тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 6869

28 сәуірдің 2025 ЕЭК пен Мысырдың бәсекелестік ведомствосы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермоловичтің Мысырға жұмыс сапары шеңберінде 28 сәуірде ЕЭК пен Мысырдың бәсекелестік ведомствосы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат осы жолдағы әріптестікті нығайту мақсатында бәсекелестік саясат және монополияға қарсы реттеу саласындағы бірлескен жұмысқа бағытталған. Меморандум ынтымақтастықты жүзеге асырудың нақты нысандарын, соның ішінде бәсекелестік қағидаларын бұзушылықты тергеп-тексеру, тауар нарықтарын зерттеу тәжірибесімен алмасуды, ЕЭК пен Мысырдың бәсекелестік ведомствосы өткізетін бірлескен іс-шараларға қатысуды, бірлескен кездесулер, консультациялар, тақырыптық семинарлар мен конференциялар ұйымдастыруды қамтиды. Меморандумға қол қою рәсімінде Максим Ермолович: "Біз бұған дейін-ақ Мысырмен практикалық диалог орнатқанбыз, оны бүгін ресми түрде бекітіп отырмыз. Комиссияның нәтижелі өзара іс-қимылды нығайту үшін Меморандумда баяндалған ережелерді тиімді іске асыруға дайын екендігін растағым келеді. Мұндай әріптестік – біздің елдерімізде адал бәсекелестікті қамтамасыз етудің кілті", – деп атап өтті.
28 сәуірдің 2025 Максим Ермолович: "Мысырдың бәсекелестік ведомствосы сан қырлы тәжірибесі, құзыреті бар және кәсібилігі басым күшті реттеушіге айналды" Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович 28 сәуірде Каирде (Мысыр) "Мысыр бәсекелестік ведомствосына 20 жыл: кезеңдер мен болашақ перспективалар" конференциясына қатысты. Мысыр Премьер-министрінің қамқорлығы аясында өткен іс-шара бәсекелестік саясат саласындағы өзекті мәселелер мен сыни шақырыстарды талқылау үшін бәсекелестік ведомстволарының, халықаралық ұйымдардың көшбасшыларын, мемлекеттік қызметшілер мен сарапшыларды жинады. Максим Ермолович Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің Мысырмен арадағы бәсекелестік саласындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, елдің осы саладағы негізгі жетістіктеріне тоқталды және Мысырдың Африка өңіріндегі бәсекелестік әріптестікті дамыту көшбасшыларының бірі ретіндегі рөлін атап көрсетті. ЕЭК министрі Мысырмен ынтымақтастықтың заңнамалық жаңартпалармен алмасу, бәсекелестіктің бұзылуына тергеп-тексеру жүргізу тәжірибесі, секторлық, сондай-ақ биржалық сауда-саттықта талдау жүргізуді қоса, тауар нарықтарын зерттеу сияқты перспективалық бағыттарына баса назар аударды. "Біз Мысырдағы әріптестеріміздің жетістіктерін жоғары бағалаймыз және бәсекелестік саласындағы заң шығармашылығы мен құқық қолданудың бірегей тәжірибесін таратуға, ендіру мүмкіндігіне немесе ауқымдандыра түсуге мүдделіміз", – деп атап көрсетті Максим Ермолович. Іс-шара шеңберінде соттар мен парламенттердің бәсекелестік саласындағы тиімді құқық қолдануды қамтамасыз етудегі рөлін, бәсекелестіктің экономикалық өсім мен инвестицияларға әсерін талқылауға арналған тақырыптық сессиялар өтті.          
28 сәуірдің 2025 ЕЭК-те жасанды интеллектің трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйіне әсері зерделенеді Еуразияның трансшекаралық нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жасанды интеллектің әсері Еуразиялық экономикалық комиссияның Монополияға қарсы реттеу департаментінің директоры Сергей Максимовтың қатысуымен өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтарды бірлескен тергеп-тексеру жөніндегі штабтың және Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңестің (МСМК) отырыстарында дербес талқыланды. Іс-шараға қатысушылар ЕЭК бұл тақырыпты Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің уәкілетті органдарымен, сарапшылық және іскер топтарымен неғұрлым ізеуіртті пысықтай алады деген қорытындыға келді. Департамент өкілдері сондай-ақ цифрлық нарықтардағы бәсекелестік проблемаларын зерттеу жөніндегі БРИКС жұмыс тобының (БРИКС+ форматы) отырысына қатысты, онда маркетплейстер мен цифрлық платформалардың қызметін бақылауды жетілдіру жөніндегі тәсілдемелер қаралды. 2024 жылы Монополияға қарсы реттеу департаменті цифрлық нарықтар мен электрондық платформалардың қызметін зерттеу кезінде қолданылатын жалпы тәсілдемелерді қалыптастырды. Бұл жұмыстың нәтижелері "ЕАЭО кеңістігіндегі цифрлық нарықтар: зерттеудің, монополияға қарсы реттеу мен құқықтық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында ұсынылды.
25 сәуірдің 2025 Арзыбек Кожошев Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрі Бакыт Сыдыковпен жұмыс кездесуін өткізді Бішкекте Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев пен Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрі Бакыт Сыдыков жұмыс кездесуін өткізді. Келіссөздер барысында тараптар ЕАЭО-да көлік және энергетика саласындағы интеграцияны дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Еуразиялық көлік дәліздерін дамытудың, цифрлық технологияларды ендірудің және энергия ресурстарының ортақ нарықтарын құрудың маңыздылығы атап өтілді. "Тасымалдардың үздіксіз процестері мен жіксіз болуын қамтамасыз етудің, олардың қауіпсіздігін арттырудың, көлік құралдарының тоқтап қалу уақытын азайтудың және басқару қызметін автоматтандырудың объективті қажеттілігі нарық қатысушыларын интеллектуалды көлік жүйелерін белсенді ендіруге ынталандырады", – деп атап өтті Арзыбек Кожошев. Сондай-ақ, министрлер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жобасының көлік және энергетика бөлігіндегі тармақтарын келісу барысын талқылады.
25 сәуірдің 2025 Руслан Давыдов Еуразиялық интеграцияны дамытудағы кедендік реттеудің маңызы туралы айтты Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов "Кеден: кеше, бүгін, ертең" ғылыми-практикалық конференциясында Еуразиялық экономикалық одақтағы кедендік реттеудің өзекті мәселелері туралы айтты. Цифрландыру, бизнеспен өзара іс-қимыл, халықаралық интеграция және заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды. Руслан Давыдовтың сөзінше, дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, қатысушы елдердің кедендік реттеу саласында тығыз ынтымақтастығы болған жағдайда ғана интеграциялық процестер табысты бола алады. Кеденнің негізгі міндеттерінің бірі – сауда рәсімдерін жеңілдету әрі жеделдету болып табылады, нәтижесінде шығындар азаяды, өзара сауда көлемі артады және ыңғайлы бизнес-орта құрылады. Бүгінгі таңда кеден органдары электрондық декларация және автоматтандырылған бақылау жүйелері сияқты қазіргі заманғы технологияларды белсенді түрде ендіруде, бұл жұмыс тиімділігін айтарлықтай жақсартуға және шекарада жүктерді өңдеу уақытын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, инвестицияларды ынталандырады және Еуразиялық интеграциялық бірлестіктерге қатысушы елдердің экономикасын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды. "Бізде ЕАЭО туралы шарт бойынша бірыңғай кедендік реттеу, бірыңғай кедендік аумақ, үшінші елдермен тауарлар саудасының бірыңғай режимі бар және біз біріздендіруге ұмтылуымыз керек. Бұл біздің Одақтың бірыңғай кедендік аумақ ретіндегі халықаралық бәсекеге қабілеттілігі, оның транзиттік әлеуеті мәселесі. Құрлықтың жетіден бір бөлігі – Еуразиялық одақ, бұл Қытай мен Еуропа арасындағы көпір. Дегенмен, біз географиялық артықшылықтарымызды толығымен жүзеге асыруымыз керек", – деп атап өтті Руслан Давыдов. Конференция Жеңіс күні қарсаңында өткендіктен, ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі кеденшілердің Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қол жеткізуге қосқан үлесіне бөлекше назар аударды. Ол соғыс кезінде тауарларды жеткізудің негізгі маршруттары Қиыр Шығыс пен Иран Ислам Республикасы арқылы өткенін, бұл жалпы белсенді дамып келе жатқан "Батыс-Шығыс" және "Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық дәліздеріне сәйкес келетінін атап көрсетті.
24 сәуірдің 2025 Максим Ермолович ТМД-ның бәсекелестік жөніндегі іс-шараларына қатысты Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңестің (МСМК) жұмысына қатысты. Ол Комиссияның өзі басқарған блогының өткен жылғы қызметі, МСМК және ұлттық бейінді органдармен өзара іс-қимыл туралы айтып берді. "Ресейдің ФМҚ мен ЕЭК түрлі форматта: "5+1" кеңестерінің, МСМК, ТМД мемлекеттерінің монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтарды бірлескен тергеп-тексеру жөніндегі штаб алаңдарында, бәсекелестікті адвокаттандыру жөніндегі іс-шаралар және басқалар шеңберінде ынтымақтасады. Бұл бүкіл Еуразиялық кеңістікте бәсекелестік ведомстволарының қызметін үйлестіруге көмектеседі", – деп атап көрсетті Максим Ермолович. Комиссияның бәсекелестік жөніндегі блогының өкілдерін қоса, Бірлескен тергеп-тексеру жөніндегі штаб отырысына қатысушылар осы саладағы бұзушылықтар профилактикасы және оларды жою мысалдары туралы айтып, маркетплейстердің қызметіне байланысты жұмыс тәжірибесімен, жасанды интеллекттің бәсекелестік жағдайына әсерімен және т. б. алмасты. Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңес (МСМК) 1993 жылы құрылды. Ол ТМД мемлекеттерінің өкілетті өкілдерінен құрылады. МСМК жұмысы ең алдымен ТМД елдерінің ұлттық бәсекелестік заңнамасын және оны озық халықаралық тәжірибе негізінде қолдану практикасын жетілдіруге бағытталған.
24 сәуірдің 2025 Арзыбек Кожошев: «Көлік байланыстылығы мен ЖЭК-ті дамыту ЕАЭО-дағы орнықты дамудың драйвері бола алады" Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев Бішкекте таулы өңірлердің орнықты даму перспективаларына арналған "Жаһандық тау диалогы" халықаралық конференциясына қатысты. Министр өз сөзінде осы өңірлерде өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторы ретінде көлік және энергетикалық инфрақұрылымды жақсартудың маңыздылығын атап өтті. Министр Қырғыз Республикасының бірегей таулы ландшафт пен елеулі табиғи ресурстарға ие бола отырып, оң экономикалық серпінді жалғастырып келе жатқанын атап көрсетті. 2024 жылы ел экономикасы рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді, ал ЖІӨ 9% өсті. Алайда таулы өңірлер оқшаулану, климаттық тәуекел және ішкі көші-қон сияқты айрықша қиындықтарға тап болады, бұл мемлекеттік саясатты әзірлеуде айрықша тәсілдемені қажет етеді. Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде Арзыбек Қожошев "Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан" және "Балықшы – Кочкор – Макмал» темір жолдарының құрылысы бойынша түйінді жобаларды, сондай-ақ шалғай өңірлермен әуе қатынасын күшейтуді бөліп көрсетті. Энергетикалық тақырыпқа ерекше назар аударылды. Қырғызстан жаңғыртылатын энергия көздерінің әлеуетін белсенді дамытуды жалғастыруы қажет, бұл таулы аумақтарды орнықты энергиямен қамтамасыз етуге көмектеседі әрі шығарындыларды азайтуға және мұздықтарды сақтауға ықпал етеді. "ЖЭК-ті дамыту және гидроэнергетикалық әлеуетті ашу қол жеткізу қиын таулы аудандарда энергиянға қолжетімділікті арттырудың, сондай-ақ энергияның сыртқы жеткізілімдеріне тәуелділікті азайтудың маңызды қадамы болып табылады, бұл әсіресе ЕАЭО елдерінің таулы өңірлері үшін маңызды", – деп атап көрсетті министр. Министр өз сөзін таулы өңірлердің әлеуетін іске асыру және олардың орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге шақырумен аяқтады.
Тағы да көрсету