тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 6966

14 қазанның 2025 ЕЭК Фармацевтикалық инспекцияларды жоспарлау жөніндегі нұсқаманы бекітті Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Фармацевтикалық инспекцияларды жоспарлау жөніндегі нұсқаманы тәуекелді бағалау негізінде Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті өндірістік практикасы қағидаларының талаптарына сәйкестігіне орай бекітті. Нұсқама әрбір жеке өндірістің тәуекелін бағалау негізінде дәрілік заттарды өндіретін алаңдарда фармацевтикалық инспекциялар жүргізудің жиілігін, көлемін және кезеңділігін анықтау бойынша ұсынымдарды қамтиды. Технологиялық процестің ерекшеліктеріне және шығарылатын дәрілердің қауіптілігіне байланысты ішкі факторлар, сондай-ақ өндірістік практика қағидаларын бұзу салдарынан туындайтын тәуекел ескеріледі. Құжатты қолдану ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің фармацевтикалық инспектораттарына инспекция жүргізудің жыл сайынғы жоспарын (графигін) іске асыру үшін ресурстарды оңтайлы жоспарлауға мүмкіндік береді, сондай-ақ инспекцияны өткізу кезеңділігіне қарамастан, олардың нәтижесін тануға орайлас Одақ құқығында бекітілген тәсілдемені сақтайды. Тәуекелді-бағдарлы тәсілдемені қолдану фармацевтикалық өндірушілерге процестерді оңтайландыруға және тәуекелді азайту арқылы дәрі өндірісінің тұрақтылығы мен сенімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл сонымен қатар инспекциялық топтарды қабылдауға байланысты қаржылық ресурстарды үнемдейді.
13 қазанның 2025 Арзыбек Кожошев: "ЕАЭО сыни шақырыстарды еңсеру үшін бірыңғай көлік-логистика кеңістігін қалыптастырады" Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Кожошев 13 қазанда Мәскеуде өткен "Еуразиялық логистика күні" халықаралық форумының пленарлық сессиясы шеңберінде мәлімдеді. Іс-шараны Еуропалық бизнес қауымдастығы (ЕБҚ) және Трансеуразиялық тасымалдар жөніндегі халықаралық үйлестіру кеңесі (ТТҮК) ұйымдастырды. Арзыбек Кожошев ЕАЭО үш басымдыққа: тауарлардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуге, көлік жүйесінің тиімділігі мен байланыстылығын арттыруға, көлік қызметтерін көрсетудің ортақ нарығын құруға шоғырланғанын атап өтті. Бұл мақсат халықаралық үйлестіру, инфрақұрылымдық жобалар және жаһандық логистика тосқауылдарын жоятын және жаңа мүмкіндіктер ашатын цифрлық технологияларды ендіру арқылы жүзеге асырылады. Көлікті цифрландыру, атап айтқанда, электрондық жүкқұжаттарды, навигациялық пломбаларды ендіру және интеллектуалдық көлік жүйелері тұжырымдамасын іске асыру есебінен цифрландыру халықаралық логистиканың тиімділігін айтарлықтай арттырады, оны жіксіз ете отырып, әкімшілік тосқауылдарды азайтады. Сайып келгенде, мұның бәрі елдер арасындағы тауар айналымының өсуіне оң әсер етеді, деп атап өтті Арзыбек Кожошев. Бұл ретте ЕАЭО "Бір белдеу – бір жол", Солтүстік теңіз жолы және Транскаспий маршруты жобаларын қоса, жаһандық бастамалармен өзара іс-қимыл бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Балтық теңізінен Каспий арқылы Үнді мұхитына дейінгі "Солтүстік-Оңтүстік" дәлізінің дамуы жеделдеуде, ал Астрахан мен Ақтау порттарын жаңғырту және жаңа темір жолдар қазірдің өзінде жүк ағынының өсуіне оң әсерін тигізуде. "ЕАЭО елдерінің көлік инфрақұрылымы геосаясаттың, экономиканың және технологиялардың сыни шақырыстарына тап бола отырып, белсенді трансформациялау сатысында тұр. Алайда перспектива оптимистік болып қала береді: өңір бірлескен бастамалардың, цифрландырудың және халықаралық ынтымақтастықтың арқасында әлемдік көлік жүйесінің түйінді торабы бола алады", — деп атап өтті сөзінің соңында Арзыбек Кожошев. 
13 қазанның 2025 ЕЭК үшінші тараптардың ЕАЭО-ға және оған мүше мемлекеттерге қатысты шектеу шараларының тізілімін өзектілендірді Еуразиялық экономикалық комиссия жүргізетін тұрақты мониторинг нәтижелері бойынша "Сауда" порталында үшінші тараптардың Еуразиялық экономикалық одаққа және оған мүше мемлекеттерге қатысты шектеу шаралары тізілімінің жаңартылған версиясы жарияланды. Қазіргі уақытта тізілімде ЕАЭО сыртқы саудасына тосқауыл болуы мүмкін 280 шара тіркелген. Салалық ынтымақтастықты дамыту және Моңғолиямен өзара саудадағы тосқауылдарды анықтау мәселелері бойынша жақында өткізілген семинар шеңберінде жаңа сауда тосқауылы тіркелді. Шектеу Моңғолиядан стратегиялық азық-түлік тауарларын (бидай ұны, бидай тұқымы, ауыз су, сүт және мал еті) импорттауға рұқсат беруге байланысты тәртіпті қолдануға қатысты. Бұл ретте Өзбекстан акциздерге қатысты әкімшілік шараның ішінара күшін жойды. Импортталатын ақ қантқа акциз салығы 2025 жылғы 1 қазаннан бастап жойылды. Комиссияның Еуразиялық экономикалық комиссия мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің 2024-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-шараларының жасасылған жоспары шеңберінде шектеу шараларының күшін жою бойынша Өзбекстан Республикасымен тұрақты диалог жүргізіп келе жатқанын атап өткен жөн. Комиссия үшінші елдермен саудадағы шектеу шараларын анықтау және жою жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Шектеу шарасы туралы Еуразиялық экономикалық комиссия порталындағы арнайы нысан арқылы хабарлауға болады.
10 қазанның 2025 Данияр Иманалиев: "Қазіргі заманғы технологиялар ЕАЭО-да статистиканың сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді" ЕЭК штаб-пәтерінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Данияр Иманалиевтің басшылығымен өткен бейінді Консультативтік комитеттің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі статистика саласының басты құжаттары қаралды. Олардың арасында – Еуразиялық экономикалық комиссияның 2026 жылға арналған Статистикалық жұмыстарының бағдарламасы, Еуразиялық экономикалық одақтың статистика саласындағы интеграцияны дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасы және ЕАЭО статистикасы саласындағы интеграцияны дамыту жөніндегі 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспары бар. Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары Комиссияға ұсынатын статистикалық көрсеткіштердің өзектілендірілген тізбесі және оларды ұсынудың 2026 жылдан бастап пайдаланылатын нысандары мақұлданды. ЕАЭО-да статистикалық ақпаратты қалыптастыру үшін жаңа ақпарат көздерін, атап айтқанда әкімшілік деректерді пайдалану туралы ақпарат таныстырылды. ЕЭК министрінің сөзінше, статистикалық байқаулардың жаңа құралдарын ендіру Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға ықпал ететін болады. "Қазіргі заманғы технологиялар ұлттық деңгейде де, ЕАЭО деңгейінде де басқа көздер есебінен қолжетімді ақпарат спектрін едәуір кеңейтуге және статистика сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Комиссия ОДМ мәселелері және үлкен деректерді қоса, жаңа дерек көздерін пайдалану бойынша халықаралық ұйымдармен және интеграциялық бірлестіктермен белсенді өзара іс-қимыл жасайды", — деп атап өтті ЕЭК министрі. ЕАЭО елдері арасындағы өзара тауар саудасы статистикасының 2024 жыл ішіндегі "айналы" деректерін салғастыру қорытындылары қаралды, сондай-ақ 2026 жылы деректерді салғастыру бойынша сарапшылардың екіжақты кездесулерін өткізу кестесі қалыптастырылды. Электрондық сауда тауарларының экспорты (импорты) көлемі туралы ресми ақпаратты қалыптастыру үшін ЕАЭО мемлекеттерінің тауарларымен сыртқы сауданың кедендік статистикасын жүргізу әдіснамасына өзгерістер енгізу мақұлданды. Қаржылық статистика көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша әдіснама жобаларына, сондай-ақ ЕАЭО ашық деректері үшін SDMX Еуразиялық тіркелімін пайдалану кезінде уәкілетті органдардың халықаралық стандартты қолдануы жөніндегі ұсынымдарға қолдау көрсетілді. 
10 қазанның 2025 Максим Ермолович Өзбекстанның Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің басшысы Халилилло Турахужаевпен келіссөздер жүргізді Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович 9 қазанда Ташкентте Өзбекстан Республикасының Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Халилилло Турахужаевпен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар бәсекелестік саласындағы өзара іс-қимылдың түйінді мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, бірлескен консультациялар, форумдар мен семинарлар өткізу, цифрлық платформаларды реттеу бойынша тәжірибе, талдамалық материалдар және таңдаулы практика ауысу перспективасы қаралды. Кездесу қорытындысы бойынша сарапшылық өзара іс-қимылды жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. 2020 жылғы желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес Өзбекстан Республикасына Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін берді.
Тағы да көрсету