тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 6956

14 қазанның 2025 Еуразиялық логистика күнінде кедендік реттеудің ЕАЭО-дағы логистиканың дамуына әсері талқыланды Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов Еуропалық бизнес қауымдастығы мен Трансеуразиялық тасымалдар жөніндегі үйлестіру кеңесі ұйымдастырған "Еуразиялық логистика күні" халықаралық форумының пленарлық сессиясына қатысты. Ол өз сөзінде Комиссияның кеден блогының Еуразиялық логистиканы дамытуға жәрдемдесу жөніндегі жұмысы туралы жан-жақты айтып берді. "Навигациялық пломбаларды ендіру, Кедендік транзиттің бірыңғай жүйесі туралы келісімді іске асыру – Еуразиялық экономикалық одақ аумағы бойынша тасымалды дамытуға ықпал ететін маңызды қадамдар", – деп атап көрсетті ЕЭК министрі.  Руслан Давыдов дайындықтың соңғы сатысында тұрған ЕАЭО Кеден кодексіне түзетулер пакеті бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын көрсететінін және ЕАЭО-ның логистикалық әлеуетін арттыратын нормаларды қамтитынын айтты. Бұлардың ішінде контейнерлерді декларациялаудың күшін жою, электрондық құжаттарды қолдануды кеңейту, каботаждық және контрейлерлік тасымалдарды реттеу бар. ЕЭК кеден блогының басшысы Одақтың транзиттік тартымдылығын дамыту үшін шекаралық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына назар аударды. Ол Комиссияның өткізу пункттерін жайластыруға және жарақтандыруға қойылатын бірыңғай міндетті талаптарды қалыптастыру жөніндегі жұмысының маңыздылығын атап көрсетті.  "Өткізу пункттерінде цифрлық технологияларды пайдалану кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы ақпаратты жылдам өңдеуге және бақылау рәсімдерінің уақытын қысқарту есебінен мұндай өткізу көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Осы жұмыстың маңыздылығын ескере отырып, ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің үйлестіріле дамуын өрістету ЕАЭО шеңберінде экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияны іске асыру жөніндегі жоспарға да енгізілген", – деп атап өтті ЕЭК министрі.
14 қазанның 2025 ЕАЭО ҚХР-дан әкелінетін алюминий жұқалтырға және титан қостотығына қатысты демпингке қарсы шара қолданады Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің тапсыруын орындау үшін Қытай Халық Республикасынан әкелінетін алюминий жұқалтыр мен титан қостотығына қатысты демпингке қарсы бажды бес жыл мерзімге енгізу туралы шешім қабылдады. Ставкалар тиісінше 17,16-20,24% және 14,27-16,25% мөлшерінде айқындалды. Бұл ретте жұқалтыр бойынша өндіруші Xiamen Xiashun Aluminium Foil Co., Ltd. қабылдаған баға міндеттемелері мақұлданды, бұларды орындаған жағдайда тиісті тауарларға демпингке қарсы баж төленбейтін болады. Өз кезегінде титан қостотығы бойынша LB тобы (дәлірек айтқанда LB Group Co., Ltd., Henan Billions Advanced Material Co., Ltd., LB Lufeng Titanium Industry Co., Ltd., LB Sichuan Titanium Industry Co., Ltd. LB Xiangyang Titanium Industry Co., Ltd.) компанияларының, сондай-ақ Shandong Dawn Titanium Industry Co., Ltd. компаниясының баға міндеттемелері мақұлданды. Осымен бір мезгілде әкелудің жыл сайынғы көлемі белгіленді, оның шеңберінде демпингке қарсы баж алынбайды. "Жұқалтыр жағдайында аталған көлемдер Беларусь Республикасы үшін – 385 тонна, Қазақстан Республикасы үшін – 2025 жылы 500 тонна, 2026 жылы 1 000 тонна, 2027 жылы 1 300 тонна, 2028 жылы 1 500 тонна, 2029 жылы 1 650 тонна, 2030 жылы 1 650 тонна, Қырғыз Республикасы үшін – 325 тонна құрауға тиіс. Титан қостотығы жағдайындағы сөз Армения Республикасы үшін 250 тонна, Беларусь Республикасы үшін 4 500 тонна, Қазақстан Республикасы үшін 5 000 тонна және Қырғыз Республикасы үшін 300 тонна туралы болып отыр", — деп нақтылады ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.  Мүше мемлекеттер үшін белгіленген жыл сайынғы көлемдер шегінде (баға міндеттемелері шеңберінен тыс) демпингке қарсы баж төлемей осы тауарларды әкелу олардың нысаналы мақсаты расталған кезде жүзеге асырылатын болады. Шешімдер ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
14 қазанның 2025 Әзербайжаннан және ҚХР-дан әкелінетін алюминий таспаға арналған демпингке қарсы баж қайталап тергеп-тексеру уақытына орай ұзартылды Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Әзербайжан Республикасында және Қытай Халық Республикасында шығарылатын алюминий таспаға қатысты демпингке қарсы бажды қоса алғанда 2026 жылғы 29 маусымға дейін ұзартты. Қолданылатын шараның мерзімі 2025 жылғы 23 қазанда аяқталуға тиіс еді. Алайда ЕЭК Ішкі нарықты қорғау департаментінің атына арыз келіп түсіп, оны қарау нәтижелері бойынша 2025 жылғы 30 маусымда демпингке қарсы қайталап тергеп-тексеру басталды. ЕЭК сауда блогында: "ЕАЭО нормативтік базасында қолданыстағы демпингке қарсы шараны қолдану мерзімін қайталап тергеп-тексеру өткізу кезеңіне ұзарту көзделген, ол басталған күнінен бастап 12 ай ішінде аяқталуға тиіс" екендігін еске салды. Әзербайжаннан және ҚХР-дан әкелінетін алюминий таспасына қатысты демпингке қарсы баж Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2020 жылғы 22 қыркүйектегі № 115 шешіміне сәйкес белгіленген болатын. Баж мөлшері Әзербайжаннан шыққан алюминий таспаға қатысты кедендік құнның 16,18%-ын және ҚХР-дан шыққан алюминий таспаға қатысты кедендік құнның 13,14%-ын құрайды. 
Тағы да көрсету