Жаңалықтар

29.12.2023

БҰҰ-ның 2018 – 2022 жылдары ЕАЭО-дағы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу туралы жинақ жарық көрді

Еуразиялық экономикалық комиссияның Статистика департаменті «Еуразиялық экономикалық одақ аймағында орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу» жинағын жариялады. Жинақта Еуразиялық экономикалық одақтағы ОДМ өңірлік тізбесінің 2018-2022 жылдардағы көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша статистикалық деректер ұсынылған. Өңірлік тізбеге 130 индикатор, соның ішінде жаһандық деңгейде мониторинг жүргізу үшін ұсынылған 63 индикатор, сондай-ақ ЕАЭО-дағы даму басымдықтарын көрсететін 67 индикатор кірді.

Мәселен, 2022 жылы ЕАЭО елдерінде, яғни Беларусь халқының 3,9%, Қырғызстанда 33,2%-ға дейін кедейлік шегінде тұрады. Кедейлердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда бұрынғы деңгейде қалған Қазақстанды қоспағанда, Одақтың барлық елдерінде төмендеді.

Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстанда (4,5%-ға) және Қырғызстанда (5,0%-ға) нақты ақшалай кірістер өсті. Нақты жалақы Беларусьті қоспағанда, ЕАЭО-ның барлық елдерінде өсті. Бұл ретте оның өсуі Ресейде 0,3%-дан бастап Қырғызстанда 20,5%-ға дейінгі мөлшерді құрады.

2022 жылы үй шаруашылықтарының тұтыну шығындарының жалпы сомасындағы азық-түлік өнімдері мен алкогольсіз сусындарға жұмсалған шығындар үлесі ЕАЭО елдерінің көпшілігінде төмендеді және Ресейде 32,9%-дан Қазақстанда 51,2%-ға дейін құрады.

Болжамды өмір сүру ұзақтығы 2021 жылмен салыстырғанда ЕАЭО-ның барлық елдерінде өсті. Ер адамдардың өмір сүру ұзақтығы Ресейде 67,57 жастан Арменияда 71,43 жасқа дейін, әйелдердің өмір сүру ұзақтығы Қырғызстанда 76,31 жастан Қазақстанда 78,41 жасқа дейін болды. 2022 жылы аналардың өлу коэффициенті ЕАЭО-ның барлық елдерінде төмендеді.

ЕАЭО-да орта кәсіптік білім алушылардың саны 4,3 млн адамды құрады және жоғары білім алатын адамдардың саны 5,3 млн адамды құрап, барлық елде ұлғая түсті, бұл өсім ЕАЭО елдерінің көпшілігінде байқалады. Балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту ЕАЭО-ның барлық елдерінде ұлғайды және Қырғызстандағы мектеп жасына дейінгі балалардың 26,4%-дан Беларусьтегі балалардың 89,2%-на дейін құрады.

ЕАЭО бойынша жұмыссыздық деңгейі орта есеппен 0,7 пайыздық тармаққа қысқарды. ЕАЭО-да жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санындағы әйелдердің үлесі 2021 жылмен салыстырғанда 0,1 пайыздық тармаққа ұлғайды, бұл ретте әйелдердің басшы лауазымдардағы үлесі тек Қазақстанда ғана өсті (1,8 пайыздық тармаққа).

Толығырақ статистикалық ақпарат Статистика департаменті бетіндегі «Статистикалық жарияланымдар» бөлімінде берілген.

Анықтама

2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы «Әлемді өзгерту. 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы күн тәртібі» қарарын қабылдады. Орнықты даму саласындағы күн тәртібі кешенді сипаттағы әрі орнықты дамудың үш компонентінің – экономикалық өсудің, әлеуметтік интерацияның және экологиялық орнықтылықтың теңгерімділігін қамтамасыз ететін 17 мақсатты және 169 міндетті кірістіреді.

Орнықты даму мақсаттары кедейлік пен аштықты жаппай жоюға, елдер ішіндегі және олардың арасындағы теңсіздікті азайтуға, саламатты өмір салтын және барлық адам үшін өмір бойы әділ де сапалы білім мен оқытуды, гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге, қымбат емес, сенімді, орнықты энергия көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуге, үдемелі, бәрін қамтитын және орнықты экономикалық өсуге жәрдемдесуге, толық әрі өнімді жұмыспен қамтуға және барлық адам үшін лайықты жұмысқа, экологиялық орнықтылықты және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты басқа да салаларды қамтамасыз етуге бағытталған.

Орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу мониторингі мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымы Статистикалық комиссиясының 47- сессиясында Орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізудің және орнықты даму саласындағы 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібін орындаудың Жаһандық көрсеткіштер жүйесі әзірленіп, мақұлданды.

Орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу көрсеткіштерінің өңірлік тізбесі 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, еңбек ресурстары мен капиталдың еркін қозғалысын іске асыру жөніндегі мақсаттарын ескере отырып, жаһандық көрсеткіштер жүйесі негізінде әзірленді және Статистика жөніндегі консультативтік комитеттің 2022 жылғы 25 сәуірдегі отырысында мақұлданды. Оған 130 индикатор кірді, соның ішінде 63-і жаһандық деңгейдегі мониторинг үшін ұсынылғандар, сондай-ақ 67 индикатор Еуразиялық экономикалық одақтағы даму басымдықтарын бейнелейді.