тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 7020

25 қарашаның 2025 Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі кеңес ЕАЭО шеңберінде саланы дамытуды талқылады ЕАЭО елдерінің аграрлық ведомстволарының басшылары мен Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және АӨК жөніндегі министрі Гоар Барсегян 25 қарашада Минскіде Еуразиялық экономикалық одақтың Агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің отырысында мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешендерінің жай-күйін, перспективалары мен тиімділігін арттыру жолдарын талқылады. АӨК-те кооперациялық жобаларды қаржылық қолдау механизмін құру тәсілдемелері қаралды, осы бағытта бірлескен жұмысты жандандыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. "Агроөнеркәсіптік кешен үшін бұл – Одақ мемлекеттерінің әлеуетін біріктіруге бағытталған бірлескен жобаларды қолдаудың жаңа шарасы. Біз механизм бірінші кезекте жоғары технологиялық жобаларды іске асыру кезінде сұранысқа ие болады деп санаймыз. Сонымен бірге, оны АӨК-тің барлық саласында және оның инфрақұрылымында қолдануға болады", – деп атап өтті ЕЭК министрі.  Кеңес ЕАЭО шеңберінде экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясын іске асыруды талқылады. "Қазіргі заманғы жағдайда агроөнеркәсіптік кешен – бұл жоғары технологиялық сала, ол тек инновациялық модель негізінде ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Біз АӨК-тің технологиялық дамуын жеделдету және саланың жалпы қолданбалы міндеттерін шешу үшін күш біріктіруіміз керек", – деп атап көрсетті Гоар Барсегян.  Отырысқа қатысушылар АӨК-тегі ҒЗТКЖ тізбесінің жобасын мақұлдады және Еуразиялық қант қызылшасы будандарын құру бойынша пилоттық бірлескен зерттеуді іске асыру туралы уағдаласты. Сапар шеңберінде Гоар Барсегян сонымен қатар "Минск трактор зауыты" ААҚ және "Беларусь ұлттық биотехнологиялық корпорациясы" ЖАҚ-та болып, Беларусьтің машина жасау жетістіктерінің көрмесімен, астықты тереңірек өңдеуді, жоғары сапалы жемшөп қоспаларын, амин қышқылдарын қоса, АӨК өнімдерін өндіру кезіндегі қазіргі заманғы технологиялармен танысты.
24 қарашаның 2025 Максим Ермолович: "Біз ЕАЭО шеңберінде бәсекелестік құқықты сақтау үшін қосымша ынталандыру жасаймыз" Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович Минскіде Еуразиялық экономикалық одақ Сотының ЕАЭО кеңістігінде құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету туралы VIII халықаралық конференциясына қатысты. "Еуразиялық экономикалық одақтың трансшекаралық нарықтарындағы бәсекелестіктің жалпы ережелері" сессиясында Максим Ермолович одақтық құқықтағы құқық қолдану практикасының нәтижелері және ЕАЭО Сотымен өзара іс-қимыл жасау бойынша мұндай нарықтардағы монополияға қарсы бұзушылықтардың ескіру мерзімдері, сондай-ақ Комиссия Алқасының бұзушылықтар туралы істер жөніндегі шешімдерінде ұйғарылған "мінез-құлық талапшарттарын" орындамағаны үшін жосықсыз субъектілердің жауапкершілігі мәселелері реттелгенін атап өтті. Комиссия Алқасының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы ережелерінің сақталуын бақылау саласындағы шешімдеріне дау айту туралы жеке тұлғалардың ЕАЭО Сотына жүгіну құқығын көздейтін Одақ туралы шартқа түзетулер пакеті мемлекетішілік келісуге шығарылды. Субъектінің өзіне айып тағылған құқық бұзушылық туралы хабардар болуын қамтамасыз ететін істерді қарау тәртібіне түзетулерді осы жылдың желтоқсан айында ЕЭК Кеңесіне енгізу жоспарлануда. "Аталған түзетулер Одақ елдерінің азаматтары мен заңды тұлғаларына өз мүдделерін жақсырақ қорғауға көмектеседі", – деп атап көрсетті Максим Ермолович.  Ол сондай-ақ Бәсекелестік жөніндегі блоктың мүше мемлекеттермен бірлесіп Қазақстан тарапының 2025-Стратегиясы жөніндегі бастамасы шеңберінде зардап шеккен тұлғаның Одақ мемлекетінің сотына трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзу нәтижесінде келтірілген залалды өтеу туралы дауталаппен жүгіну мүмкіндігі туралы жүргізіп жатқан жұмысына назар аударды. "Субъектілердің залалды өтеу жөніндегі мүмкіндіктерін дамыту одақтық трансшекаралық кеңістікте бәсекелестік құқықты сақтау үшін қосымша ынталандыру болады", – деп түйіндеді ЕЭК министрі. 
23 қарашаның 2025 Бақытжан Сағынтаев ЮНИДО Бас конференциясының 21-ші сессиясына қатысты Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 23 қарашада Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) 2025 жылғы Жаһандық өнеркәсіптік саммит шеңберінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму жөніндегі бас конференциясының (ЮНИДО) 21-сессиясының жұмысына қатысты. Жоғары деңгейдегі кездесуде "Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдетудегі инвестициялар мен әріптестіктің күші" басты тақырып болды. Мемлекет және Үкімет басшылары, министрлер, халықаралық ұйымдардың басшылары, жеке және банк секторларының өкілдері кең ауқымды мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, әлемдік индустрияландырудағы ілгерішілдікке қол жеткізудің жаңа тәсілдемелері қарастырылды. Форум делегаттары кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау, инвестициялар тарту, технологиялар трансфері үшін үйлестірілген ынтымақтастық, сауданы дамыту, жұмыс орындарының санын арттыру, жаңа логистика тізбектерін қалыптастыру, сондай-ақ БҰҰ ОДМ іске асыру арқылы өнеркәсіпте экологиялық орнықтылыққа жәрдемдесу тақырыптарын сөз етті. Тараптар жаһандық өнеркәсіптік күн тәртібі мәселелерін тиімді шешу үшін бизнеске арналған нақты бағдарларды тұжырымдау қажет деген пікірге келісті. Талқылаудың нәтижелері мен түйінді қорытындылары ЮНИДО-ның жыл сайынғы есебіне енгізіледі. Еуразиялық экономикалық комиссия БҰҰ жүйесінің өнеркәсіптік даму мәселелері бойынша, соның ішінде бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыру бөлігіндегі қарымды ұйымы ретінде ЮНИДО-мен өзара іс-қимылға ерекше мән береді. ЮНИДО — Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі. Ұйымның негізгі мақсаты — дамушы елдерде және өтпелі экономикасы бар елдерде өнеркәсіптік дамуға жәрдемдесу және жеделдету, сондай-ақ халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастықты ілгерілету. Бас конференция — ЮНИДО-ның жоғары директивалық органы, оны барлық 173 мүше мемлекет екі жылда бір рет шақырады. 
23 қарашаның 2025 ЕЭК пен ЮНИДО Ынтымақтастық туралы декларация қабылдады 23 қарашада Эр-Риядта Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму жөніндегі бас конференциясының (ЮНИДО) 21-ші сессиясы аясында Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев пен ЮНИДО бас директоры Герд Мюллер Ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. "Бүгінде өнеркәсіптік саясат пен орнықты даму саласындағы міндеттердің ауқымын ескере отырып, біз ынтымақтастықты жаңа, неғұрлым жүйелі және өлшенімді деңгейге шығаруға мүдделіміз. Сондықтан біз осы декларацияға қол қоюға ерекше мән береміз. Құжат ЕАЭО мемлекеттерінің тұжырымды ұстанымын көрсетеді", – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев. Декларация өзара іс-қимыл үшін орнықты негіз жасайды, бірлескен жұмыс қағидаттарын тиянақтайды, цифрландыруды, энергия тиімділігін арттыруды, жасыл шешімдерді ендіруді, шағын және орта кәсіпорындарды дамытуды қоса, бірқатар бағыт бойынша ортақ бастамалар тізбесін кеңейтуге мүмкіндік береді. Комиссия үшін ЮНИДО-ның талдамалары мен әдіснамалық тәсілдемелерін қолдану ерекше мәнге ие. Бұл бізге өз стратегияларымызды жаһандық трендтермен салыстыруға және Еуразиялық интеграциялық бірлестік шеңберінде неғұрлым салыстыра тексерілген шешімдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді", — деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының басшысы Герд Мюллермен кездесу барысында.  Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі нығайту бойынша жүйелі жұмысқа дайын екендіктерін білдірді. 2014 жылы Еуразиялық экономикалық комиссия мен ЮНИДО Ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжат өзара іс-қимылды тереңдетудің басым бағыттары мен форматтарын айқындады. Қарымды интеграциялық және мемлекетаралық бірлестіктермен жүйелі диалогты дамыту ЕАЭО-ның халықаралық қызметінің басты басымдықтарының бірі болып табылады. 
21 қарашаның 2025 Валентин Татарицкий: "Одақтың техникалық регламенттерін біркелкі қолдану – техникалық реттеудің бірыңғай жүйесіне деген сенімді қамтамасыз етудің маңызды құралы" Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Валентин Татарицкий 20 қарашада Минскіде ЕАЭО Сотының халықаралық конференциясының пленарлық сессиясында Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерін мүше мемлекеттерде біркелкі қолданудың қажеттілігі мен маңыздылығы, одақтық органдардың техникалық реттеу процестеріндегі рөлі туралы айтты. "Еуразиялық экономикалық кеңістікте техникалық реттеудің бірыңғай жүйесін құру – біздің базалық құралымыз. Тікелей әрекет ететін құжаттар мәртебесіне ие бола отырып, ЕАЭО техникалық регламенттері өндірушілер, импорттаушылар мен тұтынушылар арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеу жүйесін құрып қана қоймай, сонымен бірге, кооперациялық және сауда байланыстарының негізіне, өзара сауданың талапшарттары туралы мемлекетаралық уағдаластықтың нысанасына айналды", – деп атап өтті Валентин Татарицкий. ЕЭК министрі ЕАЭО шеңберінде техникалық реттеудің бірыңғай жүйесі актілеріндегі құқықтық олқылықтарды жоюдың жаңа шешімдерін сөз етті. Бұл ретте ол техникалық регламенттер нормаларын қолдануда біркелкілікке қол жеткізу құралдарына айрықша назар аударды. Валентин Татарицкийдің сөзінше, техникалық регламенттің мазмұнын дер кезінде жариялап, орындаушыларға жеткізу, ЕАЭО немесе нақты мүше мемлекет деңгейінде шешімдерді талап ететін проблемалық жағдаятты анықтауға мүмкіндік беретін кері байланыс механизмі ретінде пайдаланылатын техникалық регламенттерді қолдану мониторингі – Одақтың 2024-2025 жылдары күшіне енген техникалық регламенттері мен оларға орайлас стандарттар тізбесінің ғылыми-техникалық деңгейін міндетті кезеңдік бағалау рәсімімен толықтырылды.  "Мұндай бағалау біздің елдерімізде қауіпсіздік талаптарының жоғары деңгейін сақтауға бағытталған", – деді ЕЭК министрі.  Қазір Комиссия мүше мемлекеттермен бірлесіп Одақтың техникалық регламенттерін қолдану бойынша түсіндірмелер дайындау тәртібімен жұмыс істеу үстінде. "Осы жылдың желтоқсан айында Комиссия Алқасы тәртіп жобасын қарауға тиіс. Біз техникалық регламенттердің ережелерін қолдану бойынша түсіндірмелерді дайындау рәсімі Одақтың техникалық регламенттерін қолдануға қойылатын бірыңғай тәсілдемені қамтамасыз етудің тағы бір маңызды және сұранысқа ие құралы болады деп ойлаймыз. Ол қазіргі бар техникалық реттеу жүйесіне толығымен кірігеді және оны "қайта ыңғайластыруға" ықпал етеді", – деп нақтылады Валентин Татарицкий.
21 қарашаның 2025 Гоар Барсегян: "ЕАЭО жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосуда" Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегян Римде Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) штаб-пәтерінде осылай деп мәлімдеді. "Жаһандық азық-түлікпен қамтамасыз етудің маңыздылығын тани отырып, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері әлемдік аграрлық нарыққа жоғары сапалы өнім беру арқылы аштыққа қарсы күреске елеулі үлес қосуда. Одақ бидайдың, күнбағыс майының және мұздатылған балықтың әлемдік жетекші экспорттаушысы, шамасы жағынан бидай ұны мен рапс майының екінші ірі экспорттаушысы, арпа мен шрот бойынша үшінші экспорттаушы болып табылады", – деп атап өтті ЕЭК министрі.  Гоар Барсегян ФАО бас директорының бірінші орынбасары Маурицио Мартинмен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар АӨК-дегі өзара іс-қимылдың, соның ішінде мүше мемлекеттер экономикасының тұрақты дамуы үшін жағдай жасау, аграрлық секторды жан-жақты жаңғырту, кооперация және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі перспективалық бағыттарын айқындады. ЕЭК министрінің ЕАЭО елдерінің ФАО жанындағы дипломатиялық өкілдіктерінің және Римдегі басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларымен жұмыс кездесулері барысында агроөнеркәсіптік кешендегі интеграцияны тереңдетудің перспективалы бағыттары мен мәселелері талқыланды.  "Бестік" елдерінің бірлескен іс-қимылы әлемде туындайтын сыни шақырыстарға қарсы тұруға және Одақтың жаһандық азық-түлікпен қамтамасыз ету саласындағы маңызды әріптес ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Еуразиялық экономикалық комиссия мүше мемлекеттермен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, жұрттың бәрі үшін неғұрлым орнықты, тұрақты, инклюзивті және аштықтан азат болашаққа қол жеткізу мақсатында өңірлік ұйымдармен және елдермен стратегиялық әріптестікті жалғастыруға әрі тереңдетуге дайын", – деп атап көрсетті Гоар Барсегян.  Гоар Барсегянмен жұмыс кездесулеріне ЕАЭО елдерінің дипломатиялық миссияларының басшылары және ФАО-ға мүше 20-дан астам мемлекеттің өкілдері қатысты.  Іс-шара Беларусь Республикасының 2025 жылғы ЕАЭО органдарына төрағалығы шеңберінде ұйымдастырылды. 
21 қарашаның 2025 ЕЭК пен ЕАЭО мемлекеттері УЭО үшін оңайлатуды кеңейтудің жаңа шараларын талқылады 19-20 қарашада ЕЭК Кеден заңнамасы және құқық қолдану практикасы департаментінің директоры Қуат Рахимовтың басшылығымен Кедендік реттеу жөніндегі консультативтік комитет жанындағы жұмыс тобының отырысы өтті. Уәкілетті экономикалық операторлар (УЭО) үшін оңайлатуларды кеңейтуге және оларды қолдану практикасына баса назар аударылды. Тараптар өткізу пункттерінде тауарлар шығару мүмкіндігімен операторлар үшін алдын ала декларациялауды оңтайландыру, сондай-ақ кеден органының рұқсатынсыз УЭО алаңдарында кеден қоймасының рәсіміне сәйкес орналастырылған тауарларға қатысты операциялар жүргізу жөніндегі ұсыныстарды талқылады. Қамтамасыз етуді ұсынбай кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеуде УЭО-ны қолдану мүмкіндігі туралы бастаманы талқылау жалғастырылды. УЭО және үшінші тұлғалардың қатысуымен көпжақты мәмілелер шеңберінде өткізілетін тауарларды декларациялау кезінде оңайлату қолдану ерекшеліктері қаралды. Сарапшылар операторлардың ыңғайлылығы мен оңайлатуларды заңсыз пайдалануды болдырмау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету үшін осы мәселені қосымша талдау қажеттігін атап өтті. Уәкілетті экономикалық оператор институты бизнес пен кеден органдарының өзара іс-қимылының халықаралық танылған құралы болып табылады. УЭО мәртебесі компанияларға белгіленген талаптарға сәйкес бірқатар жеңілдік береді. УЭО институтын дамыту жөніндегі жұмыс тобы 2014 жылы құрылды және ЕАЭО шеңберінде оны жетілдіру бойынша ұсыныстарды қалыптастырумен айналысады.
20 қарашаның 2025 Арзыбек Кожошев түйінді сыни шақырыстарды және ТМД елдері энергетикасының даму жолдарын атап айтты Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев Мәскеудегі халықаралық форум шеңберіндегі "Әлемдік энергетикалық нарық – орнықты даму мақсатына орай болашаққа көзқарас" сессиясында ЕЭК-тің тиісті саладағы БҰҰ Орнықты даму мақсаттарын іске асыруына орайлас тәсілдемелерін ұсынды.   Пікірсайысқа қатысушылар таяу жылдардағы әлемдік энергия нарығының даму перспективалары туралы бірқатар маңызды мәселені, соның ішінде энергетика трансформациясының макроэкономикаға әсерін, жаңартылатын энергия көздеріне қызығушылықтың артуын, энергия ауысудың экономикалық тиімділігін, елдер және бизнес үшін тәуекелдер мен мүмкіндіктерді талқылады. Сессия спикерлері өзекті сыни шақырыстарға, стратегиялық басымдықтарға және ТМД мемлекеттері дамуының бағыттарына айрықша назар аударды. "Барлық қазіргі заманғы және сенімді энергия көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуге қатысты 7-ОДМ біздің жұмысымыздың негізі болып табылады. Энергетикалық қауіпсіздік, ресурстардың қолжетімділігі және экологиялық орнықтылық ЕАЭО елдерін дамытудың негізгі бағдары болып қала береді. Экологиялық орнықтылық жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту және энергия үнемдейтін технологияларды ендіру арқылы қоршаған ортаға әсерді азайтуды бағамдайды", – деп атап көрсетті Арзыбек Кожошев. ЕЭК министрінің пікірінше, "бестік" мемлекеттері Еуразиялық интеграцияның артықшылықтарын пайдалана отырып, энергетикалық сектордың жаһандық трансформациясының сыни шақырыстарына дәйекті түрде жауап береді. Таяудағы жылдары іске қосылуы күтілетін электр энергиясы, газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары кезең-кезеңімен қалыптасуда. "Энергетикалық қауіпсіздікке қойылатын талаптардың артуы және экономика қажеттіліктерінің өсуі энергия көздерін әртараптандыруды дамудың түйінді факторына айналдырады. Бұл ретте баламалы энергетиканы дамыту бүкіл Еуразиялық өңір үшін орнықты және теңгерімделген энергетикалық модельді қамтамасыз ете отырып, дәстүрлі генерацияның сенімді әлеуетіне сүйенуге тиіс", – деп қорытындылады ЕЭК министрі.
Тағы да көрсету