдіктер жарты жылға созылатын жекелеген сезімтал позициялар қалды. Сөз бастапқы тізімдегі тауарлардың төрттен бір бөлігі туралы болып отыр», - деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев. Атап айтқанда, ұзарту шикізатқа: фармацевтикалық және химиялық өнімдерге, лактарға, бояғыштарға, тоқыма мен теріні өңдеуге арналған құралдарға, желімдер мен крахмалдардың жекелеген түрлеріне, пластмассаларға, резеңкелер мен олардан жасалған бұйымдарға, целлюлозадан жасалған жекелеген бұйымдарға, жүннен, мақтадан және зығырдан жасалған шикізатқа, химиялық жіптерге, иірімжіптер мен талшықтарға қатысты болады. Тізбеге дәрілік заттар, медициналық жабдықтар, зертханалық зерттеуге арналған реагенттер сияқты дайын бұйымдар да кіреді. Шешім 2022 жылғы 1 қазаннан бастап туындайтын құқықтық қатынастарда қолданылады. Анықтама ЕАЭО-ның экономикалық орнықтылығын арттыруға бағытталған бірінші кезектегі қолдау шараларын көрсету және сыртқы қысым жағдайында ішкі нарықты қажетті тауарлармен молықтыру мақсатында бұдан бұрын ЕЭК Кеңесінің 2022 жылғы 17 наурыздағы № 37, 2022 жылғы 5 сәуірдегі № 46, 2022 жылғы 15 сәуірдегі № 76 шешімдері, сондай-ақ ЕЭК Алқасының 2022 жылғы 12 сәуірдегі №63 және 2022 жылғы 19 сәуірдегі № 66 шешімдері қабылданды. Бұл шешімдер тауарлардың кең номенклатурасына (ЕАЭО СЭҚ ТН-ның 1307 коды) қатысты кедендік әкелу бажының ставкаларын 2022 жылғы 30 қыркүйекке дейін нөлге түсіруді көздейді. Шара ЕАЭО-ның бірқатар еліндегі дайын өнімді тұтынушыларға да, сол сияқты импортқа тәуелді өндірушілерге де елеулі қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
23 Sep 2022 Андрей Слепнев: "2023 жылғы Еуразиялық экономикалық форум шеңберінде Индонезиямен бизнес-диалог өткізу ұсынылады" Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев Мәскеуде ЕЭК Кеңесінің мүшелері қол қойған тиісті тапсырмаға түсіндірме бере келіп мәлімдеді. Түпкілікті шешім әріптес елдің өкілдерімен мәселені пысықтауды ескере отырып қабылданатын болады. «Таяуда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес Индонезиямен еркін сауда туралы келісім жасасу жөніндегі келіссөздерді бастау туралы шешім қабылдады. Келесі жылы келіссөз процесі белсенді сатысында болады деп санаймыз, ал бизнес-диалог өткізу неғұрлым өзекті мәселелер мен тақырыптарды талқылауға ықпал етеді , – деп атап өтті Андрей Слепнев. Осыған байланысты ол Индонезияның АСЕАН-дағы аса ірі экономика екенін және халық саны жағынан әлемдегі төртінші ел болып табылатынын, ал бұдан бұрын сарапшылар жұмысы біздің мемлекеттеріміздің арасындағы сауда қатынастарының айтарлықтай әлеуеті бар екенін көрсеткенін еске салып өтті. Анықтама Статистика деректеріне сәйкес ЕАЭО-ның Индонезиямен тауар айналымы 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 41,5% – 3,7 млрд долл. дейін өсті. Бұл ретте экспорт 34,1% қосты, импорт 44,5% артты. Индонезия Республикасымен еркін сауда туралы келісім жасасу жөніндегі келіссөздер ЖЕЭК-тің 2022 жылғы 27 мамырдағы № 6 шешіміне сәйкес өтетін болады. Еуразиялық экономикалық форум - Еуразиялық экономикалық одақтың Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте, Еуразиялық үкіметаралық кеңесте және ЕЭК Кеңесінде төрағалық етуші Одаққа мүше мемлекетте кезекпен өткізілетін экономикалық саладағы жыл сайынғы іскерлік іс-шарасы болып табылады. 2023 жылы Одақ органдарында Ресей Федерациясы төрағалық етеді.
23 Sep 2022 Жеке тұлғалар үшін тауарларды 1000 еурода бажсыз әкелу шегінің қолданылуы 2023 жылғы 1 сәуірге дейін ұзартылды Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 23 қыркүйектегі отырысында жеке тұлғалар үшін тауарларды 1000 еурода бажсыз әкелу шегінің қолданылуын 2023 жылғы 1 сәуірге дейін ұзартуға шешім қабылданды. Бұдан бұрын Комиссия Кеңесі тасымалдаушылар таситын немесе пошта жөнелтілімдеріндегі, сондай-ақ әуе көлігінен басқа, көліктің барлық түрімен багаж ретінде әкелінетін немесе жаяу жүру тәртібімен әкелінетін тауарлар үшін бажсыз әкелу шегін 1000 еуроға дейін арттырған еді. Мұндай шек уақытша негізде ағымдағы жылғы 1 қазанға дейін белгіленді. Шараны ұзарту азаматтарды санкциялық қысым жағдайында қолдауға және көпшілік қолды тауарлар мен сыни импорт тауарларының тапшылығынан аулақ болуға мүмкіндік береді. Анықтама Бұрын қабылданған шешімдерге сілтемелер: - тауарларды багаж ретінде немесе жаяу жүру тәртібімен әкелу жөніндегі шешім; - тауарларды тасымалдаушы немесе пошта жөнелтілімдерінің әкелуі жөніндегі шешім.
23 Sep 2022 ЕЭК пен VK әлеуметтік желіден "пираттық" контентті алып тастаудың механизмін әзірледі Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақтың IT-компанияларының, соның ішінде VK («ВКонтакте», «Одноклассники» және «Мой мир» әлеуметтік желілері жататын компания) өкілдерімен авторлардың және заңды құқық иеленушілердің құқықтарын бұзатын цифрлық контентті таратуға қарсы әрекет ету механизмін құру үшін консультациялар сериясын өткізді. Әлеуметтік желілерден "пираттық" контентті жедел алып тастау механизмін әзірлеу қажеттігі осы уақытқа дейінгі қолданыстағы тәртіптің алып тастауды тек соттың тиісті шешімі күшіне енгеннен кейін көздейтініне байланысты. Практикада бұл ұзаққа созылатын процесс және осы уақыттың бәрінде заңсыз контент заңды құқық иеленушілерге нұқсан келтіріп, желіде таратылып отырады. Атап айтқанда, Құқық иеленушілер, лицензиарлар және интернетте авторлық құқықтарды қорғау жөніндегі лицензиаттар қауымдастығы ЕЭК атына жолдаған өз өтініштерінде осы проблеманы көрсетті. Консультациялардың қорытындысы бойынша әзірленген механизм құқық иеленушінің құқыққа сыйымсыз орналастыру туралы арызы бойынша "пираттық" контентті әлеуметтік желіден бірнеше сағат ішінде алып тастауға көмектеседі. ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Арман Шаққалиев жаңа механизмді түсіндіре келіп, зияткерлік қызметтің нәтижелерін коммерцияландырудың цифрлық құралдары елеулі кіріс әкелетінін және бұл нарықтағы дамыған бәсекелестік орта пайдаланушылар мен құқық иеленушілердің мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. "Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО-ның монополияға қарсы органдарымен және IT-компаниялардың өкілдерімен бірлесіп, бұдан арғы өзара іс-қимылды және цифрлық нарықтардағы адал бәсекелесікті қолдау үшін қажетті құралдарды әзірлеу қажеттігін ортақ түсінуге қол жеткізді», – деп атап өтті министр.
23 Sep 2022 Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау тәуекелдікті бағалаумен толықтырылды Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 23 қыркүйекте Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы мен шекарасында мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды (бақылауды) жүргізу тәртібіне өзгерістерді қабылдады. Жаңа енгізілімдер құжатқа мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды (бақылауды) жүзеге асыру туралы ережелерді тәуекелдікті бағалауды ескере отырып енгізуге бағытталған. Бұл неғұрлым "тәуекелдікті топтардың" өнімін тұтыну/пайдалану кезінде адам организміне теріс әсер етуден аулақ болуға мүмкіндік береді. Өнімнің неғұрлым "тәуекелдікті топтарын" белгілеуге, оны қадағалауды күшейтуге және адам денсаулығына келтірілетін зиянның аса тәуекелдікті болуын қалыптастырмайтын өнімге қатысты әкімшілік күш-салмақты азайтуға көмектеседі. Бұдан басқа, өнімді өндірушілер мен жеткізушілерге түсетін әкімшілік күш-салмақ азайтылатын болады. Қадағалау тәртібінде бекітілген норма осы жылғы 31 наурызда Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа енгізілді.
23 Sep 2022 ЕЭК Кеңесінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі отырысының қорытындылары Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 23 қыркүйектегі отырысында біріздендірілген қағидалар бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде көп мәртелік электрондық сигареттерді және ұқсас жеке электрондық буландырғыш құрылғыларды таңбалауды енгізу туралы шешім қабылдады. ЕЭК Кеңесі ЕЭК Алқасының сыртқы электрондық сауда саласында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде пилоттық жобаны жүргізу кезінде пайдаланылатын жедеғабыл жүктерге арналған тауарлар декларациясына түзетуді толтыру ерекшеліктерін айқындау мүмкіндігін көздеді. ЕЭК Кеңесінің мүшелері Индонезия Республикасымен бизнес-диалог өткізуге қатысты тапсырмаға қол қойды. Одақтың сүт өнімдеріне және балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімге қатысты техрегламенттеріне өзгерістер енгізілді. Сүт өнімдеріне және балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімге қатысты техрегламенттерге өзгерістер енгізілді Орфандық және жоғары технологиялық дәрілік препараттарды таңбалаудың оңайлатылған жүйесі бекітілді. ЕАЭО кедендік аумағы мен шекарасында мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды (бақылауды) жүргізу тәртібіне өзгерістер қабылданды. Жеке тұлғалар үшін тауарларды 1000 еурода бажсыз әкелу шегінің қолданылуын 2023 жылғы 1 сәуірге дейін ұзартуға шешім қабылданды. ЕЭК Кеңесінің мүшелері Одақтың кедендік аумағында ветеринариялық мақсаттағы диагностикалық құралдардың айналысын реттеудің бірыңғай қағидаларын қабылдады. ЕЭК Кеңесінің келесі отырысы 7 қазанда бейнеформатта өтеді.
23 Sep 2022 ЕЭК Жастар кеңесі мен Федералдық жастар ісі жөніндегі агенттік ынтымақтастықты тереңдетеді 21 қыркүйекте Федералдық жастар ісі жөніндегі агенттікте ("Росмолодежь") Протокол және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің директоры, ЕЭК Жастар кеңесінің төрағасы Данияр Турусбеков пен "Росмолодежь" басшысының орынбасары Денис Ашировтың жұмыс кездесуі болып өтті. Кездесу барысында жастар күн тәртібінің мынадай өзекті мәселелерін талқылау болып өтті: - Қырғыз Республикасының Чолпон-Ата қаласында өткізілген ТМД және ЕАЭО-ның І Жастар форумының қорытындылары, соның ішінде жастар делегациялары қатысушыларының ЕАЭО елдері Үкіметтері мен халықаралық ұйымдар басшыларымен іскерлік таңғы ас кезінде ұсынған бастамалары; - ЕЭК Алқасы Төрағасының Еуразиялық жастар бастамаларын іске асыру қорын құруға қатысты бастамасы; - Ресей Федерациясының 2023 жылғы ЕАЭО органдарында төрағалық етуі шеңберіндегі бірлескен жобалар және 2021-2022 жылдары өткен бірлескен іс-шаралар;  - ЕАЭО кеңістігіндегі тағылымдамадан өтудің жалпы бағдарламасының, жастар кәсіпкерлігінің және жастар туризмінің мәселелері. Тараптар сондай-ақ 2022-2024 жылдарға арналған Ынтымақтастық бағдарламасын пысықтау және қол қою жұмысын жандандыруға уағдаласты. Данияр Турусбеков Алқа Төрағасының жастар бастамаларын қарау және пысықтау бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияда "бірыңғай терезе" құру мен дамытуға қатысты тапсырмасын іске асыру жөнінде Комиссияда жүргізілген жұмыс туралы айтып берді. Сөзін қорыта келіп, Данияр Турусбеков Федералдық жастар ісі жөніндегі агенттіктегі әріптестеріне ТМД және ЕАЭО-ның І Жастар форумындағы белсенді жұмысы үшін айрықша алғыс айтты және Еуразиялық экономикалық одақтың игілігі жолында алдағы уақыттағы жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді.
Тағы да көрсету