ЕАЭО мен Индонезия еркін сауда туралы келіссөздерді аяқтады
10.07.2025

Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев пен Индонезия Республикасының экономикалық мәселелер жөніндегі үйлестіруші министрі Айрлангга Хартарто еркін сауда туралы келісім жасасу жөніндегі келіссөздердің аяқталғаны жайында хабарлады. Тараптардың диалогы БКБ режимінде өтті.

"Еуразиялық экономикалық одақ қарымды достас елдермен экономикалық әріптестік желісін дамытуды жалғастыруда. Ал Индонезияның БРИКС мүшесі әрі Оңтүстік Шығыс Азияның халқы 300 млн адамға жақындайтын ірі экономикасының бірі болып табылатыны белгілі", – деп атап өтті Андрей Слепнев.

ЕЭК министрі әріптестің тарапынан Еуразиялық "бестік"мемлекеттерімен ынтымақтастыққа деген дәстүрлі қызығушылық бар екенін еске салды. Атап айтқанда, 2023 жылы II Еуразиялық экономикалық форум аясында Мәскеуде "ЕАЭО-Индонезия" ауқымды бизнес-диалогы болып өтті.

"Баждардың төмендеуі абсолютті түрде ЕАЭО-ның Индонезиямен саудасының шамамен 3 миллиард долларына әсер етеді. Келісім күшіне енгеннен кейін таяудағы 3-5 жыл ішінде біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе артады деп санаймыз. Индонезияға ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп топтарының тауарлары бойынша жеткізілімдердің айтарлықтай өсуін күтеміз", — деп атап көрсетті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі.

Андрей Слепневтің сөзінше, ЕАЭО Индонезия нарығында, мысалы, полимерлер, тыңайтқыштар, энергия тасымалдаушылар, карьерлік самосвалдар, құбырлар, металдар және түсті металдардан жасалған өнімдер сияқты позицияларға, электр және механикалық жабдықтардың кең номенклатурасына преференциялы қол жеткізе алады. Сөз бидай, ұн, құрғақ сүт, кондитерлік өнімдер, ірі қара малдың халал еті, құс жеткізу жайында да болып отыр.

Келісім оған қол қойылғанға дейін мемлекетішілік келісудің тиісті рәсімдерінен өтуге тиіс.