Жаңалықтар

25 сәуірдің 2025 Арзыбек Кожошев Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрі Бакыт Сыдыковпен жұмыс кездесуін өткізді Бішкекте Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев пен Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрі Бакыт Сыдыков жұмыс кездесуін өткізді. Келіссөздер барысында тараптар ЕАЭО-да көлік және энергетика саласындағы интеграцияны дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Еуразиялық көлік дәліздерін дамытудың, цифрлық технологияларды ендірудің және энергия ресурстарының ортақ нарықтарын құрудың маңыздылығы атап өтілді. "Тасымалдардың үздіксіз процестері мен жіксіз болуын қамтамасыз етудің, олардың қауіпсіздігін арттырудың, көлік құралдарының тоқтап қалу уақытын азайтудың және басқару қызметін автоматтандырудың объективті қажеттілігі нарық қатысушыларын интеллектуалды көлік жүйелерін белсенді ендіруге ынталандырады", – деп атап өтті Арзыбек Кожошев. Сондай-ақ, министрлер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жобасының көлік және энергетика бөлігіндегі тармақтарын келісу барысын талқылады.
25 сәуірдің 2025 Руслан Давыдов Еуразиялық интеграцияны дамытудағы кедендік реттеудің маңызы туралы айтты Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов "Кеден: кеше, бүгін, ертең" ғылыми-практикалық конференциясында Еуразиялық экономикалық одақтағы кедендік реттеудің өзекті мәселелері туралы айтты. Цифрландыру, бизнеспен өзара іс-қимыл, халықаралық интеграция және заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды. Руслан Давыдовтың сөзінше, дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, қатысушы елдердің кедендік реттеу саласында тығыз ынтымақтастығы болған жағдайда ғана интеграциялық процестер табысты бола алады. Кеденнің негізгі міндеттерінің бірі – сауда рәсімдерін жеңілдету әрі жеделдету болып табылады, нәтижесінде шығындар азаяды, өзара сауда көлемі артады және ыңғайлы бизнес-орта құрылады. Бүгінгі таңда кеден органдары электрондық декларация және автоматтандырылған бақылау жүйелері сияқты қазіргі заманғы технологияларды белсенді түрде ендіруде, бұл жұмыс тиімділігін айтарлықтай жақсартуға және шекарада жүктерді өңдеу уақытын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, инвестицияларды ынталандырады және Еуразиялық интеграциялық бірлестіктерге қатысушы елдердің экономикасын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды. "Бізде ЕАЭО туралы шарт бойынша бірыңғай кедендік реттеу, бірыңғай кедендік аумақ, үшінші елдермен тауарлар саудасының бірыңғай режимі бар және біз біріздендіруге ұмтылуымыз керек. Бұл біздің Одақтың бірыңғай кедендік аумақ ретіндегі халықаралық бәсекеге қабілеттілігі, оның транзиттік әлеуеті мәселесі. Құрлықтың жетіден бір бөлігі – Еуразиялық одақ, бұл Қытай мен Еуропа арасындағы көпір. Дегенмен, біз географиялық артықшылықтарымызды толығымен жүзеге асыруымыз керек", – деп атап өтті Руслан Давыдов. Конференция Жеңіс күні қарсаңында өткендіктен, ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі кеденшілердің Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қол жеткізуге қосқан үлесіне бөлекше назар аударды. Ол соғыс кезінде тауарларды жеткізудің негізгі маршруттары Қиыр Шығыс пен Иран Ислам Республикасы арқылы өткенін, бұл жалпы белсенді дамып келе жатқан "Батыс-Шығыс" және "Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық дәліздеріне сәйкес келетінін атап көрсетті.
24 сәуірдің 2025 Арзыбек Кожошев: «Көлік байланыстылығы мен ЖЭК-ті дамыту ЕАЭО-дағы орнықты дамудың драйвері бола алады" Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев Бішкекте таулы өңірлердің орнықты даму перспективаларына арналған "Жаһандық тау диалогы" халықаралық конференциясына қатысты. Министр өз сөзінде осы өңірлерде өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторы ретінде көлік және энергетикалық инфрақұрылымды жақсартудың маңыздылығын атап өтті. Министр Қырғыз Республикасының бірегей таулы ландшафт пен елеулі табиғи ресурстарға ие бола отырып, оң экономикалық серпінді жалғастырып келе жатқанын атап көрсетті. 2024 жылы ел экономикасы рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді, ал ЖІӨ 9% өсті. Алайда таулы өңірлер оқшаулану, климаттық тәуекел және ішкі көші-қон сияқты айрықша қиындықтарға тап болады, бұл мемлекеттік саясатты әзірлеуде айрықша тәсілдемені қажет етеді. Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде Арзыбек Қожошев "Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан" және "Балықшы – Кочкор – Макмал» темір жолдарының құрылысы бойынша түйінді жобаларды, сондай-ақ шалғай өңірлермен әуе қатынасын күшейтуді бөліп көрсетті. Энергетикалық тақырыпқа ерекше назар аударылды. Қырғызстан жаңғыртылатын энергия көздерінің әлеуетін белсенді дамытуды жалғастыруы қажет, бұл таулы аумақтарды орнықты энергиямен қамтамасыз етуге көмектеседі әрі шығарындыларды азайтуға және мұздықтарды сақтауға ықпал етеді. "ЖЭК-ті дамыту және гидроэнергетикалық әлеуетті ашу қол жеткізу қиын таулы аудандарда энергиянға қолжетімділікті арттырудың, сондай-ақ энергияның сыртқы жеткізілімдеріне тәуелділікті азайтудың маңызды қадамы болып табылады, бұл әсіресе ЕАЭО елдерінің таулы өңірлері үшін маңызды", – деп атап көрсетті министр. Министр өз сөзін таулы өңірлердің әлеуетін іске асыру және олардың орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге шақырумен аяқтады.
24 сәуірдің 2025 ЕАЭО елдері орташа әлемдік деңгейден жоғары экономикалық өсу қарқынын сақтады Интеграция және макроэкономика жөніндегі министр Эльдар Алишеровтің төрағалық етуімен өткен Макроэкономикалық саясат жөніндегі консультативтік комитеттің отырысында әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары мен перспективалары және мүше мемлекеттердің макроэкономикалық саясат саласында қабылдаған шаралары туралы 2024 жылғы баяндама қаралды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсу қарқыны орташа әлемдік деңгейден асып түсті: жиынтық ЖІӨ 4,4% артты. Түйінді макроэкономикалық көрсеткіштердің көпшілігі оң серпін көрсетті. Мүше мемлекеттер қабылдаған шаралар макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, теңгерімсіздіктерді уақытылы алдын ала ескертуге және реттеуге бағытталған. Отырыста Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің экономикалық дамуының орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштер мониторингінің нәтижелері ұсынылды. Жалпы ЕАЭО елдерінің көпшілігінде бюджеттік және борыштық орнықтылық сақталатыны атап өтілді. Сонымен бірге баға тұрақтылығына қол жеткізу мүше мемлекеттердің макроэкономикалық саясаты басымдықтарының бірі болып қала береді. Отырысқа қатысушылар болжау жүйесіне орайлас тәсілдемелерді жетілдіруде әлеуметтік-экономикалық дамудың ресми болжамдарын дайындау үшін пайдаланылатын болжамдардың сыртқы параметрлерінің аралық сандық мәндерін келісу тәртібіндегі өзгерістерді талқылады. Макроэкономикалық саясат жөніндегі консультативтік комитет Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі келісілген макроэкономикалық саясат мәселелері бойынша қорытындылар, ұсыныстар, ұсынымдар дайындауды және консультациялар өткізуді қамтамасыз ететін Комиссия Алқасы жанындағы консультативтік орган болып табылады.  ЕАЭО туралы шарттың 63-бабына сәйкес экономикалық дамудың орнықтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштерге инфляция деңгейі, мемлекеттік басқару секторы бюджетінің тапшылығы және мемлекеттік басқару секторының борышы жатады.
24 сәуірдің 2025 Максим Ермолович Ресей ФМҚ-ның мерейтойлық іс-шараларына қатысты Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович Ресей Федерациясының монополияға қарсы органдарының 35 жылдығына орайластырылған мерейтойлық іс-шараларда сөз сөйледі. Федералдық монополияға қарсы қызметтің кеңейтілген Алқа отырысында Максим Ермолович Ресейдің ФМҚ және оның аумақтық органдарының Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде сұранысты пәрменді заңнаманы және табысты бәсекелестік құқық қолдану құрудағы үлкен рөлін атап көрсетті. "Ресей Федерациясының монополияға қарсы органдары еркін бәсекелестікті қамтамасыз ету жөніндегі маңызды миссияны сәтті орындауда. Монополияға қарсы бесінші пакет, картельдерді және бәсекелестікті шектейтін басқа да келісімдерді анықтау мен жолын кесу жөніндегі жаңа ведомствоаралық бағдарлама, әлеуметтік маңызы бар нарықтарда Федералдық монополияға қарсы қызмет жүргізетін жұмыс – мұның бәрі Ресей ФМҚ-ның бәсекелестікті қорғау мүдделеріне шынайы берілгендігін көрсетеді", – деп атап өтті ЕЭК министрі. Іс-шаралар шеңберінде цифрлық нарықтардағы бәсекелестік проблемаларын зерттеу бойынша БРИКС жұмыс тобының отырысы (БРИКС+форматында) өтті.
24 сәуірдің 2025 Максим Ермолович ТМД-ның бәсекелестік жөніндегі іс-шараларына қатысты Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңестің (МСМК) жұмысына қатысты. Ол Комиссияның өзі басқарған блогының өткен жылғы қызметі, МСМК және ұлттық бейінді органдармен өзара іс-қимыл туралы айтып берді. "Ресейдің ФМҚ мен ЕЭК түрлі форматта: "5+1" кеңестерінің, МСМК, ТМД мемлекеттерінің монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтарды бірлескен тергеп-тексеру жөніндегі штаб алаңдарында, бәсекелестікті адвокаттандыру жөніндегі іс-шаралар және басқалар шеңберінде ынтымақтасады. Бұл бүкіл Еуразиялық кеңістікте бәсекелестік ведомстволарының қызметін үйлестіруге көмектеседі", – деп атап көрсетті Максим Ермолович. Комиссияның бәсекелестік жөніндегі блогының өкілдерін қоса, Бірлескен тергеп-тексеру жөніндегі штаб отырысына қатысушылар осы саладағы бұзушылықтар профилактикасы және оларды жою мысалдары туралы айтып, маркетплейстердің қызметіне байланысты жұмыс тәжірибесімен, жасанды интеллекттің бәсекелестік жағдайына әсерімен және т. б. алмасты. Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңес (МСМК) 1993 жылы құрылды. Ол ТМД мемлекеттерінің өкілетті өкілдерінен құрылады. МСМК жұмысы ең алдымен ТМД елдерінің ұлттық бәсекелестік заңнамасын және оны озық халықаралық тәжірибе негізінде қолдану практикасын жетілдіруге бағытталған.
23 сәуірдің 2025 Александр Кудрявцев ЕЭК-тің Істерді басқару департаментінің директоры болып тағайындалды Александр Вячеславович Кудрявцев 1984 жылы 13 қыркүйекте Минск қаласында туған. 2007 жылы Минск басқару институтын, 2018 жылы Беларусь Республикасы Президентінің жанындағы Басқару академиясын бітірді. 2009 жылғы қазан айынан бастап 2010 жылғы қарашаға дейін Минскінің Зауыт ауданы әкімшілігінің экономика басқармасының экономикалық даму және талдау бөлімінің бас маманы болып істеді. 2010 жылғы қарашадан 2012 жылғы қазан айына дейін Беларусь Республикасы Сауда министрлігі бөлімінің бас экономисі болды. 2012 жылғы қазан айынан бастап 2015 жылғы желтоқсанға дейін Беларусь Республикасы Президенті Істер басқармасының Күрделі құрылыс бас басқармасының жинақталым және материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы болып істеді. 2015 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы сәуірге дейін – Беларусь Республикасы Министрлер Кеңесі Аппаратының ұйымдастырушылық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы. 2025 жылғы 22 сәуірде ЕЭК-тің Істерді басқару департаментінің директоры болып тағайындалды.
Тағы да көрсету