Жаңалықтар

18.10.2024

ЕАЭО шикізаттың құрамында бағалы металдар бар жекелеген түрлеріне қатысты әкелу баждарын үш жылға арнап нөлге түсірді

2027 жылғы 31 желтоқсанды қоса санай отырып, құрамында бағалы металл немесе бағалы металдар қосылыстары бар минерал текті шикізаттың жекелеген түрлеріне қатысты кедендік құнның 0%-ы мөлшерінде ЕАЭО БКТ-ның кедендік әкелу баждарының ставкаларын белгілеу туралы шешім қабылданды.

"Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақтағы бағалы металдар нарығында өндірістік қуаттарды толық жүктеу үшін шикізат көздерінің қоры жеткіліксіз. ЕАЭО-ның кейбір мемлекеттеріне қатысты қолданыстағы экономикалық шектеулерді ескере отырып, бизнес жаңа әріптес елдерден өнім жеткізудің жүйелерін құра бастайды. Алайда кедендік әкелу баждарын төлеу қажеттілігі мұндай жеткізілімдерді тиімсіз етеді", – деді ЕЭК Кедендік-тарифтік реттеу және тарифтік емес реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян.

Оның сөзінше, кедендік-тарифтік реттеудің мақұлданған шарасы шектеулерді жеңуге көмектеседі әрі өңдеуші және аффинажды кәсіпорындардың дамуына ықпал етеді, өндірістік қуаттардың жүктелу дәрежесін арттыруға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Қазір қарастырылып отырған тауарларға қатысты ЕАЭО БКТ кедендік әкелу баждарының ставкалары 3-тен 15%-ға дейін құрайды.

ЕЭК Кеңесі қажетті өзгерістерді Комиссияның басқа актілеріне де енгізді.

Қарастырылып отырған тауарлардың жекелеген түрлеріне қатысты ЕАЭО ішкі нарығындағы шикізат тапшылығын ескере отырып, Комиссия Алқасының 2016 жылғы 25 қазандағы № 117, 2018 жылғы 22 мамырдағы №87 және 2021 жылғы 1 наурыздағы № 20 шешімдеріне сәйкес бұрын да кедендік әкелу баждарының нөлдік ставкалары қолданылды.