Жаңылыктар

13.05.2021

1 шілдеден ЕАЭО елдерінің «Шекарасыз жұмыс» цифрлық жобасы бастау алады

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің бірінші бірлескен цифрлық жобасы — «Шекарасыз жұмыс» біріздендірілген іздеу жүйесі» жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға қосу 1 шілдеге белгіленген. Жобаны іске асыру кезеңдерін, ЕАЭО-да жұмысқа орналасу және жұмыспен қамту жөніндегі цифрлық экожүйе қалыптастыруды одан әрі дамыту перспективаларын Еуразиялық экономикалық комиссияның Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі министрі Гегам Варданян мен Ресей Экономикалық даму министрінің орынбасары Дмитрий Вольвач 12 мамырда ЕЭК штаб-пәтеріндегі кездесуде талқылады.

«Шекарасыз жұмыс» жобасы – Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ұлттық ақпараттық жүйелерінде қамтылған бос жұмыс орындары мен вакансияларды іздеушілер туралы ақпаратқа қол жеткізуге арналған іздеу жүйесі. Жоба цифрлық құралдардың көмегімен Одақ шеңберінде еңбек нарықтарының өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге, ЕАЭО-ның барлық елі бойынша түйіндемелер және вакансиялар іздеу үшін мүмкіндіктерді қосу есебінен ұлттық ақпараттық жүйелердің функционалын кеңейтуге бағытталған.

«Шекарасыз жұмыс» жобасының ерекшеліктерінің бірі — базаларды біріктірмей, бөлінген архитектураны пайдалану. Жобада қолданылатын технология, бір жағынан, вакансиялар мен түйіндемелер бойынша ақпаратқа қажетті қол жеткізуді, екінші жағынан, дербес деректерді қорғау туралы заңды сақтауды қамтамасыз етеді, оның үстіне ақпаратты трансшекаралық беру мен сақтау орын алмайды.

ЕЭК министрі Гегам Варданян пандемияға байланысты күрделі жағдаятқа қарамастан жобаны белгіленген мерзімде іске асыруға қол жеткенін атап өтті.
«Ол бастау алған сәттен бері барлық ұйымдастыру шаралары орындалды, Одақ елдерінің еңбек заңнамасы саласындағы нормативтік-құқықтық құжаттардың үлкен көлемі талдаудан өткізілді, типтік бағдарламалық қамтылым жасалды, Одақтың бес елінің бәрінде интеграциялық жұмыстар, тестілеудің барлық түрі жүргізілді, барлық ұлттық құрауыштардың қатысуымен тәжірибелік пайдалануға беру жүзеге асырылды. Жүйені ендіру нәтижесінде Одақтың еңбек нарықтарының өзара іс-қимылы кеңеюде. Қазір Одақ елдерімен сервистерді әзірлеу жұмысы жүргізілуде, бұл ЕАЭО азаматтарының жұмысқа орналасуын және жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету жөніндегі толық мәніндегі цифрлық экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деп атап көрсетті ол.
«Жоба өте дер кезінде іске қосылып отыр деп санаймын. ЕАЭО елдерін пандемия салдарынан біртіндеп қалпына келтіру экономиканың перспективалы секторларына білікті кадрларды тартуды талап ететіні сөзсіз. Вакансияларды іздеу және кандидаттардың түйіндемелері бойынша бірлескен цифрлық өнімді іске қосу ЕАЭО-ның экономикалық жағынан белсенді халқының жұмылғыштығын арттыруы және еңбек нарығын теңгерімдеуі мүмкін», — деп атап өтті Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрінің орынбасары Дмитрий Вольвач.
Ол қолайлы платформалық шешімдер жасау, бизнес жүргізу үшін тосқауылдарды жоюды мақсат тұтатын бизнес-процестерді цифрландыру және ЕАЭО кеңістігінде адамдардың өмір сапасын жақсарту – сөзсіз Одақтың басымдықтары екенін де атап көрсетті.
ЕЭК министрі Гегам Варданянның сөзінше, «Шекарасыз жұмыс» іздеу жүйесі» — Комиссияның, Одақ елдері уәкілетті мемлекеттік органдарының, сондай-ақ ұлттық құрауыштар операторларының арасындағы белсенді әрі тығыз ынтымақтастықтың жарқын мысалы.


Анықтама:
Жобаны іске қосу Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2019 жылғы 9 қыркүйектегі № 89 шешімімен мақұлданған.