тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 6972

16 қазанның 2025 ЕЭК өткізу пункттерінде цифрлық технологияларды пайдалану туралы семинар ұйымдастырды 16 қазанда ЕЭК штаб-пәтерінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдовтың төрағалық етуімен "Интеллектуалдық өткізу пункттері. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің кеден органдарындағы цифрландыру" халықаралық семинары болып өтті. Іс-шараға халықаралық ұйымдардың, ЕАЭО мемлекеттері мен Өзбекстан Республикасының кеден қызметтерінің, навигациялық пломбаларды пайдаланып тасымалдарды қадағалап отыру операторларының, бизнес пен іскерлік қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Семинарға қатысушылар кедендік шекарадағы интеллектуалдық өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыруға, халықаралық ынтымақтастыққа және таңдаулы әлемдік практиканы пайдалануға бағытталған қазіргі заманғы технологиялар мен шешімдерді талқылады. "Заттар интернетін, үлкен деректерді, жасанды интеллекті пайдалану және "ақылды" өткізу пункттерін құру сияқты жаңа үрдістер ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеден қызметтері үшін жаңа көкжиектер ашады. Бұл инновациялар кедендік бақылаудың сапасы мен тиімділігін арттыра отырып, сыртқы экономикалық қызметтің адал және заңға бағынатын қатысушыларына жәрдемдесе отырып, тауарлардың шекара арқылы өтуін жеделдетуге мүмкіндік береді", – деп атап көрсетті Руслан Давыдов. ЕЭК кеден блогының басшысы Комиссияға Одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерін жабдықтауға және жайластыруға қойылатын типтік талаптарды бекіту құзыреті берілгенін еске салды. Қазіргі уақытта қолданыстағы талаптарды өзектілендіру бойынша, соның ішінде жоғарыда көрсетілген озық технологияларды қолдану қажеттігін ескере отырып, белсенді жұмыс жүргізілуде. "Біздің көршілеріміз осыған ұқсас бағытта қозғалып келеді, бүкіл әлем қозғалуда. Бақылау рәсімдерін автоматтандыру – бұл мемлекеттер үшін, жеке ойыншылар үшін — екі жаққа да қолайлы процесс, нәтижесінде біздің Одақтың бәсекеге қабілеттілігін арттырады", — деп атап өтті Руслан Давыдов.   
14 қазанның 2025 Әзербайжаннан және ҚХР-дан әкелінетін алюминий таспаға арналған демпингке қарсы баж қайталап тергеп-тексеру уақытына орай ұзартылды Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Әзербайжан Республикасында және Қытай Халық Республикасында шығарылатын алюминий таспаға қатысты демпингке қарсы бажды қоса алғанда 2026 жылғы 29 маусымға дейін ұзартты. Қолданылатын шараның мерзімі 2025 жылғы 23 қазанда аяқталуға тиіс еді. Алайда ЕЭК Ішкі нарықты қорғау департаментінің атына арыз келіп түсіп, оны қарау нәтижелері бойынша 2025 жылғы 30 маусымда демпингке қарсы қайталап тергеп-тексеру басталды. ЕЭК сауда блогында: "ЕАЭО нормативтік базасында қолданыстағы демпингке қарсы шараны қолдану мерзімін қайталап тергеп-тексеру өткізу кезеңіне ұзарту көзделген, ол басталған күнінен бастап 12 ай ішінде аяқталуға тиіс" екендігін еске салды. Әзербайжаннан және ҚХР-дан әкелінетін алюминий таспасына қатысты демпингке қарсы баж Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2020 жылғы 22 қыркүйектегі № 115 шешіміне сәйкес белгіленген болатын. Баж мөлшері Әзербайжаннан шыққан алюминий таспаға қатысты кедендік құнның 16,18%-ын және ҚХР-дан шыққан алюминий таспаға қатысты кедендік құнның 13,14%-ын құрайды. 
14 қазанның 2025 Бизнес үшін оң серпім: ЕАЭО-да көрсетілетін қызметтердің өзара саудасы мен тікелей инвестициялар көлемі өсті Еуразиялық экономикалық комиссия экономикалық интеграцияның Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі бизнесті жүргізу жағдайларына әсерін оң бағалады. 2024 жылғы мониторинг қорытындысы бойынша тиісті баяндаманы ЕЭК Алқасы 14 қазанда мақұлдады. Баяндама деректеріне сәйкес ЕАЭО-да орнықты оң серпін байқалады. Негізгі көрсеткіштердің бірі — Одақтың ішкі нарығындағы кедергілердің қысқаруы: бір жыл ішінде олардың саны 46-дан 36-ға дейін, яғни 20%-дан астам азайды. Бұл кәсіпкерлер үшін өткізу нарықтарының қолжетімділігін арттыруға тікелей ықпал етеді және өзара сауда мүмкіндіктерін кеңейтеді. Түпкілікті нәтиже көрсеткіштерінің мәні бойынша да оң үрдіс тіркелді. Мәселен, Одақ елдері арасындағы көрсетілетін қызметтердің өзара саудасының көлемі 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда 16% өсті. Егер 2022 жылғы базалық мәнмен салыстырсақ, екі жыл ішінде өсім 42% құрады. Бұдан басқа, интеграциялық процестер инвестициялық белсенділікті ынталандырады. Мүше мемлекеттерде жинақталған өзара тікелей инвестициялар көлемі 2022-2024 жылдары 17% өсті. "Ұсынылған цифрлар жай ғана статистика емес, бұл біздің интеграцияны тереңдету жөніндегі бірлескен жұмысымыздың шынайы жеміс бергендігінің тікелей дәлелі. Тосқауылдардың азаюы, көрсетілетін қызметтер саудасының өсуі және өзара инвестициялардың ұлғаюы біздің бүкіл Одақтың орнықты экономикалық дамуы үшін берік негіз қалыптастырады. Біз әрбір кәсіпкер ЕАЭО-ның ортақ нарығында өз әлеуетін толық шамасында іске асыра алатын жіксіз экономикалық орта құру бағытын жалғастырамыз", — деп атап өтті ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов. 
Тағы да көрсету