тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 7015

21 қарашаның 2025 Валентин Татарицкий: "Одақтың техникалық регламенттерін біркелкі қолдану – техникалық реттеудің бірыңғай жүйесіне деген сенімді қамтамасыз етудің маңызды құралы" Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Валентин Татарицкий 20 қарашада Минскіде ЕАЭО Сотының халықаралық конференциясының пленарлық сессиясында Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерін мүше мемлекеттерде біркелкі қолданудың қажеттілігі мен маңыздылығы, одақтық органдардың техникалық реттеу процестеріндегі рөлі туралы айтты. "Еуразиялық экономикалық кеңістікте техникалық реттеудің бірыңғай жүйесін құру – біздің базалық құралымыз. Тікелей әрекет ететін құжаттар мәртебесіне ие бола отырып, ЕАЭО техникалық регламенттері өндірушілер, импорттаушылар мен тұтынушылар арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеу жүйесін құрып қана қоймай, сонымен бірге, кооперациялық және сауда байланыстарының негізіне, өзара сауданың талапшарттары туралы мемлекетаралық уағдаластықтың нысанасына айналды", – деп атап өтті Валентин Татарицкий. ЕЭК министрі ЕАЭО шеңберінде техникалық реттеудің бірыңғай жүйесі актілеріндегі құқықтық олқылықтарды жоюдың жаңа шешімдерін сөз етті. Бұл ретте ол техникалық регламенттер нормаларын қолдануда біркелкілікке қол жеткізу құралдарына айрықша назар аударды. Валентин Татарицкийдің сөзінше, техникалық регламенттің мазмұнын дер кезінде жариялап, орындаушыларға жеткізу, ЕАЭО немесе нақты мүше мемлекет деңгейінде шешімдерді талап ететін проблемалық жағдаятты анықтауға мүмкіндік беретін кері байланыс механизмі ретінде пайдаланылатын техникалық регламенттерді қолдану мониторингі – Одақтың 2024-2025 жылдары күшіне енген техникалық регламенттері мен оларға орайлас стандарттар тізбесінің ғылыми-техникалық деңгейін міндетті кезеңдік бағалау рәсімімен толықтырылды.  "Мұндай бағалау біздің елдерімізде қауіпсіздік талаптарының жоғары деңгейін сақтауға бағытталған", – деді ЕЭК министрі.  Қазір Комиссия мүше мемлекеттермен бірлесіп Одақтың техникалық регламенттерін қолдану бойынша түсіндірмелер дайындау тәртібімен жұмыс істеу үстінде. "Осы жылдың желтоқсан айында Комиссия Алқасы тәртіп жобасын қарауға тиіс. Біз техникалық регламенттердің ережелерін қолдану бойынша түсіндірмелерді дайындау рәсімі Одақтың техникалық регламенттерін қолдануға қойылатын бірыңғай тәсілдемені қамтамасыз етудің тағы бір маңызды және сұранысқа ие құралы болады деп ойлаймыз. Ол қазіргі бар техникалық реттеу жүйесіне толығымен кірігеді және оны "қайта ыңғайластыруға" ықпал етеді", – деп нақтылады Валентин Татарицкий.
21 қарашаның 2025 Гоар Барсегян: "ЕАЭО жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосуда" Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегян Римде Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) штаб-пәтерінде осылай деп мәлімдеді. "Жаһандық азық-түлікпен қамтамасыз етудің маңыздылығын тани отырып, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері әлемдік аграрлық нарыққа жоғары сапалы өнім беру арқылы аштыққа қарсы күреске елеулі үлес қосуда. Одақ бидайдың, күнбағыс майының және мұздатылған балықтың әлемдік жетекші экспорттаушысы, шамасы жағынан бидай ұны мен рапс майының екінші ірі экспорттаушысы, арпа мен шрот бойынша үшінші экспорттаушы болып табылады", – деп атап өтті ЕЭК министрі.  Гоар Барсегян ФАО бас директорының бірінші орынбасары Маурицио Мартинмен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар АӨК-дегі өзара іс-қимылдың, соның ішінде мүше мемлекеттер экономикасының тұрақты дамуы үшін жағдай жасау, аграрлық секторды жан-жақты жаңғырту, кооперация және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі перспективалық бағыттарын айқындады. ЕЭК министрінің ЕАЭО елдерінің ФАО жанындағы дипломатиялық өкілдіктерінің және Римдегі басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларымен жұмыс кездесулері барысында агроөнеркәсіптік кешендегі интеграцияны тереңдетудің перспективалы бағыттары мен мәселелері талқыланды.  "Бестік" елдерінің бірлескен іс-қимылы әлемде туындайтын сыни шақырыстарға қарсы тұруға және Одақтың жаһандық азық-түлікпен қамтамасыз ету саласындағы маңызды әріптес ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Еуразиялық экономикалық комиссия мүше мемлекеттермен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, жұрттың бәрі үшін неғұрлым орнықты, тұрақты, инклюзивті және аштықтан азат болашаққа қол жеткізу мақсатында өңірлік ұйымдармен және елдермен стратегиялық әріптестікті жалғастыруға әрі тереңдетуге дайын", – деп атап көрсетті Гоар Барсегян.  Гоар Барсегянмен жұмыс кездесулеріне ЕАЭО елдерінің дипломатиялық миссияларының басшылары және ФАО-ға мүше 20-дан астам мемлекеттің өкілдері қатысты.  Іс-шара Беларусь Республикасының 2025 жылғы ЕАЭО органдарына төрағалығы шеңберінде ұйымдастырылды. 
21 қарашаның 2025 ЕЭК пен ЕАЭО мемлекеттері УЭО үшін оңайлатуды кеңейтудің жаңа шараларын талқылады 19-20 қарашада ЕЭК Кеден заңнамасы және құқық қолдану практикасы департаментінің директоры Қуат Рахимовтың басшылығымен Кедендік реттеу жөніндегі консультативтік комитет жанындағы жұмыс тобының отырысы өтті. Уәкілетті экономикалық операторлар (УЭО) үшін оңайлатуларды кеңейтуге және оларды қолдану практикасына баса назар аударылды. Тараптар өткізу пункттерінде тауарлар шығару мүмкіндігімен операторлар үшін алдын ала декларациялауды оңтайландыру, сондай-ақ кеден органының рұқсатынсыз УЭО алаңдарында кеден қоймасының рәсіміне сәйкес орналастырылған тауарларға қатысты операциялар жүргізу жөніндегі ұсыныстарды талқылады. Қамтамасыз етуді ұсынбай кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеуде УЭО-ны қолдану мүмкіндігі туралы бастаманы талқылау жалғастырылды. УЭО және үшінші тұлғалардың қатысуымен көпжақты мәмілелер шеңберінде өткізілетін тауарларды декларациялау кезінде оңайлату қолдану ерекшеліктері қаралды. Сарапшылар операторлардың ыңғайлылығы мен оңайлатуларды заңсыз пайдалануды болдырмау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету үшін осы мәселені қосымша талдау қажеттігін атап өтті. Уәкілетті экономикалық оператор институты бизнес пен кеден органдарының өзара іс-қимылының халықаралық танылған құралы болып табылады. УЭО мәртебесі компанияларға белгіленген талаптарға сәйкес бірқатар жеңілдік береді. УЭО институтын дамыту жөніндегі жұмыс тобы 2014 жылы құрылды және ЕАЭО шеңберінде оны жетілдіру бойынша ұсыныстарды қалыптастырумен айналысады.
20 қарашаның 2025 Арзыбек Кожошев түйінді сыни шақырыстарды және ТМД елдері энергетикасының даму жолдарын атап айтты Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев Мәскеудегі халықаралық форум шеңберіндегі "Әлемдік энергетикалық нарық – орнықты даму мақсатына орай болашаққа көзқарас" сессиясында ЕЭК-тің тиісті саладағы БҰҰ Орнықты даму мақсаттарын іске асыруына орайлас тәсілдемелерін ұсынды.   Пікірсайысқа қатысушылар таяу жылдардағы әлемдік энергия нарығының даму перспективалары туралы бірқатар маңызды мәселені, соның ішінде энергетика трансформациясының макроэкономикаға әсерін, жаңартылатын энергия көздеріне қызығушылықтың артуын, энергия ауысудың экономикалық тиімділігін, елдер және бизнес үшін тәуекелдер мен мүмкіндіктерді талқылады. Сессия спикерлері өзекті сыни шақырыстарға, стратегиялық басымдықтарға және ТМД мемлекеттері дамуының бағыттарына айрықша назар аударды. "Барлық қазіргі заманғы және сенімді энергия көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуге қатысты 7-ОДМ біздің жұмысымыздың негізі болып табылады. Энергетикалық қауіпсіздік, ресурстардың қолжетімділігі және экологиялық орнықтылық ЕАЭО елдерін дамытудың негізгі бағдары болып қала береді. Экологиялық орнықтылық жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту және энергия үнемдейтін технологияларды ендіру арқылы қоршаған ортаға әсерді азайтуды бағамдайды", – деп атап көрсетті Арзыбек Кожошев. ЕЭК министрінің пікірінше, "бестік" мемлекеттері Еуразиялық интеграцияның артықшылықтарын пайдалана отырып, энергетикалық сектордың жаһандық трансформациясының сыни шақырыстарына дәйекті түрде жауап береді. Таяудағы жылдары іске қосылуы күтілетін электр энергиясы, газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары кезең-кезеңімен қалыптасуда. "Энергетикалық қауіпсіздікке қойылатын талаптардың артуы және экономика қажеттіліктерінің өсуі энергия көздерін әртараптандыруды дамудың түйінді факторына айналдырады. Бұл ретте баламалы энергетиканы дамыту бүкіл Еуразиялық өңір үшін орнықты және теңгерімделген энергетикалық модельді қамтамасыз ете отырып, дәстүрлі генерацияның сенімді әлеуетіне сүйенуге тиіс", – деп қорытындылады ЕЭК министрі.
20 қарашаның 2025 Руслан Давыдов: "Кедендік реттеуді цифрландыру – Еуразиялық экономикалық интеграцияны тереңдетудің кілті" ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов "Интеграция" VII Еуразиялық іскерлік форумының пленарлық отырысында сөз сөйлеп, кедендік реттеуді цифрландырудың Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытуға әсері туралы баяндамасын ұсынды. ЕЭК министрі цифрлық кедендік технологияларды ендіру сыртқы сауда қызметінің талапшарттарын жеңілдетуге, ашықтықты арттыруға және ЕАЭО елдерінің тауар айналымын жеделдетуге ықпал ететінін атап көрсетті. "ЕАЭО елдерінің сыртқы сауда көлемі 2024 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 22% ұлғайды", – деп атап өтті Руслан Давыдов.  ЕЭК министрінің сөзінше, сыртқы факторларға қарамастан цифрлық кедендік жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуі маңызды, өйткені бұл ЕАЭО мемлекеттерінің технологиялық тәуелсіздігінің түйінді элементі. Сондай-ақ, Руслан Давыдов цифрлық кедендік технологияларды, соның ішінде ТМД елдері мен ЕАЭО мысалында қолданудың үздік әлемдік практикасы туралы айтып берді. "ЕАЭО бірыңғай кедендік аумағының сыртқы контурындағы өткізу пункттерінде барған сайын белсенді қолданылып келе жатқан жүк көлік құралдарын ағындық сканерлеу жүйелері кедендік операциялардың жасалу жылдамдығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Оларды ендіру логистиканы дамыту және бақылаушы органдардың жұмыс сапасын арттыру мақсатында өткізу пунктінде жиналатын үлкен деректерге кешенді талдау жүргізу үшін жағдайлар жасауға ықпал ететін болады", – деп хабарлады ЕЭК министрі. Сөзінің соңында Руслан Давыдов форумға қатысушыларды ЕАЭО-да электрондық навигациялық пломбаларды қолдану бойынша 2025 жылғы 26 қарашада Мәскеуде өтетін ЕЭК конференциясына қатысуға шақырды. Бұл конференция 2026 жылғы 11 ақпаннан бастап ЕАЭО аумағы бойынша тасымалдарды қадағалап отыру үшін пломбаларды қолдануды іске қосу қарсаңында тәжірибе ауысудың және өзекті мәселелерді талқылаудың тағы бір мүмкіндігі болады.
Тағы да көрсету