Ішкі сұранысқа, мемлекеттік инвестицияларға және өңірлік сауданың белсенді жаңа конфигурациясына негізделген Еуразиялық экономикалық одақтың экономикасы орнықты өсу көрсетуде. Еуразиялық экономикалық комиссияның Макроэкономикалық саясат департаментінің директоры Асқар Жаппарқұлов бұл туралы 9 қазанда Алматыда өткен Солтүстік және Орталық Азияның Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) іске асыру жөніндегі VIII көпжақты форумында мәлімдеді.
Асқар Жаппарқұлов ОДМ-ның 8 "Үдемелі, толық қамтылған және орнықты экономикалық өсуге, толық әрі нәтижелі жұмыспен қамтуға және барлығы үшін лайықты жұмысқа жәрдемдесу" сессиясында, атап айтқанда, 2023 жылы ЕАЭО-ның ЖІӨ әлемдік экономиканың өсу қарқынынан озып, 3,8% артқанын атап өтті. Үстіміздегі жылғы экономикалық даму қарқыны одан да жоғары – жарты жылдықтың қорытындысы бойынша Одақтың ЖІӨ 4,6% өсті.
Комиссия өкілі одақтас елдердің орнықты өсуіне қол жеткізу құралдарының бірі - ЕАЭО-ның жасыл трансформациясы болып табылады деп атап көрсетті. Бұл тұрғыда ЕЭК әзірлеген маңызды құжат - Одақта жасыл экономика қағидаттарын ендіру тұжырымдамасы болып табылады. Бұл құжатты дайындау-ОДМ-ға қол жеткізуді жеделдету үшін интеграциялық әлеуетті пайдалануға қарай жасалған нақты қадам.
"Тұжырымдама экологиялық реттеудің ұлттық жүйелерін өзара тануға ықпал ететін жасыл экономиканы дамытудың бірыңғай тәсілдемесін ұсынады. Бұл, өз кезегінде, экологиялық немесе климаттық негіздер бойынша енгізілетін шектеу шараларынан – "климаттық тосқауылдардан" аулақ болуға мүмкіндік береді", – деп түйіндеді Асқар Жаппарқұлов.
ЭСКАТО өкілдері Солтүстік және Орталық Азия елдерінің өңірі алдында 2030 жылға қарай ОДМ-ға қол жеткізуде елеулі сыни шақырыстар тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар, ЕАЭО-ның жұмыс істеу мақсаттарымен корреляцияланғандарды қоса, жекелеген ОДМ бойынша алға басу байқалады, мысалы, 8 ОДМ және 17 ОДМ. Одақ елдері олар бойынша жақсы нәтиже көрсетуде. Мәселен, Армения өңірдегі ЖІӨ өсу қарқыны бойынша көшбасшылар сапында. 17 ОДМ бойынша Одақтың барлық мемлекеті ОДМ-ға қол жеткізу мониторингі бойынша өздерінің статистикалық мүмкіндіктерін жақсартты. Сөйтіп, Еуразиялық интеграция ЕАЭО мемлекеттерінің Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуін жеделдетеді деген тезис расталды.
ЭСКАТО субөңірлік кеңсесі ұйымдастырған VIII форумға Дүниежүзілік банктің, Азия даму банкінің, Еуразиялық даму банкінің, Халықаралық еңбек ұйымының, ФАО, ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, сондай-ақ Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан делегациялары қатысты.